Өлең, жыр, ақындар

Қараүйрек

Баяғы өткен заманда бір жарлы кемпір мен шал болыпты. Оның үш баласы болыпты. Ең кішісі — Қараүйрек екен. Ол өзі батыр әрі білімді болыпты.

Күндердің күнінде кемпір мен шал дүниеден өтіпті. Сонда үш баласы не істерін білмей, күн көру үшін кәсіп іздеп, жолаушы шығыпты. Келе жатса, жол үш айрылыпты. Алдындағы көлденең тақтайда жазу бар екен. Оқыса: «Ей, үш адам, үшеуің бір жүрсең жолың болмайды», — деген жазуды көреді. Туыс деген қандай, үш жолмен бөлінгенде туыстар құшақтасып, жылап айрылысады. Және: «Қайда жүрсек те бірімізді біріміз ұмытпайық», — деп айрылысады.

Сонымен, екі ағасы өз жолдарымен кетеді. Қараүйрек өз жолымен келе жатса, алдынан бір ақ отау көрінеді. Ақ отауға кіріп келсе, ай мен күндей жайнаған бір қыз отыр. Бірақ, қыздың аузы түйреуішпен түйреулі екен. Қараүйрек түйреуішті ағытып алып: «Бұны кім түйреді?» — десе: «Ағайым түйреді», — деген қыз.

— Ағайыңның тұқымы құрысын, ол қайда?

— Аң аулауға кетті.

Екеуі танысып, тамақтанғанша мезгіл кеш болды. Ағасы да аңнан қайтып келді. Ағасы үйіне таянғанда: «Қаңқылдаған итім, өз басыңа көрінсін, шаңқылдаған құсым, өз басыңа көрінсін, Қараүйректі көргендей неге шулап кеттіңдер?» — дейді. Бұл дауысты естіп, Қараүйрек далаға шығады. Қараүйректі көре сала ағасы: «Бұнда неғып жүрсің, өзіңе атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?» — дейді.

— Атыспақ арғы атамның төрінде қалған. Алыспақ керек! — дейді Қараүйрек.

Екеуі екі күн, екі түн алысып, ақыры Қараүйрек қыздың ағасын қырық құлаш аспанға лақтырғанда, жерге түспей-ақ өліп кетеді.

Қараүйрек отауда үш күн демалып, енді қызды алып жүрмек болғанда, қыз айтыпты: «Сен мені ала алмайсың. Себебі, менің екі ағайым бар, олардың да қарындастары бар. Сен сол ағаларымды жеңбесең, саған күн көру жоқ. Апаларымның күні менің күнімнен де жаман», — деп.

— Олар қайда тұрады?

— Олар күнбатыста, бірінен бірінің арасы қырық күншілік жер, — деп қыз жылапты.

— Ендеше, мен соларды көріп, көрімдігін беріп қайтамын, — деп Қараүйрек жолға шығады. Келе жатса, алдынан бір отау көрініпті. Үйге кіріп келсе, бір қыз отыр. Аузы түйреуішпен түйреулі, аяғы кісендеулі. Кісенін ағытып, түйреуішін алып: «Не қып отырған қызсың?», — десе, «Менің күнімді сұрама! Ағайым аяғыма ел қыдырып кетесің деп кісен сап, тамақты мен жоқта ішесің деп аузымды түйреп кетті», — дейді қыз.

— Ағаң қайда?

— Аң аулауға кетті.

Қараүйрек қыздың аузынан түйреуішін, аяғынан кісенін алып тастады. Екеуі тамақтанды. Кеш те болады. Ағасы да келеді. Сонда ағасы: «Әупілдеген итім, өз басыңа көрінсін, шаңқылдаған құсым өз басыңа көрінсін, бұнда Қараүйрек бар ма, неге шулап кеттіңдер?» — дейді. Қараүйрек естіп өзі шыға келеді. Қыздың ағасы айтады:

— Атыспақ керек пе, жоқ алыспақ керек пе?

— Атыспақ арғы атамнан қалған. Алыспақ керек. Екеуі үш күн, үш түн алысады. Ақырында, Қараүйрек жеңіп, өлтіреді. Қараүйрек бұл үйде де үш күн демалады. Сонда қыз айтады:

— Менің енді бір ағайым бар, сол ағайымды жеңсеңіз, сонда жарайсыз. Ондағы тәтемнің күні менің күнімнен де жаман, — дейді.

— Ол қай жақта?

— Ол күнбатыста, осыдан қырық күншілік жерде тұрады. Осыдан біраз жол жүрсеңіз, алдыңыздан аңшы ағайым кездеседі. Таудай дәу тазысы бар, сол саған алдымен шабуыл жасайды. Оны жеңбесең, өлесің. Ағайым өзі батыр. Ағамның бір әдеті бар, бір ұйықтаса, жеті күн ұйықтайды. Ұйқысына дәл келсең жақсы болар еді, — дейді.

Қараүйрек қыздың ағасының сауыт-сайманын киіп, атын мініп, жолға шығады. Айтқандай-ақ, біраз жер жүрген соң, алдынан тазының даусы шығады. Тазы сауыт пен атты танып еркелей бергенде Қараүйрек қапысын тауып шауып тастайды. Таудай тазыны өлтіріп, Қараүйрек ақ отауға келсе, қыздың ағасы ұйықтап жатыр екен. Қарындасының аузын түйреп, қолын артына қайырып керегеге байлап қойыпты. Барып қызды босатып, жөн сұраса, бұрынғы қыздардағыдай жағдай екен. Ағасының ұйықтағанына бір күн өтіп, екінші күн болған екен.

— Өлтірсең ағайымды осы мезгілде өлтір! — дейді қыз.

— Адамды ұйықтап жатқанда өлтіру батырлыққа жатпайды. Өйткені өзі де күшін білмей, өлген батырдың да күшін сынамай адам арманда қалады, — деп оған Қараүйрек көнбейді. Қыз қанша жылап айтса да Қараүйрек бір бетінен қайтпай, тамақтанып алып, батырдың оянуын күтіп, үйде жата береді.

Қыз сонда Қараүйрекке: «Менің ағайым найзаласқанға шорқақ, сол есіңде болсын», — дейді.

Күні бітіп батыр оянса, үйінде бөтен біреу отыр. Тазысы жоқ. Сонда тұғырда отырған құсы шаңқылдайды. «Шаңқылдаған құсым, өз басыңа көрінсін, бұл Қараүйректен сау ма?» — деп, батыр орнынан атып тұрады.

— Ия, Қараүйрек, мен, — дейді.

— Саған алыспақ керек пе, атыспақ керек пе?

— Атыспақ арғы атамның төрінде қалған, алыспақ бергі атаммен бірге кеткен, найзаласпақ керек.

Екеуі найзаласа кетеді. Күн жарым дегенде, жерге тізеден кіргенде Қараүйрек батырды шаншып өлтіреді.

Үш ақ отауды бір жерге тіктіріп, кіші қызды өзі алып, сол үш мырзаның мал-жайына ие болады. Елін бір-екі жылдан кейін көшіріп алып келе жатып, Қараүйрек қыздарға айтады: «Сендерге аш-жалаңаш адам көрінсе, қалдырмай ала келіңдер!», — дейді. Сөйтіп, өзі басқа жолмен жүреді. Қараүйрек келе жатса, алдында мойны ырғайдай, биті торғайдай, үсті-басы алба-жұлба екі ағасы аштан талып жатыр екен. Бауырларын көргенде Қараүйректің есі қалмайды. Азын-аулақ тамақтандырып кетіп, көшін қуып жетіп тоқтатады. Үш отауды тіккізіп, тамақ жасатқызады. Өзі екі атқа ер-тоқым салып бауырларын мінгізіп алып келеді. Екі ағасын қырық-қырықтан сексен биенің сүтімен жуындырып, киіндіріп үлкен ағасына үлкен қызды, ортаншы ағасына ортаншы қызды қосады. Үлкен ағасына жылқы мен түйе түлігін, ортаншы ағасына сиыр мен ешкі түлігін беріп, өзі қой түлігін алып, еліне барады.

Ағалары Қараүйрекке арамдық ойлайды. «Өзі сұлу қызды алды, бізге нашар қызды берді», — деп Қараүйректі өлтірмек болады. Былайша өлтіре алмайтын болған соң, ақыл қорытады. Бұл істі үйдегі әйелдері білмейді.

Бір күндері ақылдасып, түн ортасы болғанда, Қараүйректің үйіне келіп, есігіне көлденең шалғы байлап қояды да, қора жаққа барып айғай салады. Ұйқыда жатқан батыр: «қойға бөрі шапқан екен» — деп, далаға жүгіре шықса, тізесінен шалғы қырқып түседі. Екі ағасы оны түнде көзі көріп, үйлеріне қайтады. Қараүйректің әйелі ерінің жағдайын біліп, шалғыны есігінен шешіп алып тастайды. Киіз күйдіріп, қанды тоқтатып, аяғын киізбен қаптап береді. Ақылды әйел бір нәрсені білгендей, ерінің астынан жер ошақ қазып киізге орап азық, тамақ, сауыт-сайман тығып, үстіне құрым киіз салып отырғызады. Астында не бар екенін Қараүйрек те білмейді. Сонымен таң атады, күн шығады. Ағалары келіп, інісінің зарлағанына, келінінің жылағанына қарамай үйін жықтырып, көшіріп әкетеді. Інісін жұртқа тастап, екі ағасы елден ұзап кетеді. Қараүйрек ашығып, зарлап жылап отырса, аяғының бір жеріне астындағы киіз жабысып қалыпты. Орнынан қозғалып киіздің астын сипаласа жер ошақ, қолына сауыт-сайман, қант, шай, пісірген ет, май ілінеді. Сөйтіп, өлмес күнін көріп отырғанда Қараүйректің қасына аяқ жолын ғана көретін кембағал бір адам келеді. Екеуі дос болып, сыр айтысады. Сонда аяқ жолын ғана көретін адам айтады: «Менің өнерім сол, жаудан қашқанда артымды тұман, алдымды ашық қып құтылып кетем», — депті. Сонымен бұл екеуі аң атып жеп, күнелтіп жүрсе, екі аяғына қазандай-қазандай тас байлап келе жатқан бір адамға кез болыпты. Ол — желаяқ екен. Бұларға желаяқ та дос болады. Желаяқ тасын тастап, Қараүйректі арқалап жүреді. Құс атып жеп, күнелтеді. Бір күні бұлар аң аулап жүріп, бір ауылдың үстінен шығады. Үшеуі ауылға келсе, күйеуге кеткелі жатқан қыздың тойының үстінен шығады. Бұлар да тойға барады. Бірін-бірі арқалап жатқанды көзі көріп, бөлек үйге апарып, табақ тартады. Үшеуі бір ойға келеді. «Біз табыс табамыз, бірақ үшеуара бізге тамақ істеп беретін біреу керек қой, тойда жүрген бір қызды алып кетелік», — деп ойлайды. Ойларын қорыта келіп, ретін тауып, Сарқыт деген бір қыз баланы алып қашады. Оны көріп қалған халық қуады, желаяқ екі адамды көз көрмейтін жерге алып кетеді. Қуғыншылар артындағы көзі кем адамды қуып жетіп қалыпты. Сонда ол артына бір қарап жел үрлеп жібергенде, алды ашық, арты тұман болып кетеді. Қуғыншылар адасып қалады. Сонымен үшеуі суы мол, жайлы жерге барып, үй болып қоныстаныпты. Күндердің күнінде Қараүйрек аң атып қайтып келе жатса, бір мысық кез болыпты. «Үйдегі қарындасым Сарқыт ермек етсін» — деп мысықты ала келіпті. Аңға кетіп бара жатқанда Қараүйрек қант пен тоқаш тастап кетеді екен. Оны Сарқыт пен мысық екеуі бөліп жейді екен. Бір күні қант пен бауырсақ тастап, мысықты шақырса, мысық келмепті. Сарқыт өзі жеп қойыпты. Мысық келіп: «Тәте, неге шақырдың?» — деп сұраса: «Жаңа мен үй жинап жүріп, қант пен тоқаш тауып алып ем, сен келмеген соң, өзім жеп қойдым», — дейді Сарқыт. Оған өкпелеген мысық: «Ендеше, мен отты өшіремін», — деп, құйрығын шелектегі суға малып алып, суды отқа шашып-шашып жібереді. От сөніп қалған соң, Сарқыт ағаларын іздеп, шақпақ алуға келе жатса, көз ұшында жылтылдаған бір от көрінеді. От алу үшін барса, жеті басты жалмауыз кемпір екен. Жылтылдаған соның көзі екен.

— Е, қарағым, жақсы келдің, неғып жүрсің? — дейді кемпір.

— Шешеке, от алайын деп келіп ем, — дейді қыз.

— Бармағыңнан бір сорғызсаң от беремін, болмаса от бермеймін. Оған көнбесең, өзіңді жұтып та қоямын, — дейді кемпір. Сарқыттың қорыққанынан есі шығып кетеді.

— Жарайды, шешеке! — деп, Сарқыт бармағын сорғызады. Кемпір сорғанда қыз бозарып кетеді. Кемпір қыздың етегіне тұз бен күл түйіп береді. «Үйіңе барғанша, «шеңгел бол», «от бол» деп бар, артыңа қарама, Қараүйрекке айтпасаң, от болады», — дейді. «Егер Қараүйрекке айтсаң, жұтамын», — дейді де, жалмауыз қала береді. Айтқанын орындап барса, жолдың екі жағасы ит өтпес шеңгел болып, күлі от болыпты. Отты жағып қыз уайымдап отырғанда, ағалары келеді. Үйдің алдындағы жолдың шеңгел болып, Сарқыттың бозарғанын көріп, ағалары сұраса, жалмауыздан қорқып айтпайды. Ағалары аңға кеткенде жалмауыз келіп:

— Желаяқ астында, сауыт-сайманы үстінде, алмас қылышы қолында, үйде Қараүйрек бар ма екен, жоқ па екен? — дейді.

— Желаяғы астында жоқ, сауыт-сайманы үстінде жоқ, алмас қылышы жоқ, Қараүйрек үйде жоқ, — дейді қыз. Жалмауыз кемпір күнде келіп қолын сорып тұрады. Үш-төрт күнде Сарқыттың саудырап сүйегі ғана қалады. Енді ағаларына айтпасқа болмайды. Бастан-аяқ ағаларына болған оқиғаны айтады. Ағалары үйдің есігінен бастап ошаққа дейін ор қазып, үстіне шыбық салып, киіз жауып қояды. Қызға жалмауыз кемпір келгенде, сөзін айтып болған соң, мына сөзді айт: «Желаяғы астында жоқ, сауыт-сайманы үстінде жоқ, алмас қылышы қолында жоқ, Қараүйрек үйде жоқ, келсең кел, келмесең өзің біл, жалмауыз, де», — дейді. Сөйтіп, өздері көрінбейтін бір жерде дайындалып отырады. Жалмауыз кемпір келіп, бұрынғы айтатын сөзін айтып болған соң, Сарқыт та сөзін айтып: «Келсең кел, келмесең өзің біл, жалмауыз», — дейді. Кемпір ашуланып, қызға ұмтыла бергенде, орға гүп етіп түсіп кетеді. Аңдып тұрған ағалары келіп, басын әрі өтіп бір кеседі, бері өтіп бір кеседі. Бір басы қалғанда жалмауыз жалынады: «Мені өлтірме, не тілесең соған жеткізейін», — дейді.

Сонда, «оны да көрейін» — деп, ордан шығарып алып: «Көзі кемге көз сал, аяғы жоққа аяқ сал, желаяқты желаяқ емес ет, Сарқытты сұлу ет» — дейді. «Бәрін орындаймын, өлтірмесең болды!» — дейді кемпір. Сонымен, жалмауыз Сарқытты жұтады. «Құс!» — дейді құсады. Сұлу қыз болып түседі. Көзі кемді жұтады. «Құс» — дейді құспайды, бірнеше рет айтқанда, зорға құсады. Сұлу көзді болып түседі. Енді желаяқты жұтады. Бұны да зорға құсады. Қараүйрек айтады: «Мені құспауы мүмкін, сендер басын алып, сүйегін қалдырмай шағып мені тауып алыңдар», — дейді де өзін жұтқызады. Серіктері: «Құс! — дейді, құспайды. «Құс!» — дейді, құспайды. Сонан соң, жалмауыздың басын кесіп, бақайшағын шақса, Қараүйрек малдасты құрып, садақтың оғын жонып отыр екен. Жоғалған досын тауып алып, серіктері қатты қуанады. Бұлар енді жалмауызды өлтіріп, қазынасын теңдей бөлісіп алды. Барлығы ақылдасып, Сарқытты еліне алып барып, әке-шешесіне тапсырады. Ата-анасы қатты қуанып, қызын сүйген жары — көзді болған жігітке қосады. Жігіт ақылды болып, сол елді билейді. Сол елден үй алып, ат мініп, жолдастарымен қоштасып, желаяқ емес болған жігітті қасына алып, Қараүйрек өзінің сүйген жарын іздейді. Жерден жерді аралап, елден елді аралап жүрсе, үш бірдей ақ отау қатар тігілген үйлерді көреді. Келсе, өз үйлері. «Мейман қонақпыз!» — деп келген екі адамды ағалары танымай қалады. Өзінің әйелі ғана таниды, бірақ басқаларға сыр білдірмейді. Мейман қонақтарын сыйлағаннан кейін сөзді сөз қыздырып, екі ағасы батырлығын айтады. Сонда Қараүйрек былай дейді:

— Егер батыр болсаңдар, қазір әуеге садақ атысайық, — дейді. Батырлар келісіп, әуеге садақ атысады. Барлығы бір мезгілде садақ атса, екі ағасының оғы өздерінің үстінен түсіп, оның үстіне қасындағы інісінің оғы мен желаяқтың оғы қоса тиіп, қара ниеттер қаза тауыпты. Үш қыздың кенжесі сүйгенімен жылап көрісіпті. Желаяққа ортаншы апасын қосыпты. Үлкен апасы өзінің сүйгеніне тиіпті. Сол елге Қараүйрек әділетті патша болыпты. Бажасы желаяқты уәзір қылып алыпты. Сөйтіп, мұрат-мақсаттарына жетіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз