Өлең, жыр, ақындар

Өске ақынның Наурызбайға айтқаны

Өске Қарабалық-Қыпшақ атты елдердің биі болған. Қазыбек деген кісінің жанында жүріп, ақындық құрған. Бірақ, би-болыстардың зорлық-зомбылығын күн сайын көрген Өске Қазыбек бидің жанынан кеткісі келеді.

Өске өз еліне қайтып кеп, бай інісінің қасынан қоныс салып, қалған өмірін өткізеді. Інісінің үйінде ауыл молдасы болады. Өзі ақын, өзі əңгімешіл Өске күні бойы молдамен əңгімелесіп, інісінің үйінде болады.

Өске өзі қымызқор екен. Молдамен сөйлесіп отырып, келініне: «Келін, сусын əкел!» деп қымызды əлсін-əлсін сұрай берген соң, келіні бір күні былай дейді: «Мешкей бұрын біреу еді (молда), Құдай енді құзғындай мешкейді екеу қылды». Мұны естіген Өске қымызды ішпей қоя салып, үйден шығып, өз үйіне келіп, əйеліне айтыпты:

Ал, қатын, жық үйіңды, арт күркеңді,
Екеуара мінелік бүкір көкке.
Кешкісіне тəуекел белді байлап,
Шарықтан мен ұшамын жиһан-көкке.

Қырыққа келмей атандым құзғын-мешкей,
Осы жазды өткізейін енді қымыз ішпей.
Аузына Троск қонып алып,
Жұрт көшсе де мен көшпен, дуан көшпей.

Сол күні кешкісін бүкір көлікке жүгін артып, Қазыбек бидің еліне қарай бет қояды. Қазыбек бидің аулына бес шақырымдай қалғанда, əйелі мен жүгін қалдырып, өзі жеке келеді ауылға.

Қазыбек би қайтыс болған екен. Жалғыз баласы Наурызбай болыс болып, ел аралап кеткен екен. Үйге кіріп келгенде, 3-4 əйел шай ішіп отырады. Наурызбайдың əйелі Өскені кісі құрлы көрмей, ішіп отырған самауырдан үш кесе шай береді. Бұған сусыны қанбаған Өске қымыз сұрайды. Бірақ, қымыз орнына Наурызбайдың əйелі іркіт ұсынады. Өске іркітті ішпей, қайыра береді де, далаға шығады. Осы кезде жанында билері бар Наурызбай болыс келіп түседі. Бұлармен бірге Өске тағы да кіреді. Би-болыстар қайыра-қайыра қымыз ішіп, қызу əңгімеге кіріседі.

Ерігіп қызған би мен байлар өлең айтуға ұйғарып, жағалай өлең айтуға кіріседі. Төрде отырған жуандар: — Өлеңді анау отырған шал бастап айтсын, — деп домбыраны Өскеге береді. Өске іркілмей домбыраны алып, былай дейді:

Ассалаумағалайкум, би Наурызбай!
Пəнденің дəулет бітсе, көңілі жай.
Өлгенде сүйегіммен бірге кетер,
Шекерсіз бесінде ішкен үш кесе шай.
Япырым-ау, қонақкəде қайдан шықты,
Шекерсіз бесінде ішкен шайдан шықты.
Сабада сары қымыз тұрса-дағы,
Шелектен іріп кеткен айран шықты.
Қартайсаң түрлі қайғы түседі еске,
Жетексіз мен ақсақ нар ерген көшке.
Орнына Қазыкемнің сəлем бере,
Қонаға көк шолақпен келдім кешке.
Науанжан, би-болыссың байтақ елге,
Алмайсың ба қылышыңды буған белге.
Алыстан іздеп келген сарбас аққу,
Жатарға баурым төсеп айдын көлге.
Көл түгіл шұқанақтай жоқ мазасы,
Секілді ұсап қалған екенсіз құры шөлге.
«Не нəрсе иесімен» деген қайда?
Көзімнен пыр-пыр ұшты қайран аға-жеңге.
Науанжан, қадірлі інім, жөнге жетік,
Пəнденің дəулет бітсе, көңілі тетік.
Шекерсіз бесінде ішкен үш кесе шай,
Көңілім көтерілсін оған нетіп.
Науанжан, мұнымен көрген күннің бəрі бекер,
Баласын Қарабалық қылдың нөкер.
Көп беріп, көргендіден алсаң əйел,
Əрқашан дос-дұшпаныңа құрмет етер.
Аз беріп, көргенсізден алсаң əйел,
Төсекке бір жатқанын міндет етер.

Бұл сөзді айтқан кезде Наурызбайдың əйелі ашуланып, шабын тырнап, орнынан тұрады. Оны да көріп қалған Өске мынаны айтады:

Шүңгіл көз, қайқы тұмсық, қотыр келін,
Үрпиіп тұра бермей отыр, келін.
Көргенсіз сендей жанды көргенім жоқ,
Қолыңа жаңа тиді ме бұтың, келін.
Айтамын айт деген соң айыбың, келін,
Мейманның неге таппайсың бабын, келін.
Оңбаған, сендей жанды көргенім жоқ,
Қолыңа жаңа тиіп тұр ма шабың, келін.
Науанжан, менің айтқан тілімді алсаң,
Бұл иттің кесіп таста тиген жерін.
Ататегі əуелден оңбай кекеңдеген,
Өмірінше бел-бұты бекімеген.

О-дағы желім қайыс кемпір еді-ау,
Түндігін жауып қойып, етін жеген.
Түндігін жауып қойып, ет жегенше,
Жарықта жақсы емес пе көтін жеген.
Науанжан, қанша жақсымын десең-дағы,
Ақылың толып жатыр əлі де жетілмеген.

Бұл сөзден соң Науан орнынан ұшып тұрып, əйелінің жамандығын бетіне басып, балағаттап ұрсып, үйінен табан аузында қуып шығады. Отырған халық абыржып, асып-сасып, болысты ақылға шақырып, араша тұрады. Сонда отырып, болыстың жанында жүрген Бекназар деген би: — Құдай мына қайыршыны қайдан əкелді, ордамызды ойранға түсіріп? — деп Өскеге алая қарайды. Өске оған қаймықпай былай дейді:

Жайыңа текке отыр, Бекназарым,
Сен неге жамандадың, Жамақадай ел базарын?
Белгілі сен салауатың болмаған соң,
Не керек құр мақтану, сенің-дағы білем жайың!
Мен дағы мақтамаймын Жараспайды,
Байлығына оның қазақ таласпайды.
Мұқатай жалғыз сиыр сауып отыр,
Мұқажалға бір ешкі де қараспайды.
Айтқанда Жамақайды қалшылдайсың,
Жүзіндей ұстараның жарқылдайсың.
Өзіңнен тауып айтқан бір сөзің жоқ,
Кім айтса, соны қостап барқылдайсың.

Өске бұдай кейін Қыпшақбай биге:
Қыпшақбай, би болыпсың алпыс бесте,
Құданың құдіреті ғажап емес пе.
Төреңді түзу бермей, қисық берсең,
Маһшарда тартыларсың темір іске.
Сен мені танымасаң, ел ағасы,
Алтындай қадір білсең тон жағасы.
Кіреді киіз қазық жерге барып,
Қолыңда мықты болса қолағашы.
Торқаның бұқа тамақ мен Өскесі,
Аруағына Қазыекем келіп едім,
Əуелден бірге өскен ерке Өскесі.

Қазыбектің баласы Наурызбай — жаңа заң бойынша бірінші болыс болғандардың бірі. Қазыбек би өзі шешен, өзі əділетшіл би болған деседі. Ал, Өскені «Бұқа тамақ» деуінің себебі, өлең айтқанда тамағының тамыры білеуленіп кететін көрінеді. Сондықтан «Торқаның бұқа тамақ Өскесі» дейді екен.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз