Тіпті, бұрынғы заманда бір дуана Қожанасыр деген болыпты. Әйтеуір, бір адам, не ақылды емес, не ақымақ емес, не тентек емес, не момын емес. Оған таныс болған емесдүр қайғы да, машақат та, өш алу да, һәм күншілдік те. Ол өзі Құдай деген кісі еді, һәм әрқашан өзінде не бар болса, соныменен қанағат қылар еді, ілгергі уақытта қайтемін деп, қам жемейінше. Ол турада айтылған қазақ арасында көп сөздер бар. Бұларды санауға мүмкін емес. Біз бұлардың ішінен бағзы біреулерін алып, жазуға жаһат етеміз.
Бір күні Қожанасыр көк есегіне мініп алып, отын алғалы ағаш ішіне барды. Ағаш ішіне келіп, бір ағаштың бұтағына шығып алып, бұтақты түбінен кесе бастады. Дәл со уақытта бір жолаушы адам қасынан өте беріп, бұған айғайлап айтады:
— Ағаш құласа, астында калып өлесің ғой, — деп. Дуана айтады:
— Ей, әулие, тоқта, сен маған айт, мен қашан, қалайша өлсем керек? — дейді. Жолаушы тоқтамастан жүре беріп, бірақ оған айтты:
— Сен ақымақ екенсің, — деп. Сонда Қожанасыр жіберместен сұрайды: «Қашан өлетұғынымды айт», — деп. Жолаушы әбден мазасын ала берген соң ашуланып:
— Ақымақ, сен қашан есегің үш мәртебе сүрінсе, сонда өлесің, — дейді.
— Тәңір жарылқасын, әулие! — деп, дуана айтады, — Тәңір жарылқасын, жасырмай, маған шыныңды айтқаныңа, енді жүре бер, жолың болсын, бірақ менің үшін дұға қыл, Алла тағала мені өлімнен сақтап, есегіме қуат беріп, мені отынымменен үйіме аман жеткізуге, — дейді.
Қожанасыр отынын алып, есегіне артып, һәм үстіне өзі мініп алды. Ауыр жүкті көтеріп жүруге есегінің күші келмеді. Отыз қадам шықпай жатып, сүрініп кеткен еді, Қожанасыр қорыққанынан «я, Алла» — деп зарланып, — «шыныменен өлемін бе?» — дейді.
Біраз уақыттан кейін есегі тағы да сүрініп кетіп еді, дуана: «мен өлемін», — деп айғай салып, «Апырмай, бала-шаға, қатынымды көре алмай қаламын ба?» — деді. Бейшара есегі әрең-мәрең ағашқа жақын тұрған көпірге келіп жетіп, дәл көпірдің ортасына келгенде сүрінгеніменен тұрмай, жығылып та қалды. Қожанасыр есегіменен бірге жатып, айғайлады: «Міне, өлдім, қош бол, қатыным, сүйікті балаларым», — деді. Есекпенен дуана көпір үстінде жатып алды. Есек ауыр жүкпенен тұра алмай жатса, дуана: «Өлдім», — деп жатыр. Қожанасыр жатып ойлайды: «Мен өлдім, қайда Мүңкір-Нәңкір, не себепті келіп маған азабын салмайды», — деп. Дәл сол уақытта көпірге қарай жақындап, бір-екі керуенбасы келе жатыр еді, арттарында көп керуендері бар. Керуенбасылардың аттары Қожанасыр менен есегінен үрке бастады және көпірдің тарлығы сондай еді, дәл Қожанасыр менен есегінің ортасынан өтсе керек. Сонда керуенбасылар айғай салып айтады:
— Ей, кісі, тұр, бізге жол бер, біз өтіп кетелік, — дейді.
Қожанасыр жауап сұрайтұғын періште деп біліп, бұларға айтады:
— Ай, Алла тағаланың періштелері, мен өз ғұмырымда ешбір жамандық қылғаным жоқ, әлсіздерді ренжіткенім жоқ, күнінде бес уақыт намазды бұлжытпастан, орнына келтіріп тұрдым, ықыласыммен ораза тұттым. Ей, жақсы періште, мені қинамаңыздар, — деді.
Керуенбасы оны ақылынан адасқан ғой деп біліп, олар Қожанасырға «Орныңнан тұр», — деп еді, ол тыңдамай, жатып алды:
— Мен жақсы кісімін, мені аяңыздар. Сендер мені тамұққа жіберейін деп тұрсыңдар ғой. Онан да мен осы орнымда жатып қалайын да, жанған оттың ішінде күйгенімше, — деді.
Сонда керуенбасылар мұны қамшының астына алып, сабай бастады. Бейшара Қожанасыр барлық күшін салып, қашып жөнелді.
Қожанасыр үйіне қарай демалмастан қашып келе жатыр, жақсы адамдардың оны тірілтіп жібергеніне ғана қуаныпты.
***
Жолда өлген адамды арулап көмгелі апара жатқандарға жолықты. Олар бұған айтты өлген бір байдың қызын көмгелі апара жатырмыз деп. Қожанасыр ойлайды: мені керуенбасылар ұрып еді, мен тірілдім, һәм мен де бұл өлген қызды тірілтіп қарайын. Тірілтсем, мұның үшін мен көп сый алармын деп.
— Ей, жақсы мұсылмандар, естіңіздер, — деп айғай салып, — сіздер маған не бересіздер, егерде мен бұ қызды тірілтсем, — деді.
— Жомарттық қылып көп сый беремін, тек менің қызымды тірілт. Мен сенің төбеңнен төмен қарай алтын құямын, һәм мың жылқы беремін, — деді.
Қожанасыр қолына сойыл алып, ай-жайға қарамай, өлген кызды ұра бастады. Қожанасыр қалай ұрса да, қызды орнынан тұрғыза алмады. Дуана ешнәрсе қыла алмағанын көріп, һәм оны ақылынан адасқан ғой деп біліп, жаназаға жиылған адамдар оны мейлінше ұрды.
***
Қожанасыр базардан бір қой сатып алып, жетектеп, үйіне алып келе жатса, алдынан көп шәкірттер жолығады. Бұлар топтанып, медреседен шығып бара жатыр еді. Олар мұны хұп білуші еді, һәм мұның қылығына әр уақытта күлуші еді. Содыр балалар Қожанасырға әрбір қалжың, күлкі сөздер айтып, сөз сұрады. Бұлардың сөздеріне Қожанасыр да тиісті, күлкілі жауап қайтарды.
Шәкірттер айтты:
— Рас-ақ, Қожеке, сіз білмейсіз бе, ертең заманақыр болатұғынын? Молда бізге айтты: «барыңдар, ойнап-күліңдер, сендерге ғұмыр сүруге көп қалған жоқ» деп, — дейді.
— Қожеке, сізге қойдың не керегі бар, ертең бәріміз де өлеміз ғой, — дейді.
— Сен онан да мұны сойып, етіменен бізді тойғыз, — дейді.
— Жарайды, балалар, — дейді Қожанасыр.
— Өзеннің жағасына барайық та, менің қойымды тасаттық қылайық, — дейді.
Қожанасыр һәм шәкірттер судың жағасына келіп, қойды сойды, дуана қойдың етін аса бастайды. Әмме шәкірттер киімдерін Қожанасырға қалдырып, өздері шомылуға кетісті. Олар шомылып жүрген уақытта Қожанасыр олардың киімдерін жиып алып, отқа жағып жіберді.
Шәкірттер қайтып келіп, Қожадан сұрады:
— Біздің киімдеріміз қайда? — деп.
— Шырағым, балаларым, — деп, Қожанасыр жауап берді, — ертең заманақыр болады, киімнің сіздерге не керегі бар, мен оларды отқа жағып жібердім, — дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі