Ел аралап жүрген жақсылар қой баққан балаға кезігіп:
— Анау көрінген қай ауыл? — дейді.
— «Мезгіл», — депті қой бағушы бала.
— Одан әрі қай ауыл бар?
— Оның ар жағында «Қайда-қайда» ауылы, одан әрі «Әттеген-ай» ауылдары бір-біріне жапсарлас қонған.
— Балам әкең үйіңе кісі қондыра ма? Қонақасы бере ме?
— Е, неге қондырмасын, қондырады, қонағасын береді. Бар болса, біреу, жоқ болса, екеу немесе үш қой сояды.
...Қойшы баланың сөзіне мән бермеген олар ілгері жүріп кетеді. Әлгінде батқан күн байып, бағанағы айтқан ауылдарды таба алмай адасып, кері оралған бұлар алғашқы «Мезгіл» деген ауылға келіп амалсыз шеттегі үйге түседі. Ет піскенде қолына су құйған баланы таныған ішіндегі бір би:
— Бағана сен жол көрсеткенде дұрыс айтпай, бізді адастырып, азапқа салғаның не? — депті.
— Менің айтқанымның төркінін түсінбеген кінә өздеріңізде. «Мезгіл» дегенім күн батты, енді ілгері жүрмей қонатын уақыт болды дегенім еді. Алдарыңда «Қайда-қайда» ауылы бар дегенім, түн болған соң адасатындарыңызды ескерткенім еді. Одан әрі «Әттеген-ай» ауылы барын айтқаным, өкінішпен азаптанып, адасып, кері оралатындарыңызды біліп едім.
Әкем қондырса, сіздерге болса біреу, болмаса екі немесе үш қой сояды дегенім, қонағына сойған жалғыз буаз қойының ішінен егіз лақ шықты. Сіздер мені баласынып, сөзімді шаласынып жөндеріңізге кеттіңіздер ғой, — депті.
Балам, атың кім? — дейді сонда би.
— Досбол! — депті бала.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі