Өлең, жыр, ақындар

Аяныш

Мектептен қайтып келе жатқанмын. Қарным ашқан соң сөмкемнен тоқаш алып, жей бастадым. Сәлден кейін артыма бұрылып қарасам, соңымнан бір ит еріп келеді екен. Аш екені түрінен көрініп тұр. Менің қолымдағы нанға қарап, жұтынып қояды. Тоқашымнан бір үзіп алып, тастадым. Артымнан біраз еріп жүрді де, ақыры жайына қала берді.

Келесі күні әлгі итке тағы да тап болдым. Мені күтіп жүрген тәрізді. Өзі әбден жүдепті. Соңымнан қалмай үйге дейін келді. Үйге кіріп, тамақ қалдығын алып шықтым. Ит соңымнан ерді. Қораға апарып, әкелген тамақты ыдысқа құйып бердім. Апам көріп:

— Мына итті сен әкеліп жүрсің бе? — деді.

— Өзі еріп келді. Аш екен, тамақ бердім. Апа, тимейікші! Жүре берсін, — дедім мен өтініш білдіріп.

— Жүрсе жүре берсін. Не ішіп қиратар дейсің, — деді апам.

Арада біраз күн өтті. Ит біздің үйге бауыр басып кетті. Ақтөс деп ат қойдық. Сөйтіп, ол ауланың күзетшісіне айналды. Сол Ақтөс бір-екі күннен бері жоқ. Іздеп, қораға кірдім. Қораның түкпірінен бір дыбыс шыққандай болды. Жақындап барсам, итім бұрыштағы шөпке күшіктепті. Күшіктеген соң оны апам жақтырмай жүрді. Апам сауыншы болатын. Бір күні жұмыстан ренжіп оралды. Қас-қабағына қарап, үндемей отырмыз. Бір кезде:

— Ана иттің бәріне тамақты қайдан тауып беремін? Күшіктерді бір жаққа апарып таста. Бүгіннен қалдырма, — деді қатқыл үнмен...

Көкемнің жоқтығы есіме түсті. Үйде менен басқа бір інім, екі қарындасым бар. Апамның ойын айтпай-ақ түсініп, жауап қайырған жоқпын.
Сәлден соң енесінің жанында бір күшік қалдырып, қалғандарын қапқа салып алып, қорадан шықтым. Ауыл шетіндегі бір ескі үйге келдім. Алдында бір келгенде оның ішінде ұра барын көрген едім. Күшіктерді қабымен сонда тастадым да, ұзай бердім. Біраз жерге келгенше құлағымнан күшіктердің қыңсылаған аянышты үні кетпей қойды.

Дәтім шыдамай, артыма қарай бердім. Ілгері басқан аяғым кері кетті. Не істерімді білмедім. Ақыры, күшіктерді қимай, қайта бардым. Қаптағы күшіктерді алып жатып: «Шіркін, көкем болса ғой! Мен сендерді мұнда әкелмеген болар едім», — дедім іштей аяп. Көзіме келіп қалған жасты тыя алмадым.

Кешікпей кері қайттым. Үйге қарай аяңдап келемін. Жылап келемін. Қаптағы күшіктер де қыңсылауын қояр емес...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз