Өлең, жыр, ақындар

ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ҰЛТҚА ҚҰРМЕТ

Жаңа Жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында жұртты көп ойландырып және толғандырып жүрген ең өзекті деген бірталай мәселеге тоқталып, олар ашық талқыланды. Өте бір қажетті, пайдалы, жақсы сұхбат болды. Сұхбат авторының айтқанындай: «Әдетте осындай ауқымды сұхбатта мемлекеттің қызметіне қатысты мұқият ойластырылған әрі маңызды мәселелер айтылады. Өткен жылға қорытынды жасалып, осы жылдың бағыт-бағдары айқындалады. Шын мәнінде, бұл сұхбатты елге терең ой салу және биылғы жұмысымызға тың серпін беру үшін отандастарыма жолдаған арнайы үндеуім деуге болады».

          Президент жыл басында отандық баспасөзге сұхбат беруді дәстүрге айналдырған. Биыл да сол үрдісті жалғастырды. Әңгімелесу алаңы ретінде «Ана тілі» газетінің таңдалғаны бекер емес, сұхбатта Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ тілінің қадыр-қасиетіне кеңінен тоқталды.

          «Ана тілі» деген сөз қазақ тілінде ғана қолданылады. Ал қазақ тілі – бұл мемлекеттің тілі. Оны білу перзенттік парызымыз. Тіл бар жерде қазақ бар, тіл жоқ жерде қазақ жоқ. Қазақ тілі – халықтың жаны.

Туған тілінде сөйлемейтін адам өткенінен қол үзе бастайды. Ал адамның өткені болашағын құрайды. Демек, ұлтқа құрмет ана тілді ардақтаудан басталады. Қытайша білмейтін қытайды көрдің бе, орысша білмейтін орысты көрдің бе? Қазақша білмейтін қазақты көрдік және олар аз емес. Ұлттың кім екенін, ұлтты анықтайтын нәрсе ол – тіл. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының айтқанындай «Өз тілінде сөйлеген, өз тілінде жазған жұрттың ұлттығы ешуақыта жоғалмайды». Тілімізді ұмытпайық ағайын. Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.

Соңғы кезде  қазақ тілінің қолданылу аясы едәуір кеңейді. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтардың саны көбейді. Бұл қазақ тіліне деген сұраныстың арта түскенін білдіреді. Бұдан бөлек, шетелдіктердің де тілімізге деген қызығушылығы күшейді.

Мемлекет басшысы қоғамда қазақ тілінің рөлі одан әрі арта түсуі үшін не істеу керек деп ойлайсыз? – деген сұраққа жауап бере келе мына мәселелерге кеңінен тоқталды: Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды. Мұның бәрі мемлекеттің өте бай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде 3 мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орында тұрақтады. Осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек.

 Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. 2023 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған арнаулы қорға қолдау көрсету керек. Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады.

Еліміздің болашағы ана тілінде сөйлеп, қазақ тілін өрбітетін жастардың қолында. Шығармашыл жастар және креативті индустрия мемлекеттік тілді дамыту ісіне пайдасын тигізе алады. Мемлекет экономикадағы болашағы зор осы саланың өркендеуіне барынша қолдау көрсетеді. Отандық және әлемдік нарықта қаржылық жағынан тиімді әрі сұранысқа ие болатын түрлі контентті қазақ тілінде жасау қажет.  Бұл жерде әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындары туралы айтылып отыр.

Мемлекет басшысы сонымен қатар, Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алатындығын, оған мүмкіндігіміз толық жететіндігін, ол үшін жасанды интеллект технологияларын дамыту керектігін айта отырып, болашағы зор жобалар қазірдің өзінде бар екендігін атап өтті. Мысалы қазақ тілінің KazLLM атты цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасы жасалды. Бұл – қазақ тілінде ойлап, сараптама жасап, қазақша сөйлесе алатын жасанды интеллект. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. 

Одан әрі Президент ана тіліміздің болашағы жарқын екенін, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара беретіндігін, бірақ тіліміздің тұғырын нығайтамыз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керектігін атап өтті.

 

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз