Өлең, жыр, ақындар

Қатындардың амалы

Баяғында екі қатын отырып, сырымызды айтыссақ, сен осы …мен не қылдым деседі. Сонда біреуі тұрып:

— Менім алғаш түскенде келіншек кезім еді. Күйеуім домбырашы болатын. Бір жігіт маған сөз айтып жүрді. Бір күні күйеуім жылқыға кетіп, әлгі жігіт кіріп жатқанда, түн ортасы мезгілі байым келіп қалып, жатпақшы болды. Өзі ат жарыс қылып жатыр екен. Енді қайтерімді білмей, сасып қалдым да, домбыраны жұлып алып, күйеуіме беріп:

— Осы домбыраны сіз көңіліңізбен шертесіз бе, жоқ, көзіңізбен тартасыз ба? — дедім.

Күйеуім:

— Ой, ақымақтарым, домбыраны кісі көзбен шерте ме екен, көңілмен шертеді, — деді.

Мен:

— Ие, көңілмен-ай тартқаның қане? Көңіліңмен шертіп қарашы, — деп, көзін баса қойдым. Сонда ана жігіт шығып кетті. Менің қылғаным осы, — деді.

Сонда екінші біреуі айтады:

— Менім де келіншек күнім, бір байдың баласы сөз айтты, «беріп» жүруші еді. Бір күні күйеуім жолаушы кетті. Сол түні байдың баласы келіп, төсегімде жатыр еді, күйеуім келді де, әлгі жігітті буындырып, өзі кетіп қалды. Мен қайтерімді білмей, сасып тұрдым да, өлген жігітті арқалап алып, түн ішінде өзінің үйіне алып барып, өзінің дауысына салып, қатынына «Әрі жат, жатамын», — дедім. Қатыны:

— Ие, менен жақсы жар тауып алдың ғой. Мені не қыласың, соныңа барсаңшы, — деді.

— Мен өкпелеген жанмын, өйтсең, …қылайын, — деп, жігітті далаға алып шығып, арқанмен ағашқа асып, өзім үйге қайтып келіп, енемді (күйеуімнің шешесін) буындырып өлтірдім де, қойныма салып қойып, өзім жата бердім.

— Ертесіне күйеуім өз шешесін өлтіріп қойдым деп жылап, ана қатын өз байыма бір ауыз жаман сөзіммен ренжітіп, өлтірдім деп, жыласып жатты. Менің қылғаным осы, — депті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз