Қанаттың папасы бір рет ауданға барғанда оған сыйлыққа тұсбағдар әкеліп берді. Үлкендігі сағаттай, жып-жылтыр, қара құтылы әдемі тұсбағдар. Тілінің қара бояулы ұшын қалай айналдырып жіберсең де, қалтырай теңселіп барып, солтүстікті нұсқап тұра қалады.
Қанат қуанып кетті. Мұндай тұсбағдар бұл ауылдағы балалардың ешқайсысында жоқ, тек мектепте ғана бар.
Қанат жүгіріп далаға шықты.
— Бодан, қарашы, менің тұсбағдарым бар!
Балалардың назары Қанатқа ауды. Бәрі ойындарын қойып, оны қоршап алды. «Кәне, бере тұршы», — деп, қай-қайсысы да ұстап көруге құштар боп, қолдарын созды.
Бірақ Қанат оларға тұсбағдарын бере қоймады. «Сен кеше бәкіңді беріп пе едің?» — деп, Теміржанның қолын қағып жіберді де, бетін басқаларға бұрды.
— Міне, қараңдаршы. Қалай айналдырып жіберсең де, солтүстікті көздеп тұра қалады...
Қанат тұсбағдарды әуелі өзінің тәуір деген жолдасы Боданға берді. Бодан мұндай дәрежеге ие болғанына мәртебесі өсіп, тұсбағдарға сұқтана қарап тұр.
Тағы екі-үш балаға көрсеткеннен кейін: «Жетеді енді! Бұзасыңдар!» — деп, Қанат тұсбағдарын жейдесінің төсқалтасына салып қойды.
...Шомылып болып, Қанат жейдесін киіп жатқанда, оның төсқалтасынан тұсбағдары сусып түсіп қалды. Ол оны сезбеді. Мұны Боданнан басқа ешкім байқамаған еді...
Балалар тоғайға бүлдірген теруге бармақшы болды.
— Мен бармаймын. Аяғыма шөңге кіріп кетеді, — деді Бодан.
Бодан самарқау басып қыстаққа қарай келе жатыр. Ұры көзбен артына әлсін-әлсін бұрылып қарап қояды. Балалардың қарасы тоғайға батып, көрінбей кеткенде, ол кілт тоқтады. Тағы біраз тосып тұрды да, содан соң кері қарай тұра жүгірді. Әлгіндегі өздері суға шомылған жерге жүгіріп келді. Шөптің арасында көрінер-көрінбес болып жатқан тұсбағдарды іліп алды да, шалбарының қалтасына сүңгітіп жіберді.
***
Бодан жетісіп келе жатыр. Қолында тұсбағдар. Әлгінде оны ұстап көру дәреже болса, енді өз билігінде. Бір кезде Бодан көкірегінен біреу түйіп қалғандай оқыс тоқтады. Жүзіндегі қуаныш сәулесін лезде ұнамсыз ой көлеңкесі басып барады. «Не істеймін бұл тұсбағдарды? Ешкімге көрсете алмаймын. Біліп қояды. Ұры атанам».
Әкесінің «Балам, адал бол! Біреудің ала жібін аттама!» деп ертелі-кеш таптап отыратыны қайда? Енді қайттім? Неге алдым? Түсіп қалған заматта өзіне неге айтпадым?»
...Бүлдіргеннен қайтқан балалар жақындап қалды. Ең алда Қанат келе жатыр. Қасындағы балаға әлденені дамылсыз сөйлеп, әбігерленіп келеді. Бодан қолындағы тұсбағдарды суға қарай лақтырып кеп жіберді...
Әдемі тұсбағдар күнге шағылысып барып шолп етті де, жоқ болды. Бітті...
Бодан онымен қоса жүрегін де лақтырып жібергендей, аса бір ауыр халде мәңгіріп тұрып қалды.
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі