Осы жылдар ішінде тұңғыш рет әкем атқа салт міну маған қол емес екенін айтты. Ол қолын иығыма салып, өзін жақсы түсініп алсын дегендей, сөзіне зор маңыз бере, аса салмақтап сөйледі:
— Салт атпен жүргенде, ат бүйірін аяқтарыңмен қысып отыруың керек. Желіске салғанда, дененің салмағын үзеңгіге көшіресің. Аяқтары сау жігітке бұл қиын емес… Бірақ сен аяқтарыңмен ат бүйірін қыса алмайсың, Алан. Бұл аяқтарың атқа салт мінуге жарамайды. Олай болса, бұл ойдан арыл. Мен сенің атқа мініп жүргеніңді қалаймын, анаң да. Бірақ тағдырға не шара…
Мен оны үнсіз тыңдадым, бірақ шындық екеніне сене алмадым. Оның өз сөзіне өзі сеніп тұрғанына таңғалдым. Ол алғаш рет қателесті, мен салт атқа мінуді үйренуге тас бекіндім.
Мектептегі балалардың бірінде Жұлдызша дейтін ат бар. Оның иесі — арық келген Боб Карлтон. Күн сайын үлкен үзіліс кезінде ол мектептен жарты шақырымдай жердегі жол бойындағы суатқа Жұлдызшаны суғаруға апаратын. Бұл міндетті ол ауырсынатын. Өйткені соның кесірінен мектеп ауласындағы ойындарға қатыса алмай қалатын.
Бірде мен Бобқа өзінің орнына Жұлдызшаға мініп, суатқа барып тұруды ұсындым, ол бірден келісті.
Күнде мен Жұлдызшаға мініп, суатқа барып жүрдім. Оны өзім жүгендеп, ерттейтінмін. Сосын Бобқа жетелеп апаратынмын. Ол менің атқа мінуіме көмектесіп, балдақтарымды мектеп қабырғасына сүйеп қоятын.
Бірер апта өткенде, ер үстінде отыруға төселіп қалдым. Құлап қалмасам екен деп ойлай бермейтін болғанмын. Еркінірек отырамын. Енді мен Жұлдызшаны жүргізіп үйрендім. Қолымның қимылымен оны оңға я солға бағыттай алатын болдым. Бұрылғанда онымен бірге еңкейіп, ол қайта тіктеліп, тура жүргенде, артқа шалқаямын.
Бір күні үлкен үзіліс кезінде Жұлдызшаға мініп, үйге бет алдым. Қақпаға таянғанымда, әкем есік алдында тұр екен. Мені көрген жоқ. Атты іркіп, әкеме қарап, әрі-бері тұрдым. Сосын айғай салдым:
— Е-ге-гей!
Әкем қақпа жаққа басын бұрды да, сол күйінше сілейіп тұрып қалды.
— Бұл сенбісің, Алан? — деді ол, астымдағы ат оның дауысынан үркіп ала қашатындай-ақ, ақырып сөйлеп.
— Иә! — деп саңқ еттім мен. — Бері келіңіз, маған қараңызшы. Есіңізде ме, маған ешқашан салт атпен жүре алмайсың деп едіңіз ғой? Ал енді көріңізші! Е-ге-гей! — деп, асау атпен шапқандағы әкемнің істегенін істеп, айғай салып, еңкейдім де, Жұлдызшаның бүйірінен «жақсы» аяғымның өкшесімен соғып қалдым.
Боз ат әуелде желе текіректеп, сосын шаба жөнелді. Мен тізгінді тарта, Жұлдызшаның қозғалысымен ер үстінде ырғақтап, оның қасынан өттім. Қайтадан кері
Міне, ол қақпа алдында тұр. Тықыршып, жер тарпиды, басын шұлғиды, бүйірін соғады. Танауын делдите дем алғаны, ер-тоқымның сықыры, жүгеннің сылдыры — осы дыбыстарды естуді қаншама армандадым десеңші!
— Тыңдашы, ұлым, — деді әкем байсалды үнмен. — Енді біз сенің атқа міне алатыныңды білеміз. Сен қақаның тұсынан дүрсілдетіп өте шықтың. Шабыс тура жолда ғана жақсы. Бірақ қазіргідей лекілдей берсең, онда көпке жеткізбей-ақ атты шаршатасың. Жылқы да адам сияқты: күтімі жақсы болса, күйлі болады. Ал қазір мектепке аяңдап бар да, Жұлдызшаны қоя бер.
Ол аз-кем үнсіз тұрды да, былай деп қосты:
— Сен нағыз жігітсің, Алан! Көңілім толды. Мен білсем, сенен жақсы шабандоз шығады.
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі