Өлең, жыр, ақындар

Ертегі - танымның көзі (Даналық мектебі)

Ертегі – халықтың ғасырлар бойы жинақталған даналығының айнасы. Ертегі балаларға өмірлік сабақ беріп, адамгершілік қасиеттерді үйретудің ерекше құралына айналды. Қазақ ертегілері ата-бабаларымыздың тұрмыс-салты мен дәстүрлерін, ұрпаққа аманат ретінде қалдырған рухани қазынасын жеткізіп келеді. Әрбір ертегіде жақсылық пен жамандықтың күресі, адалдық, әділдік пен мейірімділік идеялары өріліп жатады. Ертегіні тыңдаған бала қиял әлеміне еніп қана қоймай, өмір сүрудің негізгі қағидаттарын түсінеді. Ертегі – тек қана қиял-ғажайып емес, ұрпақтан ұрпаққа жеткен білім мен тәрбиенің көзі. 

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізінде ел аумағында түрлі шаралар өтіп келеді. Халқымыздың рухани мұрасын сақтап, дәріптеуге арналған «Ұлттық құндылықтар» бағыты бойынша Алматы қаласы, Наурызбай ауданындағы №174 мектеп-гимназияда өткізілген  «Ертегі – танымның көзі» атты ерекше шара оқушылар арасында үлкен қызығушылық туғызды. Бұл интерактивті сабақтың мақсаты – ертегі арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттап, ата-әже тәрбиесінің рөлін жаңғырту болды. Шара барысында оқушылар мен мұғалімдер, ата-әжелер қауымы қазақ ертегілерінің тәрбиелік әлеуетін жан-жақты талқылап, оның бүгінгі күнгі маңызын ашуға тырысты. Шараның негізгі идеясы – әжелер мектебі арқылы ертегінің танымдық және тәрбиелік рөлін көрсету, оны отбасы тәрбиесінде тиімді қолданудың жолдарын іздестіру. Біздің мектеп үшін бұл тақырыптың өзектілігі – жастардың рухани дамуына бағытталған тәрбиелік құралдарды көбірек қолдану қажеттілігінен туындады. Адам баласы ең алғашқы білім мен тәрбиені отбасынан алады, сол себепті ертегі арқылы берілетін рухани құндылықтар ерекше маңызды. Халқымыздың ғасырлар бойы сақтап келген даналығын жаңа ұрпаққа жеткізудің құралы ретінде ертегі оқуға және оны түсіндіруге ерекше мән берілді.

Шара басталған сәттен бастап қатысушылар ерекше әсерге бөленді. Ұлттық нақыштағы киім киген өнерлі оқушылардың орындауындағы халық күйлерінің әуені ерекше атмосфераға бөледі. Ұстаздар асыл қарияларды жылы қарсы алып, әжелер мен аталар тәрбиесінің маңыздылығы туралы қысқаша сөз сөйледі. «Әже» деген атау әр адамның жүрегінде ерекше орын алады, ал олардың балалық шақта айтқан ертегілері баланың қиялын оятып, танымын кеңейтеді. Осы идея аясында қатысушылар өздерінің әжелері жайлы естеліктермен бөлісті. Әркім өзінің әжесінен не алғанын, қандай құнды дүниені есіне сақтап жүргенін айтты. Мәселен, бір оқушы әжесінен қалған күміс білезік жайлы айтса, екінші оқушы әжесінің тіккен сырмағын еске алды.

Ертегі арқылы тәрбиелеу

«Ертегі – танымның көзі» атты интерактивті сабақта ертегі жанрының ерекшеліктері мен оның тәрбиелік мүмкіндіктері кеңінен қарастырылды. Қатысушылар ертегінің қайталанбас құрылымы мен оның балалардың танымдық қабілеттеріне қалай әсер ететінін талқылады. Мысалы, қиял-ғажайып ертегілер баланың қиялын дамытса, хайуанаттар туралы ертегілердің тәрбиелік астары жан-жануарларға қамқор болуды, мейірімділік пен әділдікті үйрететіні айтылды. Оқушылар мен қариялар төрт топқа бөлініп, қиял-ғажайып, хайуанаттар туралы, тұрмыс-салт және заманауи ертегілерді талқылап, олардың бала тәрбиесіндегі маңызын талдап берді. Әр топ өз тақырыбы бойынша дайындалып, ертегілердің бүгінгі күнгі өмірге әсері, заманауи үлгілерін қалай жасауға болатыны жайлы ойларын ортаға салды. Бұл талқылаулар қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ертегілерге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.

Ең ерекше кезеңдердің бірі – «Білгір» сайысы болды. Экраннан қазақ ертегілерінің үзінділері қосылып, қатысушылар қай ертегі екенін табуға тырысты. Бұл сайыста оқушылардың ертегіге деген қызығушылығы артып, олардың көбі дұрыс жауап беріп отырды. Ата-әжелер де белсене қатысты. Осы арқылы балалардың фольклорлық мұраға деген қызығушылығы артқандай…

Сонымен қатар, тарихи сөздердің мағынасын ашатын «Көненің сөзі» атты сайыс ұйымдастырылды. Қатысушылар көнерген сөздердің мағынасын дұрыс табуға тырысты. Бұл сайыс арқылы балалардың сөздік қоры кеңейіп, ұлттық тіліміздің байлығын тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.

Шара барысында ұлттық әндер мен күйлер де өз орнын тапты. №174 мектеп-гимназияның 6-сынып оқушылары «Үш бақытым» әнін тамаша орындап, ерекше әсер қалдырды. Ән мен ертегі сабақтасып, ұлттық өнеріміздің тереңдігін көрсетті. Оқушылардың өнеріне ата-әжелер мен мұғалімдер ризашылықтарын білдірді.

Шара соңында модератор қатысушыларға бірнеше маңызды сұрақтар қойып, әркімнің пікірін тыңдады. Әсіресе, әр отбасыда ертегінің тәрбиелік рөлі жайлы әңгімелер айтылып, бала тәрбиесінде әжелердің рөлін күшейту қажеттілігі атап өтілді. Шараға қатысушылар «Даналық ағашына» өздерінің ертегіден түйген ойлары мен тілектерін жазып, оны ағашқа ілді.

«Ардақты аналар, аяулы әжелер! Бүгінгі сабағымызды қорытындылайық. Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза. Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады. Отбасында әжелер арқылы ұлттық құндылықтарымыз насихаттала беруі керек. Халқымыздың даңқты батыры, қырғын соғыстан қорықпаған, қызыл империяның саяси идеологиясынан қорықпай аты-жөнін өзгертпеген – Бауыржан Момышұлы: өз қорқынышын былай жеткізген екен: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» Жаһандану жағдайында ұрпақ тәрбиесінде қаперде жүрер ескертулер мен қорқыныштар жоқ деп айта алмаймыз. Олай болса, осы мәселелерді отбасы тәрбиесінде ескеріп, өз әжелік мәртебемізге сай болайық дегім келеді. » ,- деді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Сыдықова. 

«Даналық мектебі» жобасы аясында өткізілген шара үлкен маңызға ие. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, ертегіні дәріптеуге бағытталған шаралар жиі өтуі тиіс. Тәрбие-бесіктен. Ертегі – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан қазына, сол қазынаны сақтап, кейінгі буынға жеткізу – әрбіріміздің міндетіміз деп білемін.  

Әбдірахман ҚАЙРАТ, Алматы қаласы, №174 мектеп-гимназиияның 10-сынып оқушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз