Өлең, жыр, ақындар

Бала тәрбиесі

Бір әкеден туған, мінез-құлықтары мүлде үйлеспейтін екі ұл болыпты. Олар өсіп, мектепті тамамдап, кәсіп таңдайтын жасқа да жетіпті. Балалар ақыл сұрап, әкесінің алдына келеді.

— Әке, менің бай болғым келеді. Бірақ маған мұғалімім сен сараңсың деген еді, сараң адам ешқашан бай болмайды екен, ендеше мен де ешқашан бай болмайтын шығармын.

— Балапаным-ау, мүлде керісінше ғой. Сен үнемшілсің, сондықтан бай боласың.  

— Менің де бай болғым келеді — дейді екінші ұл. — Бірақ та мен ақшаны үнемдегеннен гөрі жұмсағанды жақсы көремін. Мен ешқашан бай болмайтын шығармын.

— Балам-ау, қайта сенің ақшаға байланып қалған емессің. Ендеше, оны бизнеске көп ойланбай батыл түрде салатын боласың. Сондықтан сен бай болмағанда кім бай болады.

— Мен сондай, қыңыр-қырсықпын, — дейді біріншісі.    

— Жоқ, сен сондай өткір, өжетсің, сондықтан бай боласың.

— Мен барып тұрған жайбасар, ынжықпын, — дейді екіншісі.

— Жоқ, сен әр қадамыңды бүге-шігесіне дейін есептейсің, сондықтан бай боласың.

— Мен сондай сабырсызбын, ұшып-қонып отырмасам болмайды. Жүйкем сыр бере бастаған сияқты.   

— Керісінше, сен  керемет жігерлісің, асып-тасыған күш-қайратыңды әзірге қоярға жер таппай жүрсің. Оны керек жерге жұмсай білсең, сенен асқан бай адамды шырақ алып іздесең таба алмайсың!

— Мен кержалқаудың өзімін.

— Жоқ, олай емес, сен жақсы тынығуды және күшіңді қалай бөлуді білесің, сен бай болмағанда кім бай болады.

— Мен туралы есер деген сөз жиі айтылады.

— Мүлде басқаша ғой, сен әсершілсің, өз сезіміңді жасырмайсың. Бұл кісіні өзіне тартып тұрады. Бұл деген жақсы ғой.

— Ал мен томаға-тұйықпын.

— Қандай ғажап, бәсекелестерің сенің не ойлағаныңды ешқашан біле алмайды. Бизнес үшін таптырмайтын қасиет.

— Мен сондай ызақормын, — дейді біріншісі.

— Ызақор емес, талапшылсың.

— Мен болсам, тым жұмсақпын.

— Ендеше, адамдар саған шын ықыласымен көмектесетін болады.

— Мен тым сыңаржақпын.

— Тамаша, мақсатыңа жетпей қоймайсың.

— Ал мен болсам, алқа-салқа, жағасы жайлау бір жанмын.

— Шырағым-ау сен нағыз шығармашылықтың адамысың ғой.

Осылайша, ақылды әке мінез-құлқы әркелкі қос ұлына бақытқа барар жол сілтепті деседі.

Бұл өмірде әркімнің өз бақытын табуға мүмкіндігі мол екен ғой!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз