Өлең, жыр, ақындар

Тотан батыр

Ерте, ерте, ертеде Құбахан деген хан екен, малының саны жоқ екен. Хандығының көлемі- жеті айшылық жол екен. Құбахан жалғыз ұл көреді, ұлының атын Тотан қояды. Ұл туғанда бір биесі қоса құлындапты. Ол құлынды ұлына арнапты. Құбахан бір күні түс көреді. Түсінде: «Тұр! Тотанның қайнына баратын кезі жетті. Еліңді жи, тойыңды жаса. Барса жолдас ерт, бармаса өзін жібер. Оның қайын атасының аты — Шынтемір хан, жарының аты-Күнікей. Күнікей-Шынтемір ханның жалғыз қызы. Жолы — жеті айшылық жол, аты, қару-жарағы сай болсын!» — дейді.

Хан ерте тұрып, елін жиып, көрген түсін айтады. Және той жасап, Тотанды Шынтемір ханның еліне жібермекші болады. Бірақ сонша алыс жолға ешбір адам жолдас болып баруға жарамайды. Тотан жалғыз кететін болады. Тотанға көк тұлпарды мінгізеді. Жолына ақсарбас шалып аттандырып, бірнеше күншілік жерден жолдастары кері қайтысады.

Тотан жолын дұрыс білмесе де, түс көрген атасы, «күннің батысына қарай жүре берсе табады» — деген бағытпен жүріп келеді. Күндерде бір күні жалғыз үйге кезігеді. «Жол сұрайын» — деп тыстан дауыстайды. Үйдің ішінен бір жалмауыз кемпір шығады. Жөн сұраған Тотанға: «Аттан түс, сені жеймін, бұл жолмен ешбір адам баласы жүруге тиіс емес», — деп кәрленеді. Тотан: «Мен жаспын, үйленейін, қызық көрейін, қайтарда Күнікейді саған әкеліп берейін. Мені жіберіңіз!» — деп жалынады. Кемпір Тотанның тілегін қабыл алып, дұрыс жолға сілтеп қоя береді. Тотан одан ары жүре береді.

Күндерде бір күні Тотан қалың орманға кездеседі. Жүріп келе жатса, сауысқандарды білдірмей ұстап алып, құйрық қанатын жұлып алып қоя беріп, ермек жасап жүрген бір адамды көреді. Тотан келіп сәлем беріп, амандасады. Жүрісін түсіндіреді. Бұл адам көз байлаушы адам екен. Жұмысы болмағансын, сауысқанның көзін байлап, ермек жасап жүр екен. Ол кісі Тотанға: «Ұлықсат етсеңіз, сізге жолдас болып, барып қайтайын, қызық көрейін!» — деп тілек білдіреді. Тотан ұлықсат етеді. Сонымен, екеуі жолдас болып одан әрі жүре береді.

Бірнеше күн жүріп, орманнан шығады. Ашық алаңда бір адам киіктерді қуып, ұстап жүр екен. Аяғына байлаған қазандай екі тасы бар. Тотандар бұл адамға келіп амандасады. Жөн сұрасады. Бұл Желаяқ деген жүйрік екен. Аяғына тас байламаса екпінімен тоқтай алмайды екен. Сонымен «сізге жолдас болып, қызық көріп қайтайын» деп, ол да Тотан батырға ілеседі.

Үшеуі жолдас болып жүре береді. Күндерде бір күні көл жағасында мылтық ұстап отырған адамға кездеседі. Жөн сұрасады. Бұл кісі атақты мерген екен. Атқан аңы бір тәулікте сол атқан мезгілінде түседі екен. Кеше бір аққу атқан екен, «ә» дегенше сол аққу түседі. Жөн-мәнісін білгеннен кейін, «мен де сізге жолдас болып, қызық көріп келейін», — деп бірге жүреді.

Енді бұлар төртеу болып келе жатады. Күндерде бір күн сортаң жерге тап болады. Жағалап жүріп келе жатса, бір адам жерге жабысып, құлағын төсеп тың тыңдап жатқанын көреді. Жөн сұрасып біліседі. Бұл адам атақты тыңшы екен. Оның білмейтіні жоқ. Оған жердің асты-үсті бәрі бірдей. Болған уақиғаны біліп отырады екен. «Қазір жер астында жеті ел соғысып жатыр, соны тыңдап жатыр едім», — дейді. Сөйлесе келе: «Мен де сізге жолдас болып, қызық көріп қайтайын», — деген тілегін айтады. Тотан мақұл көреді.

Енді бесеуі болып, ілгері жүре береді. Күндерде бір күні бұларға Ұлытау көрінеді. Жақындағанда таулар біріне-бірі соғылып, қозғалып тұрады. Бұлар таңданысып тұра қалады. Бәрі жақын баруға қорқады. Жолдастарын осы араға қойып, Тотан өзі барады. Егер бір жанжал бола қалса, жолдастары көмекке әзір тұрады.

Келсе, бұл тауды бір дәу мекен етеді екен. Оның үш баласы бар екен. Балалары еншіге таласады екен. Әкесі: «Олай болса, әрбіріңе күштеріңе қарай енші беремін. Қайсыңның күшің көп болса, өзімде қаласың!» — деп, тауды көтертіп тұр екен. Таудың бірдей болмауы себебі: әрқайсысының жасына, күшіне қарап өлшеп көтерткен екен. Тауды көбірек қозғап тұрған- кіші ұлы екен. Тотан барғансын жөн сұрасады. Олар еншілерін бөліседі. Дәудің кіші ұлы: «Мен де қызық көріп қайтайын», — деп Тотанға ереді.

Сонымен бұлар алтау болып жолға шығады. Ойын-сауықпен жүре береді. Сапар өте қызықты болады. Жүре-жүре бұлар Шынтемір ханның елінің шетіне ілінеді. Анықтап, сұрап біліседі.

Шынтемір ханның ордасына келіп хабарласып, қонақ үйге түседі. Қонақ үйде неше түрлі сауықшыл хандар бар екен. Сауық аспаптары да жеткілікті. Ханға хабар етіп, жөнін мәлім етуге кісі жіберіп, бұлар үйді-үйге бөлініп жата береді.

Күндерде бір күні хан бұларды шақыртып, Тотанның тілегін мақұлдап, Күнікейді белгілі шартпен бермекші болады.

— Еділ бойында Сахын деген қалмақтың ханы бар. Соны жаулап, жерін, суын, елін маған көндіріп бер. Қасыңа жолдас, астыңа ат берейін. Егер мұны орындамасаң, Күнікейді бермеймін! — дейді хан.

— Жарайды! — дейді Тотан. — Маған жолдастың керегі жоқ, өзімнің жолдастарым да осында жата берсін. Барғанша мініп баратын ат бер, өзімнің атым тынықсын, — дейді.

Хан «мақұл» деп бір қара тұлпар береді. Тотан қару-жарағын сайлап алып, жолдастарымен қоштасып, жолға шығады. Сол кеткеннен батыр бірнеше ай хабарсыз кетеді. Қалмақтың еліне барып, соғыс салады. Он жеті күнде қалмақ ханының әскерін қойдай қырып, өзін өлтіріп, елін көндіріп, Шынтемірге қаратып елге келеді. Қалмақ ханының басын Шынтемірдің алдына әкеліп тастайды. Хан разы болып, тойдың жабдығына кіріседі. Бірақ, ханның Батыр Барақ деген палуаны Күнікейге ғашық екен. Келіп ханды азғырады:

— Жалғыз басты, салт атты, сабау қамшылы бір балаға Күнікейді беріп жіберу жөн емес. Әлі де болса шарт қою керек. Күресте, ат бәйгесінде, алтын қабақ атуда, жаяу жарыста озып шықса алсын, әйтпесе, Күнікейді беруге болмас, — дейді. Хан Барақ батырдың сөзіне көніп, Тотанға бәсеке жайын түсіндіреді. Тотан:

— Мейлі, хан өзі білсін, мен бәрінен де қашпаймын, — дейді. Той басталады. Әуелі күрес басталады, бас балуанға хан жағынан батыр Барақ, Тотан жағынан дәудің баласы шығып, күреседі. Жарты күн күрескеннен кейін Тотанның балуаны жығады. Алтын қабақ атысады. Хан үш жүздей мерген шығарған екен. Біреуі де тигізе алмайды. Тотанның мергені атып түсіреді.

Ат бәйгесі басталады. Атты үш күншілік жердегі сары қазықтан жібереді. Хан үш жүздей көк мойын жүйрік шығарады. Тотан Көк тұлпармен өзі шабады.

Ат қайтты сары жазықтан шұбатылып,
Жалғызға қылсын Алла жәрдемшілік.
Сан қолдан, «ә» дегенде озып шықты
Тотанның қара көгі жалғыз шығып.
Аруағы ер Тотанның асады енді,
Қамшыны Көк тұлпарға басады енді.
Сан қолдан озып келген Көк тұлпарды
Көрген соң, Шынтемір хан сасады енді.

Сөйтіп, Тотан ат бәйгесінен де озып шығады.

Енді жаяу жарыс болады. Хан бір мыстан кемпір шығарады.

Тотан Желаяқты шығарады. Бұлар да жоғарыдағы ат жіберілген жерден жарыспақ болады. Мыстан кемпір: «шөлге ішетін су» деп, Желаяққа шарап беріп мас қылады. Ол мас болып, ұйықтап қалады. Мыстан жүгіріп кетіп қалады. Желаяқ, сол жатумен екі күн жатады. Үшінші күні тұрса, кемпір жоқ, кетіп қалған. Бұл, олардың ең соңғы жүгіретін, үшінші күні екен. Желаяқ мыстанның алдағанын біледі де, тұра жүгіреді. Сәске түстен асқанда кемпірдің қарасын көреді. Жерден бір уыс топырақ алады да, кемпірге жетіп келіп: «Әйт, кемпір!» — дегенде, мыстан жалт қарайды. Қолындағы топырақты мыстанның көзіне шашып жібереді. Кемпір көзін уқалап қалғанда, Желаяқ күтіп тұрған көпшілікке жүгіріп жетіп келеді. Хан жеңіледі. Күнікейді беретін болады. Бұлар жайғасып жата береді.

Күндерде бір күні Батыр Барақ қырық күймелі арба даярлап, оған екі қыз, бір делбеші мінгізіп, Күнікейді түнде алып қашады. Ертеңіне тыңшы біліп қалып, Тотанға айтады. Тотан: «Қаланы қырамын» — деп атына мініп, көшеге шығады. Бірақ көз байлаушы жүгіріп келіп жалынады:

— Елді бүлдірме, мен өзім алып келемін, — дейді. Сөйтіп, қуып жетіп, басқа күймедегілердің көзін байлап, Күнікейді алып келеді. Күнікей келгесін бұлар жолға шығады.

Бұлар ойнап-күліп келе жатады. Жолдастары әрбір өздерінің мекенінде қалмақ болады. Тотан мұңаяды. Жолда Күнікейді мыстан кемпірдің күтіп тұрғанын, оған берген уәдесін жолдастарына айтады. Жолдастары бірге мұңаяды. Ақырында ойлап-ойлап ақыл табады. Желаяқ жаннан асқан сұлу екен. Осы Желаяққа аттың құйрығынан шаш өреді. Мыстанға жақындағанда Күнікейді жолға қойып, барлық киімін Желаяққа кигізіп, «қыз» — деп кемпірге әкеліп береді. «Тотан Күнікейді алып, ұзап кетті-ау!» — деген кезде, Желаяқ: «Әже, далаға шығып келейін», — дейді. Желаяқ есіктен шыға қашады, жалмауыз тұра қуады.

Жалмауыз тұра қуды қашқаннан соң,
Етегін жия алмады сасқаннан соң.
Оралып етегіне үш жығылды
Сүрініп аяғына басқаннан соң.
Желаяқ келе жатыр құстай ұшып,
Жалмауыз үш жығылды жерді құшып.
Көйлегін ызаланып шешіп тастап
Қосылды мыстан зорға жолға түсіп.

Жалмауыз да жүйрік екен. Желаяқты састырады. Жаны қысылған Желаяқ кешегі артта қалған жолдастарына қарай қашты.

Көзбайлаушы жалмауыз мыстанның көзін байлай алмады. Тау көтеруші кемпірге бір кішірек тауды лақтырып еді, кемпір оған да жығылмады. Бұл жайды тыңшы біліп, мергенге хабарлады. Күтіп тұрған мерген ғана кемпірді атып өлтіреді. Желаяқты ажалдан құтқарады.

Тотан Күнікейді алып еліне келеді. Құбахан хан үлкен той жасап, хандығын береді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз