І
Ертеде Еліс атты іске шебер, сөзге шешен ер болыпты. Оның шымыр тұлғасына да, сұңғыла ақылына да қыз-келіншек атаулы ғашық болыпты. Елістің Қалижан деген жан досы бар екен. Ол да шаруаға таптырмас хас жігіт екен. Екі дос серуен құрып, аң атып, алыс-алыс алқаптарды аралап уақыт өткізіпті. Сөйтіп жүргенде бір күні қарағайлы қара орманда екеуін қара бүркенген қарақшылар ұстап алыпты.
– Енді сендер біздің қайда екенімізді білесіңдер. Сендерді жібере алмаймыз, – деп олар екеуін өлтіріп тастамақ. Еңгезердей бойына икемі де үйлескен Қалижан сонда қолды-аяққа тұрмай, жанталасып жүріп, қашып кетеді. Жолы болмай жалғыз өзі қалып қойған Елістің мойнына арқан салынады.
– Мені өлтіріп, өздерің де опық жейтін болдыңдар-ау! – дейді Еліс есіре күліп. – Менің жынды досым қайтып оралады. Оның қандай жойқын екенін білсеңдер ғой!
– Керемет. Келе берсін, құшақ жая күтіп аламыз, үстіне сенің теріңнен шапан тігіп жабамыз, – деп мысқылдаған тобыр басшысы көп күттірмей белгі береді. Еліс биік дарға тартылған бойда, тосыннан шыр айнала ұшып келген өткір айбалта арқанды шауып өтеді. Астындағы тақтай тұғыр үстіне Еліс сылқ түседі. Сол мезетте тұлпармен шауып шыққан Қалижан серігін алдына лезде салып алып, бар екпінмен шаба жөнеледі.
Осылайша ол екеуі тұтқыннан азат болып, қарғыс атқан орманнан бастарын аулақ алып қашады. Бірақ ізін аңдыған баскесерлер көпке дейін маза бермейді. «Бұлардан қалай құтылсақ екен» деп Еліс ыза болады. Қалауын бергендей-ақ, күндердің бірінде «хан сарайын әлдебір қарақшылар тонап кетіпті» деген хабар ел арасына жайылады. Тонаушылардың жобалы сырт көрінісі қағазға кескінделіп, ауыл-аймаққа таратылыпты. Оны көрген екі дос бұлардың дәл сол ормандағы нақұрыстар екеніне көз жеткізеді. «Бұл қасқалар ұрынған екен. Отпен ойнағандар өртенеді!» деп көкейі қуанған Еліс Қалижанды ертіп, хан ордасына аттанып кетеді.
II
Екі дос ұзақ жол жүреді. Сарайға жете бергенде, сол аймақта қыдырып жүрген көп қыздың ішіндегі ерекше бір бикешке көздері түседі. Көз алдарында одан басқа ешкімді көрмейді. Әдейі бұрылып, қыздардың қасынан амандасып өтеді. Сонда айдай сұлу бикеш пен Елістің бір сәтке қарашықтары түйіседі. Сол арадан өте шығып, сәл ұзаған соң:
– Әй, Елеке, не болды сонша тесіліп? – дейді Қалижан қиялға батқан досының назарын бұрып.
– Ол сұлу кім болды екен?
– Ханның қызы да, көрмейсің бе жүрісін. Абай бол, досым, онымен байланысам деп басың бәлеге қалар.
– Жоқ, Қалеке. Мен саған былай айтайын, – дейді Еліс. – Ханның қызы ханшайым хас сұлудың өзі екен. Жан-жүректі жаулайтын оймақ ауыз, күлім көзі екен. Сәтін салып тұрғанда қолдан берген ердің нағыз езі екен.
– Дәмеңнің зорын. Қалауыңды естіп, Мұратбай тақсыр екеумізді жалаң аяқ қуып шықпаса жарар еді. Алдымен істің барысын ойлағанымыз жөн, басқа нәрсеге алаңдамай.
Хан сарайы дүйім жұртты тәнті еткен ғажайып құрылыс екен. Сарайға келе сала аттарын байлатып, Еліс пен Қалижан тікелей Мұратбай ханның құзырына рұқсат алып кіре барады. Өздерін таныстырған соң, мәселенің мән-жайынан түгел құлағдар болады. Әуелі түн ортасында улы иіс ауаға тарап күзетшілер масайрап, ұйықтап қалыпты. Артынша зиянкестер түк сездірмей ішке еніп алып, қазынаның тең жартысын жымқырып кетіпті. Сан соғып қалған күзетшілердің ұйқылы-ояу кейбіреуі ғана олардың жын-жыпырша аса ширақ қозғалатынына куәгер болыпты. Қанша жерден іздеу салынса да, олардың ешбірі назарға әлі іліге қоймапты. «Қазынаны орнықтыра алмасам, халқымның жағдайы не болмақ» деп хан содан қабырғасы қайысып отыр екен. Ал енді оның бағына орай Еліс пен Қалижан «қарақшылардың қайда екенін білеміз» деп баяндайды.
– Біз оларға қолға түсіп, құтылып шыға алған бірден бір кісілерміз, шамасы. Демек олардың өздерін құрықтауға да қауқарымыз жетеді. Сіз үшін бар күшімізді саламыз, – деп Еліс уәде етеді. Хан бұған іштей қуанады. Ал ханның бас уәзірі Тарлан болса, екі жігітке манадан көзбен тергеп қараған.
– Хан-ием, мына жалаңаяқтарға қалай сенім артуға болады?! Бұлар бізді құр сарсанға салып, ақымақ қылмақ, – деп ол наразы.
– Тәйт! Құдайы қонаққа тіл тигізгенің – менің беделіме сын екенін білмеуші ме едің?! Ендігәрі қайталанбасын! – деп хан оған сөгіс жасайды. Содан соң нөкерлеріне қонақтарды жақсылап күтіп алуды тапсырады. Тарланның назарынан қауіптене бастаған Еліс: «Бүгін түнде көзіңді ілме» деп Қалижанға ескертеді. Кешкісін нөкерлер екеуін бір бөлмеге жайғастырады. Сезгендей-ақ, түн батқанда жатын бөлмеге белдігіне қанжар ілген тымақты бір жігіт бастыртып кіреді. Есіктің екі жағында жасырынып тұрған Еліс пен Қалижан оны қапыда басып, тізерлетеді.
– Тоқтаңдар, тоқтаңдар, – деп жігіттің сонда жан даусы шығады. – Мен жендет емеспін. Мен ханшайымның қызметкерімін. Ол мені сіздерді қарауылдасын деп жіберген.
Аз ойланып екі дос жігітті қоя береді. Түріне қараса тәп-тәуір келіскен жігіт. Ол өзін Қаршыға деп таныстырады.
– Не үшін ханшайым біз үшін алаңдауда? Себеп бар ма? – дейді Еліс күмәні сейілмей.
– Соңғы күндері ол сарай ішінде бірнәрсенің бүлініп жатқанынан сезіктеніп, көңілі алагүдік болып жүр. Осыдан оның сақшыларға да сенімі азайған. Ал сіздер оның көзіне бірден іліндіңіздер. Ол тек өздеріңізден жағдайды қалыпқа келтіре алады деп үмітті. Және де сіздерді қорықтауды маған ғана сеніп тапсырды.
– Оның қолынан келеді деп ойлайсың ба? Бізді күзету? – деп Қалижан Еліске қарайды.
– Мен ханшайымның жеке сақшысы әрі жақын досымын. Мұнда ешкімнің де маған сес көрсетуге дәті бармайды, – деп Қаршыға нық жауабын береді. – Қысқасы, емін-еркін жата беріңіздер, сіздерге өзім бас-көзбін.
Қаршыға бұрылып бөлмеден шыға бергенде:
– Оның аты кім? – деп сұрайды Еліс артынан.
– Айбике.
– Ендеше таңертең Айбике ханшаға ер Елістен сәлем айта барыңыз.
– Ер Еліс пен Қалижан серіден, – дейді Қалижан тамағын қарнап қойып.
Екі жігіт еш алаңсыз ұйықтай береді. Қаршыға оларды қарауылдап, міз қақпай отырады. Жарым түн болғанда, күткеніндей-ақ, жүзін жасырған бір жендет ұрланып кіріп келеді. Қарсы алдынан кәдуілгі күзетшілердің орнына Қаршығаның өзі шыға келгенде, жендет сасқалақтап қалады. Қаршыға оған тап беріп, бас бармағын кесіп алады. Әбжіл жендет әйтеуір жан сақтап, қолын қойнына басқан күйі қаша жөнеледі.
Ертесіне Мұратбай хан жасақ құрып, әскерін Еліс пен Қалижанға сеніп тапсырады. Жорықтың жоспары бекітіліп, қызу дайындық басталады. Ал Қаршыға түндегі жайтты Айбикеге баяндайды. Айбике оған: «Жендетті тауып, ізіне түс» деп бұйырады. Қаршыға әркімге бір көз тастап жүрген тұста, арасында Сілеусін лақапты кісі бір жұдырығын матап алыпты. Ал бұл кісіні бір уақыттары басқа басқа емес, бас уәзір Тарланның қасынан көрген. Енді Қаршығаға бар құпия белгілі. Кешегі қастандығы іске аспай қалған соң, Тарлан енді Сілеусінді көзден таса бір шетке шығарып: «Орманға аттан да, топқа хабар бер. Кешке дейін із суытсын» деп тапсырады. «Бүгін сендердің масқараларың шығады, ал ертең жаназаларың, батырсымақтар» деп ойлайды Тарлан. Бірақ жендеті екеуін ту сыртынан бақылап, жасырынып тұрған Қаршыға жайлы ол қайдан білсін. Қаршыға Сілеусіннің артынан білдіртпей аңдып барып, орманға жеткізбей бұл жолы басын шауып тастайды. Тіміскілеп, қойнынан теріге бедерленген нағыз қарақшыларға тиесілі мүйізді сайтан белгісі мен бір орам қағазды тауып алады. Қағазда олардың орналасқан орындары сұлбаланып, кезектегі іс-әрекет жобасы қарастырылыпты. Таптырмас деректерді Қаршыға қоржынға салып алады да, өлікті дарияға ағызып жібереді.
Кешке таман хан әскері сақадай сай тізіліп, Еліс пен Қалижанға жол бастатып, жорыққа аттанып кетеді. Жолай Еліс Қалижанға:
– Мен ханшайымның тек көзіне емес, көңіліне де ілінген сыңайлымын, – деп ой түйгенін жеткізеді.
– Тасташы, сен ол үшін бар болғаны пайдалы адамсың, мына мен сияқты. Артық ештеңе жоқ, – деп келіспейді Қалижан. – Ол жәй ғана әкесінің абыройына қам жейді, ал оған көмектесе алатын екеуміз ғана.
Тас қараңғы болғанда қалың әскер қарағайлы орманға жетіп келеді. «Орманнан жан баласы табылмағанда, кешкен күйлерің не болар екен» деп іштей марқайып тұрған Тарланның күткені теріс шығып, өз денесіне өзі сыймай кетеді. Ең алдымен Еліс пен Қалижан бір топ әккі жігіттермен жан-жаққа шашырап, әрқайсысы бір-бір талдың төбесіне қонып алған қарауылдарды бірінен соң бірін құлатып, тазартып шығады. Содан соң Тарланның өзі қарулы әскерді орманның терең қойнауына бастап кіріп, өз тобырын жайбарақат отырған жерінен бас салып, басып-жаншуға тура келеді.
ІІІ
Тоналған байлықты түгел қайтарған соң Мұратбай ханның төбесі көкке жетіп, үлкен той жасайды.
– Бұл әлі соңы емес, тақсыр. Мен мұның артында кім тұрғанын әлі-ақ әшкерелеймін, – деп Еліс Тарланның көзінше ханға серт береді. Хан оған ризашылығын білдіріп, Қалижан екеуін сый-құрметке бөлеп, қырық күн қонақ қылады. Қырық күнде Еліс пен Айбикенің бір-біріне ынтызарлығы артып, Қаршыға арқылы хат-хабар алмасып жүреді. Осыдан Еліс Қаршығаның өзімен де жақын араласып кетеді. Ал Қалижан өзін шетке ысырылып қалғандай сезінсе де, қыз-жігіттермен ойнап-күліп, қыдырып, күпті көңілін алдандыруға тырысады. Күндер жылжып, енді Еліске табанды шешім қабылдаудың сәті келеді. Бар батылдығын жинап Еліс ханның алдынан өтіп, Айбикенің қолын сұрайды. Сонда хан ойланбастан:
– Қызымның өзіңдей нағыз батырға жар боларына разымын! – дейді. Ал Тарланның мұны естіп бойын одан сайын ыза-кек кернейді. Ол Елістің дәрежесі артып, оның шынайы бетін ашу үшін бар құзіретке ие болады деп қорыққандықтан енді бір амал ойластыра бастайды.
– Бұл жарыместер әбден құтырды. Білдей бір ханның күйеу баласы – мына жалаң аяқ неме ме?! Ақылға қонбайды! Бұл бассыздыққа тосқауыл қою керек! Оның жолы – сайыс. Кіл мықтылар жиналған үлкен сайыс!
«Елістің хан әулетіне лайықтығын тағы бір сынап көрсек» деген ұсынысын Тарлан дереу ханға жеткізеді. Мұратбай хан өз қызының пікірін білгісі келеді. Ал Айбике Еліспен бұл жолы жеке өзі жасырынша жолығып, оның ойын сұрайды. Сонда ешнәрседен тайсалмайтын Еліс:
– Күш сынасудан бас тартсам – жүрексінгенім. Тек осы жолы Тарланның дегені болсын. Сен үшін бар сынақты өткеріп, адал махаббатымызды баршасына әлі-ақ дәлелдеймін, – деп нық шешімін айтады. Бұл жауапқа Айбикенің көңілі толқып, жігіттің құшағына енеді. Осы кезде қос ғашықты сырттарынан бақылап тұрған Қаршығаның жүрегі сыздап сала береді...
Айбикенің рұқсатын алған соң, хан жарлығы шығады.
«Уа, халайық, тыңдаңыздар! Хан-иеміз үлкен сайыс ұйымдастырмақ! Жеті өнері бойына тұнған сайыпқыран жігіттердің барлығы сарайға жиналсын. Кім жеңіске жетсе, ханның қызы айдай сұлу Айбике соған бұйырады!»
Сарайға шартараптан сайыпқыран жігіттер ағыла бастайды. Тарлан сонда Еліске қарсы арнайылап осы елдің ең керемет сұрмергенін, ең жүйрік шабандозды, және де жауырыны жерге тимеген ең беделді Шомбал атты палуанды алдыртады. Ең алдымен барлық қатысушылар үлкен алаңға, көрермен қауымның алдына жиылады. Хабарлаушы әрқайсысына бір тоқталып, осыған дейінгі жетістіктерін тізбектей бір шетінен таныстырып өткен соң: «Тоқтай тұрыңдар, тағы бір қатысушымыз бар екен. Ортаға шықсын!» дейді бөгеліп. Сол мезет иығына бөрі асынып Қаршығаның дәл өзі ортаға шыға келеді. Оны танығандардың бәрі аң-таң. Қаршыға төрдегі өз тағына жайғасқан Айбикеге бір қарап, Елісті қырағы көзімен бір атып, қатарға тұрады.
– Құдайым-ау! Не үшін?! Қайда сенің тілектестігің?! – деп Еліс оған кейиді. Айбике де бетін басып қынжылады. Не дегенмен, болар іс болды. Біраздан соң көптен күткен аламан-доданың басталуына пәрмен беріледі.
Сайыс үш кезеңнен құралған: мергендік сайысы, бәйге мен күрес. Нысанаға атудан Еліс әсте мүдірмейді, алайда Қаршығаның шеберлігі одан асып түсіп, алдын орап кетеді. Бәйгеде енді Еліс алдына жан салмай, Қаршығаны да шаң қаптырып, мәреге бірінші жетеді. Ал Тарланның сұрмергені атқан оғын далаға жіберіп, шабандозы жарты жолда ат-патымен аударылып қалады. Тек Шомбал ғана лайықты өнер көрсетеді. Сенім артқан үздіктерінің не себептен дәл осылай жарыстан шығып қалғанын ұқпай Тарланның басы қатады. Ендігі оның соңғы үміті – үшінші кезең.
Жігіттердің қос сайыстан іріктелген төрт жұбы ғана соңғы кезеңге аяқ басады. Алғашқы қарсыласын Шомбал өз деңгейінде ә дегеннен-ақ көтеріп ұрады. Ал Еліс мұндай нәтижеге аздап уақыт пен күш жұмсайды. Қаршыға болса қарсыластан жеңіліп жатып, біттім-ау дегенде амалын тауып, аяқпен орап жер жастандырады. Енді қалған шешуші екі жекпе-жектің алғашқысында Қаршығаға Елістің өзі түседі. Бір-бірінің аңысын аңдып, екеуі де сақ күреседі. Ақыры Еліс айласын асырып, Қаршығаны жығып алады да:
– Сенен мұндай опасыздық күткен жоқпын! – дейді оны буындырып жатып.
– Кешір… Айбикені басқа жанға қия алмаймын, – деп Қаршыға оның қолын тістеп алып, босап шығады. Еліс тұрып: «Ал сыбағаңды!» деп оны жұдырықпен қойып қалады. Күрестің арты ит төбелеске ұласады. Екеуі жердің шаңын көтеріп, беттерін қанға боясады. Екеуін нөкерлер жабылып жүріп әрең ажыратады. Ережені бірінші бұзғандықтан Қаршыға жеңілді деп танылады. Ол мұрнынан қан сорғалап, тістенген күйі алаңды босатып шығып кетеді.
Танауынан қан тоқтамаған Еліс шамалы үзіліс алады. Оның жанында Айбикенің өзі қалып, жарасын жазып, мейіріне бөлейді. Сонда Еліс бар шаршауын ұмытып, жеңіске деген құлшынысы арта түседі.
Ақтық мәреде Еліс пен Шомбал кездеседі. Қызу күрес ұзаққа созылады. Еліс Шомбалдың қармауынан ебін тауып қайта-қайта сытылып кете беріп, оны біраз әбігерге түсіреді. Ақырында арлы-берлі өтіп, жар денелі палуанды сүріндіріп, қолайлы сәтті пайдаланып аударып тастайды. Шомбал тұрып Елістің қолын өзі көтеріп, әділ жеңісті мойындайды. Ал Тарлан тағы да шарасыз сан соғып қалады. Халық жеңімпазға зор қошемет көрсетеді.
Тарланның алдыртқан шабандозы мен сұрмергенін Айбикенің өзі алғысын білдіріп, шығарып салады. Себебі ханшайым ол екеуін алдын ала құнын төлеп сатып алған екен. Тек Шомбал ғана келіспей қойыпты. Дегенмен Еліс одан шынайы басым түсіп, өз күшімен жеңісті жұлып алыпты.
IV
Енді хан еш шүбәсіз тойға дайындықты бастап кетеді. Шат-шадыман көпшіліктен бөлектеніп Қаршыға жалғыз өзі жабырқап отырады. Мұны бірден байқаған Тарлан онымен оңаша жолығады.
– Ханшайыммен бала кезден бірге өстім. Үнемі жанынан табылып, қызғыштай қорыдым. Ал енді даладан келген мына Еліс менен оны тартып алды, – деп Қаршыға Тарланға мұңын шағады. Жағдайды дереу пайдаланып Тарлан оны Еліске қарсы үгіттей бастайды.
– Түсінемін, інім. Және мұнда сені түсінетін мен ғана. Меніңше бұл әлі бастамасы. Бұл Еліс пен Қалижан өздері күдікті адамдар. Мен ойласам, олар тіпті әлгі қарақшылардың екеуі. Ормандағы жорықта олар қарауылдардың әрбірінің қайда орналасқанын анық білді. Өзің ойлашы, осыған дейін төбе көрсетпеген қарақшылар жайлы мұнша ақпарат оларға қайдан белгілі, егер өздері сол топтың ішінен шықпаса?! Барлығы бұларды нағыз батыр санап отыр, ал бұлар жәй ғана өз сыбайластарын сатып кетіп, өздері барлық атақ-даңқты иеленбек. Хан-иеме айтсам, сенбей жекіп тастайды. Құдды бұлар оны дуалап алғандай. Ханшайымның да басын айналдырып алған тәрізді. Енді бұл мәселені өзім шешпесем болмайды. Бірақ маған көмек керек. Сенің де Еліске деген өшпенділігіңді көріп, сол себепті тура өзіңе келіп отырмын. Оның үстіне, ханшайым бұл алаяқпен бірге болса, оған қауіп төнбесіне кім кепіл? Оны қаскөйдің тұзағынан құтқарып алу біздің басты міндетіміз!
Жауыздың арандатуына ерген Қаршыға:
– Демек бізге тез арада екеуінің де көзін құрту керек, – дейді азуланып.
– Асықпа, бізге қызбалық емес, қулық көмектеседі. Алдымен Елістің өзін көздеу керек. Ал Еліссіз аңғал Қалижанның шаруасы саусақ шертім.
Екеуі осылайша ауыз байласып, жоспарласады. Қаршыға Еліске бәсекелестігі үшін өкінетінін айтып, кешірім сұрайды. Онымен төс қағысып, қайта татуласқан соң: «Болған жайтты ұмытып, ес жаңартып, бой жазып қайтпадық па?» дейді. Сөйтіп олар ұзағынан серуендеп, аң атып жүргенде келісілген жерде Тарланның адамдары пайда болып, қоршауға алады. «Екеуміз бірге бұлардан әлдеқайда мықтымыз. Көкелерін танытайық!» деп Еліс енді оқтала бергенде, күтпеген жерден Қаршығаның өзі оны сойылмен шекесінен қойып қалып, талдырып түсіреді. «Тапсырманы орындадым, әрі қарай өздерің» деп Қаршыға ат басын қайырайын десе, жендеттер оны жібермей қояды. «Бастық бізге басқаша бұйырды» деп оның өзін жығып, қос талымсақты бастарына қап кигізіп алып кетеді…
Хан сарайында сақшылар Елісті іздеуге кіріскен. Қаршығаның да қарасы көрінбегесін барлығы содан күдіктенеді. Әйтеуір бір ілмек табу үшін Мұратбай хан Қаршығаның бөлмесін тексертеді. Тінту барысында мүйізді сайтан белгісі, бір орам қағаз және құтыға салынған бас бармақ табылады. Қағаздағы кескіннен оның қайда екені анықталған соң хан Қалижанға әскер қосып аттандырады. Айбике де сұранып бірге кетеді.
…Үстірттегі үңгірде шынжырлап байланған Еліс пен Қаршыға айбалталы Тарланның алдында тізерлеп отыр екен.
– Менің жоспарымның күл-талқанын шығардың. Осы үшін сені өзім бөлшектеп тастаймын! – деп Тарлан балтасын Елістің төбесіне келтіреді.
– Тоқтаңыз, мырза, – деп Қаршыға оны кідіртеді. – Оның жағдайы белгілі ғой. Ал мен ше? Мен сізге жақтаспын ғой! Қалайша маған қиянат жасамақсыз?!
– Түһ! – дейді Еліс күліп. – Ал өзіңнің мені осымен екінші рет сатып кеткеніңде жұмысың жоқ. Көрдің бе, інішек, не ексең соны орасың!
– Ал сен өзің не егіпсің сонда?! Сенде осылардың бірісің ғой. Енді міне отырысың.
– Бұл мазағың ба? Мен оған мына сен жақтассың деп ойлаппын.
– Доғарыңдар салғыласуды! – деп Тарлан жекіріп береді де, Қаршығаға қарап:
– Менің асылында кім екенімді көргеніңнен соң, сені шынымен түк болмағандай жібере салады деп ойладың ба? – дейді.
– Сіздің құпияңызды онсыз да біліп келгенмін. Егер сізді ұстап берер болсам, мен мұны баяғыда жасар едім. Мен сізге адал қызмет етем, мырза. Өтінемін, мені қоя беріңіз.
– Тұра тұр, – дейді Тарлан ұқпай қалып. – Не дейсің? Сен оны қайдан білдің?
– Мұның тылсым ештеңесі жоқ. Жәй ғана Сілеусін екеуіңізді аңдыдым.
– Сілеусін?... Демек… оны алып тастаған… сенсің… Сондықтан да хабарым орманға жетпей қалды, – дейді Тарлан істің байыбына енді жетіп. – Демек… сен онымен… ол сенімен… – деп ол қос тұтқынға кезек-кезек көз салады. – Мұның барлығы…
– Қойылым! – деп арқасынан Айбикенің дауысы жарқ етеді. Тарланның өңі әбден бозарады. Мұның барлығы Елістің жоспары болып шықты. Ол өзіне қастық қылу үшін Тарланның кез-келген мүмкіндікке жармасатынын біліп, Қаршығамен жалған текетірес ұйымдастырған. Сөйтіп Тарланды өздері қалағандай әрекет еткізді. Хан әскері оларды табу үшін Қаршыға қолындағы айғақтарды бөлмесінде әдейі қалдырып кетті. Сол арқылы Айбике мен Қалижан бастаған көп әскер тосыннан кіріп келеді де, Тарлан мен оның жендеттерін қылмыс үстінде құрықтап, Еліс пен Қаршығаны босатады. Қаны қайнаған Тарлан жазмышқа көнбей жұлқынып, тұтқыннан босап кетеді де, атқа мініп үңгірден қашып шығады. Артынан Еліс пен Қалижан қуа жөнеледі. Жартастың қиырына жетіп Тарлан тежеледі.
– Мұның бәрін халықтың қамы үшін жасадым! – деп ол амалсыздан Еліске қарап ағынан жарылады. – Мұратбай елді дұрыстап басқара алмайды. Халықтың жағдайы күннен күнге нашарлап барады. Ол сендердей бейқам сауықшылдарға емес, мына маған көрінеді. Мен хандықтың әлсіреуіне уақытша жол беріп, халықтың ханға деген сенімінен айырып, наразылықты күшейтіп, төңкеріс арқылы билікті өз қолыма алуым тиіс еді. Менің қол астымда мемлекет әлдеқайда нығайып, барлығынан асып түсер едік. Ал сендер мені ғана емес, бүкіл хандықты аяқтан шалдыңдар!
– Айтып тұрғаныңа өзің шын сенесің бе?! – дейді Еліс. – Адал патшадан көрі сендей пасық неме жақсырақ ел басқара ма?! Сен қанішер, залым қарақшыларды қолдадың. Сен әу бастан арамзалық жолды таңдадың. Сол жолда барынша қасарыстың. Ақыр соңы өз-өзіңді тығырыққа тіредің. Сондықтан бәріне өзің кінәлісің. Ал енді өз еркіңмен беріліп, лайықты жазаңды өтеуіңе тура келеді. Арманың таудай екен, бірақ іс жүзінде мәлім болғандай, сен сияқтылардың орны тақ емес, тар қапас.
– Жо-оқ, мен сендерге менің тағдырымды шешуге жол бермеймін! – деп Тарлан сонда қанжарын шығарады да, өз көкірегіне тығып алып, кеудесін тілгілеп тастап, аттан аударылып, құздан құлап өледі.
– Ал керек болса! Өз-өзін сойып тастады. Құрысыншы, – деп Қалижан қолын бір сілтейді де, кері айналып жылжи береді.
Сенім артқан уәзірінің шын мәнінде кім екенін енді білген Мұратбай хан қатты күрсініп, жүрегі жараланады. Десе де Елістей күйеу баласын тапқаны оның дертіне шипа болады. Сөйтіп, хан отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, Еліске қызын қосып, онымен бірге хандықтың бір үлкен қаласын табыстап басқартыпты. Ал оның жан досы Қалижанды қолбасшы сайлапты. Қаршыға болса жан құрбысы Айбикенің өмірлік бақытын тапқанына риза болып, өзімен өзі сенделіп қала беріпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі