Бидай ұнынан пісірілетін тағамның бір түрі — бауырсақ. Бауырсақтың түрлері көп. Оны ашытып та, ашытпай да, көлемін әр түрлі етіп пісіре береді. Қазақ халқында иленіп пісіру жағы ұқсас болғанымен пішіні мен үлкендігіне байланысты бауырсақтың бірнеше атауы бар.
Ши бауырсақ — еленген ұнға жұмыртқа жарып құйып, сүтке немесе сорпаға иленеді. Қамырды жұқалап (қалыңдығы 05 см) жайып, жіңішкелеп (ұзындығы 2,5 см) ұсақ кесіп немесе жастықша кәмпит секілді пішінде кесіп, қайнап жатқан майға қуырады.
Ақ бауырсақ — пісіруге ашыған қамыр қолданған дұрыс. Жақсылап еленген ұнға еріген сарымай құйып, тұз бен ашытқы салып екі-үш сағатқа қояды. Ашыған қамырды ысып, сопақша етіп ескен соң домалақтап кесіп, қыздырылған құйрық майға салып қуырады. Мұның ақ бауырсақ аталу себебі — суыған кезде құйрық май қатып, бауырсақтың түсі ағарып қалады. С.Қасимановтың деректеріне сүйенсек, ақ бауырсақ ертеде арнаулы, сыйлы қонақтарға арнап дайындалған.
Түйе бауырсақ — бауырсақтың ірілеу түрі. Түйе бауырсақ үлкен әрі дөңгелек пішінді болады.
Шәй бауырсақ — қамыры ашытылмай айранға иленіп, шайға тез арада әзірленетін бауырсақ түрі. Тазартылған ұнды ашыған айранға тұз қосып иінін қандырып илеп, үлкендеу етіп кесіп қызған майға тоғытып қуырады.
Тұш бауырсақ — сүт, май, қант езген су, жұмыртқа қосылады. Қуырып болған соң сары май жаққан формаға салынып, үстіне бал құйып көкнәр (мак) себіледі, мәмпәси, мейіз салып қатырады. Тұш бауырсақ татар халқының ұлттық тағамы саналатын чак-чакка ұқсас келеді.
Ашыған бауырсақ — иленген ұнға жұмыртқа мен ашытқы езілген су қосылып, жұмсақ болып иленеді. Көтерілу барысында екі-үш рет жылы сумен басып отырады. Кесерде ұны аз болса, сырты қатты қызармай, жақсы піседі. Қуыратын майы бір қалыпты қызу керек.
Бармақ бауырсақ — иленуі ши бауырсақ секілді. Бар айырмашылығы — көлемінің ұзыншалау болуы. Аталуы айтып тұрғандай бармақ пішінінде жасалады. Өңірлік ерекшеліктерге байланысты атауы мен пішіні ірілене береді.
Жалпақ бауырсақ — иленуі шәй бауырсақ секілді, пішіні кішігірім қалаш секілді, дөңгелек, ортасы пышақпен кесіледі. өзгелердің “тоқаш” атты тағамына ұқсас болады.
Жол бауырсақ — ертеде ата-бабамыз ұзақ жолға арнап, тоң майға пісірген бауырсақ түрі. Атауына сәйкес жылдам ашытылып, ұзыннан шиыра отырып, қолмен үзіп-үзіп ыстық майға салып тездетіп қуырып алатын бауырсақ.
Еспе бауырсақ — қамыры таба нанның қамырымен бірдей болады. Ал иленген соң бармақ жуандығындай етіп, жіп ескендей есіп, екі ұшын қосып әзірлейді. Бұл бауырсақ ертеде құйрық майға шыжғырылып дайындалған.
Бұрама бауырсақ - қамырды есіп, біріктіріп, кейін бұрап қуыратын түрі. Оның сыртына бал жағып немесе құмшекер сеуіп те ұсынатын болған.
Бадана бауырсақ — сүт немесе суға ашытқыны езіп, қамыр көтерілген соң, қатты қайнап жатқан майға қуырылады. Көлемін 4-5 см етіп кессе, піскенде кішігірім жұдырықтай боп, томпиып шығады.
Оқуға кеңес береміз:
Ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдар
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі