Өлең, жыр, ақындар

Асыл кілт

Ертеде, біздің атамыздың аталары білмейтін заманда «Байтақ ел» деген елде Тілқайсар деген шаруа адам өтіпті, сөзге шешен, елге көсем екен. Тілқайсар бес кісілік күші бар, ел сүйсінер ісі бар адам екен. Жоқшылық көрген, тек қайырымы мол, үйінің айналасы жол, жолды салған сол елден жыйналған қол екен. Тілқайсар көсем болғанда, елді күшімен қорқытып болмапты, елдің өзі қалап, біреу болса да, көпке балап қойыпты. Билікті Тілқайсарға беріпті. «Еңбекке бастасаң да, ерлікке бастасаң да біз дайын» — деп, артынан еріпті. Бұл елдің істейтін кәсібі: аңшылық екен. Аңды бірлесіп аулап, олжаны тең бөлісіп алыпты. Тілқайсар бастаған жігіттер халқын қарық, елін жарық етіпті. Барлығы да бірлесіп істеген еңбекті сүйіпті. «Бірлескен еңбек — қиындықты жеңбек» — дейді екен олар. Осылай жүре беріпті. Жыл өтіпті, жыл артынан, жыл жетіпті. Бірақ, Тілқайсарға бала бітпепті. Тілқайсар балаға өте ынтық болыпты. Бала жоқтық бас қайғының бірі болып, көкірегі шерге толып, «әлде болса, бала болар» — деп, жақсылыққа жорып жүре беріпті.

Күндерде бір күн Тілқайсар жолдастарымен аңға шығыпты. Бұлар «Байтақ елдің» даласымен, қалың орманның арасымен келе жатыпты. Бір жерге келгенде қалың шөптің арасынан бір буаз киік тұра қашыпты. Киікті көрген соң, Тілқайсар жолдастарына: «Ал, жігіттер, осы киікті қалай да болса тірі ұстайық. Өзі буаз екен, көп қаша алмас, Егер тірі ұстасақ, үйге апарып бағайық. Мүмкін, қолда бағуға үйренер. Ал егер үйренбесе лақтаған соң, лағын бағайық. Еңбегіміз жемісті болып, жабайы жануардан өмірімізге қажетті үй жануарын шығарып аламыз. Сөйтіп ұзақ жол бейнетін шегетін аңшылықтан да құтылармыз», — дейді. Сөзді естіген жігіттер киікті қалайда болса тірі ұстауға ұйғарып, барлығы қуа жөнеледі. Киік буаз болса да жеткізер емес, сағымдай ағып кетіп барады. Біраз қуғаннан кейін бірі ілгері, бірі кейін болып шұбатыла бастады. Қаша отырып, киік орман ішінен шығып, жазық жермен қашты. Осы кезде Тілқайсар қасында екі жігіт бар киікке жақындай түсті.

Басқалары қара үзіп, кейін қалып қойған еді. Киік қаша-қаша бір биік асқар тауға жақындады. Таудың бергі шетінде найзағайдай тіп-тік биік шың көрініп тұр. Жанталасқан киік сол шыңға тура тартып келеді. Күн еңкейіп қалған кезі еді. Бір кезде батыс жиектен қара бұлт көрініп, тез арада күннің көзін басты. Дауыл тұрып, айналадан құм есе бастады. Жаңағы бұлт тұрғандары желмен көтерілген болып шықты. Құм бораны жер-дүниені қараңғы қылып жауып кетті. Бұл тұрған жігіттердің ішінде бұрын мұндай боранды көргендері жоқ еді. Бірақ естігендері болатын. «Қарлы тау» деген тау бар. Оқта-текте басынан төмен жел еседі. Ол желге ұшыраған адамның аман кетуі қыйын екен. Себебі, әуелі құм бораны көтеріліп түк көрсетпей кетсе, артынан тас бораны соғады екен. Ештеңені көре алмай, басы айналып, тасқа соғылып, қаза тапқан талай адамдар болыпты. Міне, сондықтан, бұл тауды «Қарлы тау» деп атаған екен, айтқан үлкен адамдардың әңгімесін Тілқайсар талай тыңдаған болатын.

Міне, енді көзімен көрді. Іс — қыйын. Тілқайсар ойланып тұрып: «Ал, жігіттер! Енді аттың күшіне сыйынамыз. Қалайда болса, бір жерден пана таппасақ, өлеміз», — дейді. Бұл кезде күн батып, дауыл үдеп, күн мен дауылдың қараңғылығы араласқандай болып, күшті қараңғылықтың болып тұрған кезі еді. Бұлардың бір бағытқа жүретін бағыты да болмады. Тек қана аттың басын ыққа беріп, аттың бар күшімен шаба берді. Бұлардың қанша жүргені белгісіз. Уақытты есептеп жатқан адам жоқ. Бұлардікі — тек аман қалса болғаны. Тас боран да көтерілген еді. Зулаған тастар, басынан да, жанынан да өтіп жатыр. Бұларға тиіп жатқандары да сансыз. Бірақ, үш адам, әзір — аман. Киік түгіл, енді өз бастары қайғы болғандай. Кенеттен, алдарынан қайысқан қалың орман кездесе кетті. Орманның қалыңдығы сондай, бұлар атпен жүре алмады. Аттан түсіп, жаяу жетектеріне алды. Орманның шет жағы тынышсыздау болса да, ортасына кірген сайын, дауылдан қауіпсіз бола бастады. Бұлар жүре-жүре орманның ішінен бір жайлы жер тауып орналасты. Үш-төрт үйдің орнындай ашық жер екен. Әр жерде құлаған ағаштар да бар екен. Шөп сонша қалың, иісі мұрынды жарып барады. Бұлар қатты шаршаған еді, сондықтан, аттарын бір кәрі құлаған ағашқа арқандап, жату қамын көздеді. Жылы уақыт болған соң, үстіндегі киімдері тым жеңіл болатын. Бірақ ерді жастық, тоқымды төсеніш, үстеріндегі киімдерін жамылғы істеп, жайлы орынды тез тауып, ұйқыға кетісті. Тілқайсар бір дауыстан оянып кетті. Күн көзі жоғары өрлеп, түстікке келіп қалған екен. Анандай жерде көкжал арыстан бір жолдасының үстіне қонып қалыпты. Жолдасы бар даусымен айқайлап, көмекке шақырып жатыр екен. Тілқайсар қанжарын алып, жүгіріп бара жолдасын басып жатқан дәудің жүрегіне дәлдеп, сілтеп қалды.

Қанжардың ұшы жүректі дәл тауып біреуді олжалап жатқан көкжалың дүниеден озып кетті. Жолдасы қорыққаннан есі шығып қалыпты. Біраздан кейін есін жиып, өзін-өзі билеп, тілге келді. Арыстанмен алысып жатып ештеңені байқаған жоқ еді, байқап қараса, бір аттың өлімтігі жатыр. Ал, қалған екі ат жоқ. Үркіп босанып кетіпті. Оның қайда кеткені белгісіз. Бір жерде орман жыртқыштары жеп қойса да, өздері білсін. Жолдасының басында мынандай оқиға болыпты. Шаршағаннан қатты ұйықтаған екен. Бір кезде ояна келіп, ұйқысын ашпастан қасындағы аттарға қараса, біреуі жатыр, басқасы көрінбейді. «Немене үйелеп қалған ба?» — деп, қасына жүгіріп барса, жылқының етіне әбден тойып, жатқан арыстан екен. Ол көзін уқалап жүріп, соны байқамапты. «Әй, «Тшу»!» — деп ақырып қалғанда, арыстан атып тұрып тап беріпті. Қорыққаннан үрейі кетіп, қолын сермеп, шегіншектей беріпті. Шегініп келе жатқанда, артында құлаған ағаш жатыр екен, соған сүрініп, шалқалай құлапты. Арыстан үстіне қона түсіпті. Сол жатқанда даусынан Тілқайсар оянып, қапа болған жолдасын арыстаннан айырып алыпты.

Күн түс мезгілі болып қалды, әлі тамақ ішкен жоқ. Енді не істеу керек? Бұлардың қарыны әбден ашқан еді. Мінерге көлік жоқ, жүрерге бағыт жоқ. Қайда келгендері белгісіз. Бұлар ер-тоқымдарын арқалап, орманның арасымен жүріп кетті. Орман сонша қалың, әрең аяқ басып жүріп келеді. Жүрген сайын орман қоюлана түседі және ағаштың түрлері де бірден-бірге өзгеріп отырады. Бұлар жүре-жүре бір алаңға шықты. Алаңның ортасынан бұлақ ағып өтеді екен. Бұлақ тап-таза, мөлдір сулы, сап-салқын екен. Бұлақтан жуынып, шөлдері қанғанша су ішіп, дем алысты. Бұлақтың ішінде неше түрлі құстар жүзіп жүреді екен. Аққу, қаз, үйрек, тіпті шулаған шағалалар да көп-ақ. Барлығы да жайбарақат, біреуі жүзіп, біреуі суға шомылып, біреуі қызыққа мейірі қанғандай дем алып отыр. Сыртынан қараған кісіге, құстардың барлығы осы арадан рахат тапқандай.

Осынша рахатта, тыныштықта отырған құстар, кенеттен шуласып азан-қазан болды да қалды. Қаз бен үйректер ұшып жатыр. Аққулар да шөп арасына жасырынып жатыр. Шағалалар шулауда. Қараса, бір қаршыға келіп қалған екен. Көзге ілікпестей жылдамдықпен зу етіп, бір топ қазға кеп араласты. Соның арасында төбеден түскен кесектей, бірінен соң бірі екі қаз бұлақтың ішіне құлап түсті. Қазбен араласқан қаршыға, көзге көрінбей ұзап жоқ болды. Құлап түскен қаздарды көріп, аяған пішінмен «ой, жыртқыш-ай, тыныштық өмірді, бір сағатта қанды өлімге айналдырғанын қарашы. Дәрменсіз өмірдің бәрі — осы ғой», — деді Тілқайсар.

Тағы да орындарынан көтеріліп жолға шықты. Бұлақтың бойын өрлеп жүріп келеді. Бұлақ алаң біткен соң, ағаштың арасына кіреді. Бұлақ кірген ағаштар манағы көрген ағаштарынан өзгеше. Неше түрлі жеміс өсетін ағаштар екен. Алма, алмұрт, жидек, өрік бәрінің де уылжыған шырыны тамып тұр. Бұларға осынша шырынмен көрік беріп тұрған бұлақ болса керек. Бұлар жемістерді тойғанша жеді. Одан әрі аралап жүре берді. Жүрген сайын алдарынан аң салған жолдар ұшырай бастады. Жолды байқап қараса, ішінде қой, ешкінің іздері, жылқы-сиырлардың да іздеріне ұқсас іздер бар екен. Бұлар ізді көріп неше түрлі аңның осы орманды мекендейтінін білді. Және де көп болуларына себеп, мына жемістердің әсерінен екенін түсінді. Аңның бірнеше жолы бір жерге келіп біріккен жеріне, бұлар: бір іс туралы ойласып және сол істерін істемек болды.

Аңшылар ұзақ жолға аңға шыққанда алып шығатын кішкентай күректері болатын. Ондай күрек осы Тілқайсарда да бар-ды. Сол күрегімен жолдың қосылған жерінен екі аршын, ұзынынан бес аршын етіп үлкен құдық қазды. Қазғандағы топырағынан жерге түсірмей, екі жолдасы манағы арыстанның терісіне салып алып, бір елеусіз жерге, қалың шөптің арасына төге берді. Осындай жұмыстың нәтижесінде, ішіне түскен аң шыға алмайтын терең құдық қазып шығарды. Ағаштың жіңішке бұтағымен және соның үстіне шөп салып, оның үстіне топырақпен көміп, құдықтың бетін жасырды. Құдықтың бар екенін білгізбестей істеді. Бұрынғы жол сияқты қылып үстіне неше түрлі аңның ізін салды. Сөйтіп, ертемен келіп қарамақшы болып, өздері алыс жерге барып орналасады. Бір түнді осы орналасқан жерінде өткізеді. Ертең ертемен тұрып, кешегі құдықтарына барса, құдықтың шөбі ішіне түсіп кетіпті. Ішін қараса, қойдың үлкендігіндей бір нәрсе түбінде шауып жүр екен. Біреу ішіне түсіп шығарып алса, құланның жас құлыны екен. Он бес күн шамасы болған, өте жас құлын. Сонда да болса өлердей асау, шыңғырып бақырады. Үшеуі шуласып мәз болып, құлынды матап, басына ноқта тағып, ұстап жатқанда, орман арасынан бір топ салт атты адамдар шыға келді. Олар — Тілқайсардың өздерінің жігіттері екен. Киік қуған күні бөлініп қалып қойған соң, қараңғы түсіп жете алмасын біліп, үйге өздері келер деп, ауылға қайтып кеткен екен. Бірақ Тілқайсарлар үйге бармапты, оның орнына Тілқайсардың аты жалғыз өзі бос барыпты. Сонан кейін жігіттер бір жайдың болғанын біліп, іздеп шығыпты. Шапқан аттың ізіне түсе отырып, орманға жетіпті. Орманға кірген соң, жүрерге жөн таппай жоспарлап жүріп келе жатқанда, құлынға шулаған Тілқайсарлардың дауысын естіп, тапқан екен. Тілқайсарларды аман тауып, жолдастары қуаныпты. Құланның құлынын көріп, олар да тамашаласыпты. Құлынды үйге тірі апармақ болыпты. Бір күшті атқа Тілқайсардың өзі мініп, құлынды өңгеріп алыпты. Сөйтіп, аман-есен үйге келіпті. Үйге келсе, Тілқайсардың әйелі толғатып жатыр екен. Тілқайсар келгеннен кейін әйелі босаныпты. Екі қуаныш бір болып, үлкен той жасапты. Тойға жыйналған ауылдың үлкен адамдары болып, баланың атын Жігер қойыпты. Той бірнеше күнге созылыпты. Әкелген құлынды жылқының сүтін беріп бағыпты. Адам көрмейтін жер астынан қазылған үйге қойыпты. Адамға үйрене бастапты. Ұстағанда үрікпей, үй ішіне адам келсе, қасына барыпты. Өзі өскелең екен, күн сайын өсе беріпті.

Той болғанына 9 күн дегенде, елге кенеттен жау тиіпті. Мал өрісте, жайбарақат отырған ел, не істерге білмепті. Жау әуелі далада жайылып жатқан малға тиіп, оны айдап кете беріпті. Қалғандары ауылға тиісіпті. Жаудан бейқамсыз отырған адамдар, ешқандай қайрат көрсете алмапты. Сөйтіп, оп-оңай қапыда жаудың жемі болып қалыпты. Рақымсыз жау өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін алдына салып айдап кетіпті.

Тілқайсар бірнеше жолдастарымен қаптаған жауды көріп, бір таса жерге орналасып, садақпен жауды ата бастады. Тілқайсар өте мерген болатын. Атқан оғы далаға кетпей, дұшпанына дәл тиіп, әр оғымен бір адамды өлтіріп отырды. Бірақ, оғы таусылып қалды. Жаудың оғы тиіп, жолдастары қаза тауып, жалғыз қалуға айналды. Тілқайсар ауылға баса-көктеп кірген жауға қылышын алып, араласып кетті. Қылышымен шауып бес адамды өлтірген кезде, артынан атылған садақ оғы, желкесінен тиіп жерге құлады. Жан тапсырайын деп жатып, өзінің ақырғы сөздерін айтты: «Жауыздар! Жайбарақат жатқан бейбіт елді, малын талап, халқын қан қылдың. Өзіңді адамгершіліктен шығарып аң қылдың. Бірақ, әрқашанда Әділеттік жеңеді. Сенікі — жыртқыштық, қанқұмарлық, ал біздікі — әділеттік. Кейінгі қалған жас ұрпақтар, біздің арманды, біздің кекті қайтаратын, сендер. Әрқашанда әділдік іс істеңдер! Үзесің жаудың бұғауын, жетесің арманға! Орындалады арман, се-не-мін!» деген сөзді бөліп-бөліп әрең айтып, Тілқайсар дүниеден озды.

Ауылдың орнында жүре алмайтын кәрі, ауру бала-шаға шулап қалып қойды. Сол қалғандардың ішінде, Тілқайсардың әйелі мен баласы да болды. Қалған адамдардың жағдайы өте ауыр. Себебі: жау көзге көрінер ештеңені қалдырмай, талап алып кетеді. Төсерге төсеніш, киерге киім жоқ. Жұмысқа ешқайсысы жарамайды. Дегенмен, бұлардың бір тәуір жері, әрбір үйдің астында жерден қазған және бір үй болатын. Артық азық-түлікті сонда жыйнай беретін. Оған салған азықтарды жемейтін, тек үстіне қос беруші еді. Сәтсіз аңшылық жылдары болатын. Ондай жылдары халық ашаршылыққа ұшырайтын. Міне, бұл азықты соған жыйнайтын. Қалған адамдар сол азықпен қоректенбек.

Тілқайсардың әйелі қыйындыққа қарамай, баласын сонша жақсы етіп тәрбиелейді. Бала күн сайын өседі. Әйел де, бала да, құлын да жер астындағы үйде болады. Осылай күн өте береді, күн артынан күн жете береді. Азық таусылуға жақындайды. Бұл кезде бала бес жасқа келеді. Баланың есі кіріп, өте ақылды бала болады. Құлын да бес жасар ат болады. Жер тарпып тұра алмайтын тұлпар болып, күші толған болатын. Бала есі кіргеннен бастап-ақ, атының қасына барып ермегі сол болады. Сөйтіп жүргенде бала 8 жасқа келеді. Бұл кезде баланың да күші толады. Жер астындағы үйде отыра алмай, сыртқа шығып, ауылдарды аралайды. Ауылдағы адамдардың бәрінің де азығы таусылып, ашаршылыққа ұшырауға айналады. Мұны көрген Жігер қарап жата алмайды. Аң ауламақшы болады. Садақ жоқ, басқа да қару жоқ, енді қайтпек? Жігерге садақ жасауды анасы үйретеді. Ол Тілқайсарлар бар уақытта садақ жасауды көрген болатын. Садақтары сынып қалғанда, оларда қолдан жасап ала беруші еді. Анасының айтуы бойынша, Жігер де садақ жасап алады. Садақ жасап алғаннан кейін атына мініп, аңға шығады. Күн-түн қатып, аң аулайды. Атының жүйріктігі сонша, құландарды қуып жетіп, тас шоқпармен ұрып құлатады екен. Жігердің өзі мерген болады. Құсты атқанда, бойлай бір жерін айтып атады екен, сол айтқан жеріне тиіп, құс өледі екен. Жігермен ат бір-біріне сай келіп, күйзеле бастаған елін жоқшылықтан құтқарыпты.

Бір күні Жігер алыс жерден аң аулап келе жатып, бір таудың етегіне келіп дем алып отырса, таста жазулы тұрған мынандай сөзге көзі түсіпті.

Астында бұл жазудың темір қақпа,
Ашып ал, сол қақпаны, кілтін тап та.
Табасың еңбек етсең, сонда кілтті,
Деп саған, айта алмаймын, бәлен жақта.
Шығыста, дарияда бір бәйтерек,
Кілт үшін соны іздер адам керек.
Табасың, қыйындықпен сонан кілтті,
Егерде еңбек сүйгіш, болсаң зерек,
Егерде бұл қақпаны алсаң ашып,
Құтылмас, өле-өлгенше бақыт қашып.
Іс болмас, талаптанса жеңбейтұғын,
Бар ізден! Қыйындықпен жүрме жасып.

Жігер үйіне келіп, ел жұртына бірнеше күндік азық жинап беріп, атын үйде қалдырып, жалғыз өзі жаяу жолға шығады. Беліне атасынан қалған айбалтасын байлайды. Сөйтіп, жүріп отырып, баяғы жазу жазылған тауға келеді. Дәл жазудың қасынан таудың басына өрмелеп шығып алады. Таудың үстімен шығысқа қарай жүріп кетеді. Бірнеше күн жүргеннен кейін, алдынан орман кездеседі. Орман кездескен соң, тау бірден-бірге жоғарылай береді. Тау жоғарылай-жоғарылай келе аспанмен таласқан шың болып аяқталады. Бас жағы — ағаш та, шөп те жоқ, жалаңаш. Адам аяғын баса алмас мұз бар екен. Сол мұздан шығып, шығысқа қарай алып өзен бар екен. Өзеннің ағысы сондай қатты, ішінде үйдей тастары қалқып кетіп жатыр. Сол тастарды біріне бірін соққанда, адам құлағын бітегендей дауыс шығады да, тастар құм болып кетіп жатыр екен. Бір аттап басқанда, он қадам жерге қайтадан сырғанап кете береді. Тіпті құлап, үстін мұз жырып, қанын судай ағызған кездері де болды. Бірақ Жігер жасымады, алған беттен қайтпады. Сонша қыйындықпен жүріп, бір күндері шыңның басына шығады. Долдана тулап аққан өзеннің ағысын, тастардың бір-біріне соқтығысып қирағандарын қарап, тамашалап тұрғанда, кенеттен астындағы мұз ағып жатқан өзенге сырғанай жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша мұз да барып, өзеннің суына араласты. Бірнеше үйдің үлкендігіндей мұзды бір түйір тас құрлы көрмей, ала жөнелді. Өзеннің ішіндегі тастарға соғылып бірден-бірге кішірейе берді. Бір кезде тіпті бір үйдің үлкендігіндей-ақ қалады.

Бір тас келіп соқтыққанда, мұз быт-шыт болып бөлініп кетеді. Соның арасында Жігер де қатарласа ағып келе жатқан бір тасқа секіріп мініп үлгереді. Жігер тулаған өзенннің ішінде, өзінің жылдамдығымен жан сақтап отырады. Бір жерлерге келгенде су жазық жерлермен ағып, тастар соқтығысуын қоя бастайды. Осылай бірнеше күн жүзгеннен кейін, су үлкен дарияға шығады. Дарияға шыққан соң, бұрынғыдан да жақсы болып, тастар жалғыз болып кетеді. Осылай дарияның ішімен бірнеше күн жүзеді. Бір күні түс кезінде, алдынан бір нәрсе қарайып көрінеді. Биік басына көз жетпейді. Түп жағы жіңішкелеу, бас жағы бірден-бірге жуандай береді, бір түрлі күмбез сияқты. Жақындап қасына келсе, сонша жуан ағаш екен. Жапырағы түбінен басына қарай қоюлана береді. Жігер мініп келе жатқан тас, дәл сол ағаштың өзіне келіп бар екпінімен соғылғанда, тас уатылып кетті. Жігер төменде тұрған бір бұтаққа мініп алды. Бір бұтағының жуандығы сонша, шауып алып қайық жасаса, екі жүз кісі сыятын қайық болатын. Бұтақ толған жеміс екен. Бірнеше күннен аш Жігер жемісті тойғанша жеді. Ал енді басына қалай шығады? Мұндай жуан бұтақтар бірінен-бірі сонша қашық шығыпты. Аралары жиырма метр шамасы болар. Жігер ағашты шауып, басқыш жасай бастады. Сөйтіп, баспа жасап өрмелеп отырғанда, күніне бір бұтақтан екінші бұтаққа әрең жетіп отырды. Осылай жүріп отырғанда, Жігер теректің басына ай жарымда әрең жетіпті. Басына шықса, бір-бір жағының екі жиырма бес кез келетін ұя бар екен. Төрт бұрышты етіп, неше түрлі асыл тастардан салыныпты. Қарағанда көз шағылысады, сәуле шашып тұр екен. Тереңдігі — қырық кез шамасы бар. Ішіне түсетін асыл тастардан басқыш салыныпты. Сол басқыш арқылы Жігер ұяның ішіне түседі, ішіне түссе, ұяның ішінде бір алтын қазан бар екен. Сол алтын қазанның ішінде бір жұмыртқа тұр екен. Жұмыртқаның сыртына мынадай жазу жазылыпты:

Қай батыр, сертке жеткен біздерге кеп,
— Ордасы бақыт кілттің осы ма? — деп.
Өкінбе, бастан өткен уақыйғаға,
Өтерсің еңбегіңнің жемісін жеп.
Талабың орындалды, қажырлы жас,
Болғайсың жауыңа қас, еліңе бас.
Шырынды суға құйып шомылғанда,
Денеңнен бақыт кілті ажырамас.

Жігер алтын қазанның ішіндегі жұмыртқаны алып, беліндегі белбеуінің арасы қуыс болатын, сол жерге салып, белбеуді буынып, ұядан басқыш арқылы жоғары көтеріледі. Сыртқа шыққаннан кейін, өзінің балтамен салған басқыштарымен төмен түсе бастайды.

Келердегідей емес, әзір басқыш өте жылдам жүріп келе жатыр. Ең ақырғы бұтаққа да жетті. Осы жерде, төменгі бұтақтың бірнеше бұтақтарын шауып алып, бір-біріне байланыстырып, өзін көтеретіндей етіп қайық істеді. Қайықты жасап болғаннан кейін, әдейі істелген орынға, бірнеше күндік азыққа жететін жеміс салып алады. Ең соңғы бұтақтың ұшы суға тиіп тұратын. Бұтақтың үстімен жүріп келіп, суға сырғанап түсуге болады-ау деген жерге келгенде, қайыққа отырып алып, жапырақтың үстімен сырғанай жөнеледі. Қайық суға түскеннен кейін, ағып жатқан дария өзінің бағытына жете береді. Бірнеше күн жүргеннен кейін, дария таусылып, су енді өзенмен ағып келе жатқанда, алдынан бір ағаштың, судың ішіне құлай өскенін көреді. Қалай да болса, сол ағашқа жармасып жағаға шығуды ойлайды. Ағаштың жанынан өте бергенде, бар күшімен Жігер секіріп кеткенде, ағаштың бұтағына қолы ілігіп, аман-есен өзеннің жағасына шығады. Содан бірнеше күн жапан түзді кезіп жүріп, ақыры үйіне жетеді. Ел жұрты қуанып, той жасайды. Осы тойдың үстінде анасы баласына, 9 ай 17 күнде үйге келгенін айтыпты.

Той тарқағаннан кейін, жер астындағы үйге жұмыртқаны жарып қараса, ортасында кілт тұр екен. Жұмыртқаның ішіндегі бар шырынын суға араластырып шомылыпты. Сонан кейін кілтті қолымен ұстайын деп келгенде, кілт оң қолына жабысыпты да қалыпты. Сіліксе түспепті, дененің бір мүшесі сыяқты. Жігер атына мініп, баяғы жазу оқыған тауға кетіпті. Барып аттан түсіп жазудың қасына жақындап қараса, жазудың оң жақ шетін ала, кілт сыйғандай тесік көрініп тұр екен. Әлгі тесікке кілтті салып бұрап қалғанда, бір күш итеріп жібергендей, жазу жазылған жер есік болып ашыла жөнеліпті. Есік ашылған соң ішіне кіріп қараса, ар жағы кеңістік дала екен. Дала болғанмен үйдің іші сияқты, құлпырып жайнап тұр. Бейне бір неше түрлі асыл бұйым жайнаған алтын орда сияқты. Қақ ортасынан бұлақ ағып өтіпті. Бұлақтың бір жағына неше түрлі өсімдіктер өскен екен. Биіктігі сонша, адам ішіне кірсе көрінбей кетеді, бір қалың тоғайдың арасына кіргендей болады. Бұлақтың екінші жағында, басындағы жемісін көтере алмай, иіліп тұрған неше түрлі жеміс ағаштары. Іші толған — неше түрлі аңдар. Бұлақтың өзінде неше түрлі құстар мекендеп, рахатқа батып сайрандап жүреді екен. Бұл тек есіктен қарағандағы көрініс еді. Ішін аралай берсе, адам өміріне керекті байлықтың бәрі табылатын. Жігер өз еңбегінің мынандай жайға жеткізгеніне әрі сүйсініп, әрі шаттық рахатқа батқандай. Бұлақты өрлеп жоғары жүріп кетті, ақыры бұлақтың шыққан жеріне де келіп жетті. Бұлақ бір тастың арасынан шығып жатыр екен. Бұлақтың шыққан жеріндегі тасқа былай деп жазылған екен.

Бұлар да еңбегіңнің жемісі еді,
Жемістің қандай жері кеміс еді.
Бақыттың ордасына кіргеннен соң,
Жаңарар бар өмірің, тегіс енді.
Істесең, қанша еңбек, тіпті тойма,
Ойламай қара басты, халқыңды ойла.
Халқыңмен бұл араны мекендесең,
Тоймассың, бұл қызығына күнде тойла.

Бұл жазуды оқығаннан кейін, Жігер тез сыртқа шықты да, кілтті бұрап қалып еді, кілт бұрынғы оң қолдағы орнына барып орналасты да, ал есік бұрынғыдай болып жабылып қалды. Жігер атына мінді де ауылына барып, бүкіл ауылының адамдарын ертіп әкеліп, бақыт сарайдың ішіне кіргізді.

Сарайдың ішіне кіргізгеннен кейін, халықтың жайы да бұрынғыдан өзгеше болды. Бұрын тек аңшылыққа тәуелді болған-ды. Ал қазір, аңшылық емес, алыстан ізденбей, бір жерде отырып жеміс жейтін болды. Тек қана жеп қоймай, бақыт сарайдың ішіндегі өсімдіктердің ішіндегі өсімдіктердің даму жолдарын түсініп, баптай да біледі. Соның нәтижесінде, бақыт сарайдың ішіндегі байлықтарды пайдалана отырып, өздерінің еңбектерімен гүлдендірген екен. Жігер бастап бақыт сарайға кіргізген халық, гүлденген бақытты сарайда өмірдің ең қызығын көріп, бақытты өмір сүріп тұрған.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз