Ертеде қазақ намазды, намаз оқуды білмейді екен. Тек намаз деген болады деп есітеді екен, соны үйренсек деп, аңыз қылысады екен.
Күндерде бір күн ауылға бір татар саудагер келеді. Ол ауылдың ақсақалы Айжарықтың үйіне қонады. Қонақ жатарда «Құтпа» намазын оқиды. Қонақ намазын оқып болған соң Айжарық:
— Құтты қонағым, мұның не ырым? — деп сұрайды.
Татар Айжарықтың намазды білмейтінін сезіп, мұны бір қызық етейін деп ойлайды. Сүйтеді де:
— Ақсақал, бұл — намаз, — дейді.
— Әп, бәрекелді, біздің іздегеніміз осы намаз еді. Құтты қонағым, осы намазыңнан құрттай бер, болмаса, қайдан алуға болады, жөнін айт, — деп, Айжарық шап ете түседі.
— Менің намазым шамалы еді, жолыма жетпей қалатын сияқты. Базарда намаздан көп нәрсе жоқ, сонан сатып алуыңызға болады, — деп, қонақ жайын айтады.
Ертеңіне саудагер ерте тұрып, сапар шегеді. Ауылға Айжарық намаз тауыпты— мыс деген хабар жайылады. Жұрт жиналып келіп, Айжарық оларға қонақтың айтқанын айтады. Сонан кейін жұрт ақылдасып, мал жинап, ортадан Айжарықты базарға аттандырады:
— Малды сатып, соның ақшасына намаз сатып әкел, — дейді.
Айжарық базарға келіп, малын бұлдап, намаз іздейді. Іздеп жүріп, құмыраға қамап, бал арасын уыстап тұрған бір татарға кездеседі:
— Мұның не?
— Намаз.
— Сатасың ба?
— Сатам.
Айжарық намазды сатып алады. Сүйтеді де, татардан:
— Мұны қалай үйренеміз? — деп сұрайды. Татар түсіндіреді.
— Намаз үйренемін дегендерді бір үйге жина, үйді мықтап тұмшала, талаптыларды тырдай жалаңашта, сонан кейін құмыраның аузын аш. Сонда намаз дуылдап шығып, бойларыңа дариды, — дейді.
Айжарық ауылға келіп, татардың айтқанын істейді: ауылдың барлық игі-жақсы адамдарын бір үйге жинайды, үйді әбден тұмшалайды, жиналған жұртты тыр жалаңаш етіп шешіндіреді, сонан кейін аузын ашып, бал арасын қозғап, үркітіп жібереді.
Бал арасы быжылдап ұшып, жұртты шағады. Денесі дуылдаған жұрт әуелде:
— Жарықтық, бойға дуылдатып, ашытып дариды екен, — деседі. Кейін шыдай алмай, құлындай шыңғырып, тулап, опыр-топыр жүгіріседі.
Ақырында, үйді бұзып, бет-бетімен қашады. Сонда Айжарық үйдің ергенегін мойнына іліп, қашады. Бал арасы қашқан жұртты қуып, әр жаққа тарап кетеді.
Әлдене уақытта ел есін жинап, кім, қайда деп, бір-бірін іздейді. Сонда біреу көрші ауылдан келген біреуден Айжарықты сұрайды. Ол:
— Ергенегі мойнында,
Екі намаз соңында,
Өзі хақтың жолында
Анау қырдан асып кетіп бара жатыр, —
дейді. Айжарықтың аулы намазды осылай үйреніпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі