Қазақстандағы буллинг мәселесі және
оның шешу жолдары
Қазақстанда буллинг мәселесі емі жоқ дерт секілді болып тұр. Буллинг – басқа адамды қорлау, мазақ ету, психологиялық немесе физикалық зорлық көрсету дегенді білдіреді. Әсіресе, мектеп қабырғасында орын алып жатқан буллинг жасөспірімдер мен балалар арасында кең таралған оқиға. Бұл оқиғаның салдары ауыр: эмоционалды жарақаттар, өзін-өзі төмен бағалау, әлеуметтік бейімсіздік, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін әкелуі мүмкін.
Буллинг тек физикалық қорлық көрсетумен шектелмейді, ол психологиялық қысым, әлеуметтік оқшаулау, кибербуллинг секілді бірнеше формада көрініс табады. Физикалық буллинг баланың денсаулығына зақым келтіру болып табылады.Мысалы,Алматы қаласындағы бір мектепте орын алған оқиғада, бір оқушының сыныптастары оны физикалық тұрғыдан қорлаған. Олар әлсіздеу балаға қол көтеріп, заттарын тартып алып, оны жүйелі түрде соққыға жығып жүрген. Бұл жағдайдың нәтижесінде бала мектепке барудан бас тартып, психологиялық күйзеліске түскен. Мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың дер кезінде араласуы арқылы жағдай бақылауға алынып, қатыгез оқушыларға тәртіптік шаралар қолданылған.Психологиялық буллинг – мазақтау, қорлау, абыройын түсіру арқылы психологиялық қысым жасау.МысалыШымкенттегі бір мектепте қыз бала құрбыларының психологиялық буллингіне ұшыраған. Ол үнемі сырт киіміне, сөйлеген сөзіне мазаққа қалған. Сыныптастары оны мүлде елемей, топтан шеттетіп, жала жабу мен ғайбаттаумен айналысқан. Бұл жағдай ұзақ уақытқа созылып, қыздың өзін-өзі бағалауы күрт төмендеген. Кейін мектеп психологының көмегі арқылы ол қалыпқа келді, ал қорлаған қыздар ата-аналарымен бірге мектеп әкімшілігі тарапынан жауапкершілікке тартылды, Ал кибербуллинг – интернет арқылы жала жабу, қоқан-лоқы көрсету, адамды қоғамнан шеттету мақсатында жүзеге асырылады.Оған дәлел,Қазақстанда соңғы жылдары интернет желісінде балалар мен жасөспірімдер арасында кибербуллинг фактілері көбейген. Мысалы, Нұр-Сұлтандағы бір оқушы әлеуметтік желіде жасырын аккаунттардан қорқытулар мен мазақтауларға ұшыраған. Оның суреттері рұқсатсыз жарияланып, түрлі қорлау сөздері жазылған. Бұл оқиғада ата-анасы баланың әлеуметтік желідегі әрекеттерін қадағалап, құқық қорғау органдарына шағымданған. Құқық қорғау қызметкерлері кибербуллинг жасағандарды анықтап, оларды жазалаған.Тағы бір буллингтің түрі ол әлеуметтік буллинг.Нақтылай кетсек,бір топ бала жаңа келген оқушыны топтарына қабылдамай, оны сыртқа шығарып, оқшаулаған. Мектеп ішінде бұл балаға орындыққа отыруға мүмкіндік бермей, оған мүлде назар аудармау сияқты әрекеттерді жасап, оны әдейі елемеуге тырысқан. Бұл баланың өзін жалғыз сезінуіне, сабақ үлгерімінің нашарлауына алып келген. Алайда бұл мәселені мұғалім байқап, сыныпта тренингтер ұйымдастырып, балаларға мейірімділік пен өзара сыйластықтың маңызын түсіндірген. Осыдан кейін жағдай оң шешімін тапты.
Буллингтің басты себептері – тәрбиенің дұрыс болмауы, агрессияға толы орта, әлеуметтік теңсіздік, және жеке тұлғаның ерекшелігіне төзбеушілік. Қоғамдағы менталитет, көпшілік тарапынан зорлық-зомбылыққа қарсы дұрыс көзқарас қалыптаспау да буллингті күшейтеді. Қазақстандағы кейбір мектептерде буллинг фактілерін елемеу немесе оны шешуде тиімді шаралар қолданылмауы жиі кездеседі.Қазақстандағы буллинг мәселесінің ауқымы зерттеулерде айқын көрінеді. 2019 жылы “UNICEF” қорының жүргізген зерттеуіне сәйкес, қазақстандық мектеп оқушыларының 30%-ы буллингтің құрбаны немесе куәгері болған. Бұл көрсеткіштердің артында қаншама жасөспірімдердің өміріне кері әсер тигізген ауыр тағдырлар тұр. Буллингке ұшыраған балалар көбінесе өзін-өзі бағалауы төмендеп, қоғамнан шеттетіліп, өмірге деген қызығушылықтарын жоғалтып алады.Буллинг құрбандары жиі жағдайда ішкі күйзеліске түсіп, эмоционалдық күйреуге ұшырайды. Олар өздерін жалғыз, қоғамнан бөлінгендей сезінеді. Психологиялық жарақаттар ұзақ уақытқа дейін кетпей,тіпті ересек өмірге де әсер етуі мүмкін. Бұндай жасөспірімдер кейінгі өмірлерінде өзіне сенімсіз, мазасыз, әлеуметтік қарым-қатынастардан қашатын адамдарға айналуы мүмкін. Өкінішке орай, буллингтің салдары тек психологиялық мәселелермен ғана шектелмейді. Физикалық буллингке ұшыраған балаларда денсаулық проблемалары да туындауы мүмкін, ал кибербуллинг құрбандары қоғамнан оқшаулануы ықтимал, бұл олардың психикасына одан әрі зиян тигізеді.Сонымен қатар, буллинг мектептегі оқу процесіне де кері әсерін тигізеді. Сабақтан қашу, оқу үлгерімінің төмендеуі, мектепке барудан бас тарту сияқты құбылыстар буллинг құрбандарына тән. Бұл болашақта тұлғаның кәсіби және жеке дамуына да ықпалын тигізіп, олардың әлеуетін толық ашуына кедергі болады. Мұның салдары ұлттық деңгейдегі білім сапасына да кері әсерін тигізеді, өйткені буллингтен зардап шеккен балалар толыққанды білім ала алмайды.
Буллингке қарсы күрес шаралары бірнеше деңгейде жүзеге асуы керек. Біріншіден, мектептерде буллингке қарсы саясатты күшейту қажет. Әр мектепте психолог қызметін белсенді қолдану, оқушылармен жеке және топтық жұмыстар жүргізу арқылы алдын алу шараларын өткізу керек. Оқушыларды бір-біріне төзімділікке, мейірімділікке, өзара сыйластыққа тәрбиелеу маңызды. Бұл оқушылар арасында сенімді қарым-қатынас орнатып, буллингтің алдын алуға көмектеседі.Екіншіден, ата-аналарға балаларының мінез-құлқын қадағалап, олармен ашық сөйлесіп, буллингке қатысы барын байқаса, мектеппен бірлесіп әрекет ету қажет. Ата-аналарға да балаларды қоғамдағы әртүрлі адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйрету маңызды. Бала тәрбиесінде олардың эмоцияларын түсіну мен қолдаудың маңызы зор. Бұл олардың өздерін қауіпсіз сезініп, қажет болған жағдайда көмек сұрауға мүмкіндік береді.Үшіншіден, заңнамалық деңгейде буллингке қарсы нақты шаралар қабылдау керек. Қазіргі таңда Қазақстанда буллингке қатысты заңдық механизмдер жетілдіруді қажет етеді. Буллинг жасағандарға қатысты қатаң жазалау шараларын енгізу, бұл буллинг мәселесін құқықтық тұрғыда бақылауға алу қажет. Әлемнің көптеген елдерінде буллингке қатысты нақты заңдар қабылданып, жәбірленушілердің құқығын қорғауға арналған арнайы бағдарламалар бар. Қазақстанда да осыған ұқсас заңнамалық шаралар қабылдау арқылы буллингке қарсы тиімді күрес жүргізуге болады.Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде буллингке қарсы ақпараттық науқандар ұйымдастыру маңызды. Көптеген ата-аналар мен балалар буллингтің салдары мен оның алдын алу жолдары туралы жеткілікті ақпаратқа ие болмауы мүмкін. Сондықтан қоғамдық пікірді өзгертіп, буллингтің әлеуметтік зиянын кеңінен түсіндіру, оның салдары туралы хабардарлықты арттыру қажет. Білім беру мекемелерінде буллингтің зиянын көрсететін арнайы сабақтар,семинарлар, тренингтер өткізу арқылы балалар мен жасөспірімдерге дұрыс тәрбие беру – мәселенің шешілуіне ықпал етеді.
Сөзімді түйіндей келе,буллинг – тек мектеп пен отбасылардың мәселесі емес, бұл бүкіл қоғамға ортақ проблема. Қазақстанда буллингпен күресу үшін білім беру жүйесінде, заңнамалық және психологиялық деңгейде жүйелі жұмыстар жүргізілуі керек. Буллингтің салдары балалардың болашағына тікелей әсер ететінін ұмытпауымыз қажет. Әрбір баланың қауіпсіз, жайлы ортада өсіп, дамуына мүмкіндік жасау – біздің қоғамның міндеті. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана буллингті азайтып, болашақ ұрпаққа жарқын жол көрсете аламыз.Буллингпен күрес шаралары кешенді әрі тұрақты түрде жүзеге асырылуы қажет, себебі әрбір бала өз құқығын, қауіпсіздігін сезініп, өзіне сенімді болуға лайық. Буллингтің алдын алу тек баланың ғана емес, қоғамның да дамуы үшін маңызды қадам болмақ.
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі