Өлең, жыр, ақындар

Болашаққа немесе өткен шаққа саяхат

— Қалай, балам, бүгін сабақтарыңнан қандай баға алдың? — деді атасы немересі Әлиханға.

— Жаман емес, ата, — деді немересі. — Білім тексеруші автомат «Математика», «Философия», «Ойлау жүйесі», «Шешендік сөздер»,   «Тіл — кие» пәндері бойынша білімімді жүз пайыз, ал «Ел тарихынан» 80 пайыз деп бағалапты. Мен Қазақия елінің ХХ ғасырдағы тарихынан біраз жайларды нақты білмейді екенмін. Әсіресе кеңестік кезеңді.

— Солай деші, — деді Алдияр атасы немересіне.

— Иә, ол кезең ел тарихындағы ең қиын заман болған екен. Оны сонау 2020 жылдары сенің жасыңда болған біздер де дұрыс оқыған едік. Бұл кезеңді зерттеп, зерделеп оқуың керек, балам. Халқыңның тарихын жетік білмесең, киелі тілін ойдағыдай меңгермесең, басқа ілім-ғылымды жақсы білем деу — ағаттық.

— Жарайды, ата, бұл сөзіңізді ұмытпаймын, — деген Әлихан сенімді үнмен.

— Ата, сіздер мектепте оқыған кезде тарихты дұрыс оқымасаңыздар, білім тексеруші автомат келесі сыныптарға қалай көшірген?

— Әй, балам-ай, — деп күлген атасы. — Ол кезде мұндай автомат деген болмайтын. Әр пәннің ұстазы сабақты өздері оқытып, біліміңді өздері бағалайтын.

— Қызық екен, — деген Әлихан. — Сабағым жақсы болса, жайлауға, фермаңызға қыдыртып қайтамын деп едіңіз ғой.

— Иә, айтқаным рас. Сен жайлауда киетін киімдеріңді даярлап, үйден шыға ғой. Мен автоұшақты әзірлейін.

Олар мінген автоұшақ тақтайдай жолмен біраз зырылдап барды да, қос қанаты бауырынан «өсіп» шыққан соң, қалықтап ұша жөнелген. Автоұшақ қырқалардан, жоталардан асып барып, таудағы жайлаудың жазықтау жеріне салынған шағын әуежайға келіп қонды.

Беткейлерде үйір-үйір жылқылар бытырай жайылып жатты.

— Ата, фермаңызда неше жылқышы бар? — деп сұраған немересіне атасы:

— Жылқышылар емес, үш жүздей жылқымды екі-ақ құлтемір бағады, — деген.

Немересі тайға мініп, жылқыларды тамашалауға кеткенде, Алдияр қарт жантайып жатып, өзі өмірге келген жетпіс жылда болған үлкен өзгерістерді саралай келіп: «Апыр-ай, енді Әлихандар менің жасыма келген кезде тағы қандай ғажайыптар жасалар екен?» — деп ойлаған.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз