Тыйымдар
Белді таянбайды. Себебі жақын адамы қайтыс болғанда жоқтау айтып жылаған әйел ғана белін таянады.
Жақты таянбайды. Қайғы-қасіреттен әбден қажыған адам ғана жағын демеу етіп, таянады.
Жер таянып отырмайды Жақынынан айырылған адам ғана жер таянады.
Бетті басуға болмайды. Қайғы-қасіреттен қажыған адам ғана бетін басады.
Қолды тарақтауға, артқа қусырып жүруге болмайды. Бұл — қолы байланған тұтқынды еске салатын жаман ырым.
Белді босқа буынбайды. Өмірінде перзент көрмеген адам ғана белін босқа буынады.
Тізені, табанды тартуға болмайды. Ауруға шалдыққанда ғана тізе мен табанды тартады.
Тізені құшақтамайды. Бұл — «Ұрпақсыз қалдым», «Қу тіземнен басқа құшақтар қалмады» деген жаман ырымды білдіреді.
Жуған қолды сіліксе, ырыс-несібе кетеді.
Адамға қарап қолды шошайту әдепсіздік болып саналады.
Саусақты, қолды орынсыз ауызға салуға болмайды, бұл да әдепсіздік белгісі.
Екі қолды төбеге қойып отыруға болмайды. Басына қайғы-қасірет түскен адам ғана екі қолын төбесіне қойып отырады.
Аяқ-қолды жіппен байлауға болмайды. Себебі бұл қол-аяғы байланған тұтқынды еске салады.
Басты шайқауға, тісті қайрай беруге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана осылай істейді.
Таңдай қағуға болмайды. Үй ішінде тандай қаға беру — жаманшылық (өлім-жітім) шақыру белгісі.
Біреуге қарап ерін шығаруға, үлкен адам алдында аяқты созып отыруға, адамға қарай түшкіруге, түкіруге, үлкен кісінін жолын кесіп өтуге болмайды; бұл қылықтардың бәрі де әдепсіздік болып саналады.
Құран оқығанда күлуге болмайды. Құранды жерге тастауға болмайды. Өйткені ол киелі кітап.
Кісіге қарап бейберекет күлуге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана бейберекет күле береді.
Адамға қарап керілмейді, әдепсіздік болып саналады.
Жатқан кісінің үстінен аттамайды.
Кемтар адамға күлуге болмайды. Кемтар адамға күлсең, өз басыңа келеді.
Екі езуді керуге болмайды, себебі бұл әдепсіздік болып саналады.
Ішекті тартуға болмайды. Жаманшылық шақыру белгісі болып саналады.
Құдайға тіл тигізуге болмайды.
Тырнақты тістесе, ырыс-несібе кетеді.
Тырнақ пен бастың шашын бейсенбі мен жұмадан басқа күндері алады.
Сейсенбі күні үлкен іске кіріспейді, түнгі қонаққа мал сойылмайды, жаңа мекенге көшпейді, тіпті малды да санамайды. Қазақ халқында сәрсенбі сәтті күн болып есептеледі. Сондықтан барлық, істі сәрсенбі күні бастайды.
Түнде айнаға қарамайды. Адам түнде айнаға қарағанда қатты шошынуы мүмкін.
Итті, мысықты тебуге болмайды. Өйткені әрбір жан-жануардың киесі болады.
Ер адам төрге қарап жүрелеп отырмайды, өйткені ол қырық адамның жолын бөгейді. Егер әйел жүрелеп отырса, онда қырық адамның жолын оңғарады.
Ауылга атпен шауып келуге, үйге жүгіріп кіруге болмайды. Бұл қауіп-қатер не адам шығынының хабары деген жаман ырымға саналады. Егер сүйінші хабар болса, шауып келуге болады. Бірақ «Сүйінші, сүйінші» деп айқайлап келу керек.
Қайғылы, қазалы хабарды естірткенде немесе жаназаға шақырғанда атпен шауып келіп, шеткі үйге ғана хабарлайды. Ол үйдің иесі басқаларға хабарлауга тиіс.
Кісі ақысын жеуге болмайды. Кісі ақысын жеген адам о дүниеде тозаққа барады.
Жақын адамға мысық берсе, аралары суысып кетеді.
Құлаған үйдің, мал қораның ішінде адам дәретке отырмайды, киесі ұрады.
Жақын адамдарға пышақ, мылтық сыйламайды.
Күн батар алдыңда ұйықтауға болмайды. Батар күнмен жарысып ұйықтаған жаман ырымға саналады.
Түн ішінде тырнақ алмайды. Бұлай еткенде қол кесіліп кетуі, тамаққа тырнақ ұшып түсуі мүмкін.
Тырнақ пен шашты баспайды, отқа тастамайды, оларды адам баспайтын жерге көмеді.
Кірдің суын басуға болмайды. Барлық жаманшылық кірдің суымен кетеді, оны басу сол жаманшылықты үйіңе әкелгенмен бірдей.
Басты маңдайдан бастап жуады. Өйткені жақсылықтың бәрі адамның маңдайына жазылады.
Таяққа сүйенуге болмайды. Себебі жақыны қайтыс болған ер адамдар ғана таяққа сүйенген.
Бейіт тұсынан шауып өтуге, бейітке қарап қолды шошайтуға, оған қарап түзге отыруға болмайды. Өйткені бейіт киелі жер.
Өтірік жылауға болмайды. Бұл — қайғы-қасірет шақыратын жаман ырым.
Дәретханаға кіргенде сөйлеуге, күлуге болмайды. Дәретханаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу керек. Бойымдағы ауыртпалық дәретханада қалсын деп, сол аяқпен кіріп, жақсылықтың бәрі алдымнан жолықсын деп, оң аяқпен шығу жақсы ырым саналады.
Түнде су алуға бармайды. Ал бара қалған жағдайда «Су иесі Сүлеймен, су алуға рұқсат бер» деп, суға үш рет кесек лақтырып барып алған жөн.
Адамға мылтық оқтануға болмайды.
Шелектегі суға ауызды батыруға болмайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі