2025 жылы 20 наурызда Алматы қаласындағы Д.А. Қонаев атындағы Халықаралық қор мен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмірі, қызметі мен атқарған еңбектеріне, оның мемлекетке қосқан үлесіне арналған бірегей кітаптар топтамасының таныстырылымын ұсынды. Бұл кітаптар топтамасы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің қолдауымен жарық көрген.
Кітаптар топтамасына кірген басылымдар мыналар:
1. Монографиялар және архив құжаттары жинақтары:
«Д.А.Қонаевтың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына және республиканың аумақтық тұтастығын сақтауына қосқан үлесі» атты ұжымдық монографиясы.
«Д.А.Қонаев және оның дәуірі» атты архивтік құжаттар мен материалдар жинағы.
2. Ғылыми конференция материалдары:
«1960-80 жылдардағы Қазақстан: Д.А.Қонаевтың республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі» (Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары).
«Д.А.Қонаевтың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына және республиканың аумақтық тұтастығын сақтауға қосқан үлесі (сирек архивтік деректер мен замандастар естеліктері негізінде)» (Республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары).
3. Атаулы энциклопедия:
«Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы: Атаулы энциклопедия».
Ұсынылған кітаптар аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Д.А.Қонаевтың өмірі мен қызметінің негізгі аспектілерін қамтиды, оның Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына, республиканың аумақтық тұтастығын сақтауға және Кеңес Одағы деңгейінде күрделі мәселелерді шешуге қосқан маңызды үлесін ашады. Бұл басылымдар архивтік құжаттар мен ғылыми конференция материалдарын қамтиды, олар оның тарихи контекстегі рөлін терең түсінуге мүмкіндік береді.
Таныстырылымда аталған кітаптар республикалық, облыстық, қалалық және аудандық кітапханаларға, мектептер мен Қазақстанның 20 аймағындағы ең ірі жоғары оқу орындарына таратылатыны айтылды. Іс-шара барысында жобаны іске асыру және кітаптарды шығару туралы қысқаша бейнеролик көрсетілді. Сарапшылар мен кітап авторлары сөз сөйледі. Д.А.Қонаевтың Қазақстанды дамытуға қосқан үлесі талқыланды. Іс-шараға танымал ғалымдар, қоғам қайраткерлері, тарихшылар, мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Таныстырылымды құттықтау сөзбен Д.А. Қонаев атындағы Халықаралық қордың президенті Элдар Асқарұлы Қонаев ашты. Сонымен қатар «М.Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры Диар Асқарұлы Қонаев сөз сөйлеп, жобаны іске асырған кітап авторларына өздерінің алғысын айтып, көп іс тындырылғанын атап көрсетті. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов жиналған зиялылар қауымын жаңа басылымдармен таныстырып, Д.А.Қонаевтың өмірі мен қызметі, Қазақстанның дамуына қосқан ерен еңбегі мен үлесі, ерекше қабілетті, дарынды, беделді қоғам және аса көрнекті мемлекет қайраткері ретіндегі рөлін жан-жақты ашып көрсеткен мазмұнды баяндама жасады. Сондай-ақ, кітап авторлары Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкерлері, т.ғ.к., доцент К.В. Черепанов, т.ғ.к. Д.Б. Қасымова жұмыс барысындағы жағдайлармен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен Тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Сүлейменұлы Байғонақов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Боранбайұлы Қалыш осы іс-шараға белсене қатысты. Аталған кітаптарды қазақ тіліне аударып, көп тиражбен басып шығарып, республика аумағына кеңінен тарату және жалпы Д.А.Қонаев туралы зерттеулер жүргізуде нақты деректер мен дәйектерге сүйену қажеттігін туралы өз ойлары және ұсыныстарымен бөлісті.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Билл Гейтс
- Билл Гейтс
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі