Өлең, жыр, ақындар

Билер тарихы

                 "Билер институтының рөлі мен

                 қазақ құқығының даму тарихы"

Қазақ халқының әдет-ғұрып құқығы тарихи тұрғыдан алғанда, тек құқықтық ережелер жиынтығы ғана емес, ол қазақ қоғамының өмір сүру қағидаттарының бірегей жүйесі болды. Бұл құқықтық норма ғасырлар бойы көшпелі халықтың қоғамдық қатынастарын реттеп, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етті. Қазіргі таңда осы құқықтық мәдениетті зерттеудің өзектілігі –оның ұлттық тарих пен құқықтық тәжірибедегі орны мен маңызын қайта бағалау қажеттілігінде жатыр. Бұл тақырыпты зерттеу құқықтық жүйенің тарихына үңілу ғана емес, ол қазақ қоғамының өзіндік құқықтық мәдениетін жаңғыртуға септігін тигізеді.

Менің ойымша, қазіргі кезде қазақ әдет-ғұрып құқығын қайта бағалап, оны жаңа құқықтық жүйеге интеграциялау маңызды. Қазақ халқының құқықтық дәстүрлері – бұл тек өткеннің куәсі ғана емес, ол бүгінгі күнге дейін өзекті болып қалатын құндылықтар жиынтығы. Бүгінгі таңда заңгерлер мен зерттеушілер қазақ құқықтық мәдениетін қайта жаңғыртып, оның құндылықтарын заманауи құқықтық жүйеде қолдануға тырысуы керек. Әдет-ғұрып құқығы –ұлттық сана мен құқықтық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде болашаққа үлгі болып қала береді.

Әдет-ғұрып құқығының зерттелуіне алғаш рет орыс ғалымдары мен этнографтары көңіл бөлді. Бұл XVIII-XIX ғасырларда басталып, зерттеулер қазақ қоғамының құқықтық құрылымын ашуға тырысты. М.М. Ковалевскийдің салыстырмалы құқық саласындағы еңбектері және қазақ ағартушыларының зерттеулері (Ш. Уәлиханов, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов) қазақтардың әдет-ғұрып құқығы туралы маңызды мәліметтерді берді. Дегенмен, зерттеулердің кейбірінде отаршылдық идеологияның ықпалы да болды.

Әдет-ғұрып құқығын зерттеу кезінде орыс зерттеушілері көбінесе отаршылдық тұрғыдан бағалағанын байқауға болады. Қазақ қоғамының құқықтық жүйесі «жабайы», «ескі» ретінде сипатталып, оны еуропалық стандарттарға сәйкес келмейтін жүйе деп бағалады. Мысалы, Н. Гродеков пен А. Леонтьевтің еңбектерінде қазақ қоғамының құқықтық ережелері еуропалық құқықпен салыстырыла отырып, кем тұстары айқындалған. Дегенмен, бұл зерттеулердің қазақ құқығының тарихи дамуы мен ерекшеліктерін түсінуге қосқан үлесін жоққа шығаруға болмайды. Мұндай көзқарасты сыни тұрғыдан қарастыру, әсіресе бүгінгі зерттеушілер үшін маңызды, өйткені қазақтың әдет-ғұрып құқығының нағыз мәнін тек ұлттық тұрғыдан ғана емес, жалпы адамзаттық құқықтық мәдениетпен салыстыра отырып бағалау қажет.

Қазақ қоғамында билер сотының орны ерекше маңызды болғаны тарихтан белгілі. Бұл сот жүйесі халықтың өзін-өзі ұйымдастыруының жоғары деңгейін көрсетті. ХХ ғасырдың басына дейін қазақ даласының шалғай аудандарында билер соты мен құқықтық нормалар әлі де сақталып, колониялық өзгерістерге ұшырамай, тәуелсіз өмір сүрді. Халықтың тарихи жадына бекітілген Тәуке хан билік екен тұсында "Алтын ғасыр" немесе "Қой үстіне,бозторғай жұмыртқалаған кез" сот төрелігі жайлы естеліктер сол кезге дейін бұзылмай, түпнұсқалық түрде сақталып келді. Би лауазымы тек құқықтық білім ғана емес, сонымен бірге шешендік, даналық, моральдық беделге негізделді. Ш. Уәлиханов өзінің «Сот реформасы туралы жазбаларында» билердің халық арасындағы жоғары беделін әділдік пен құқықтық тәжірибе арқылы қалыптастырғанын айтады. Билердің шешімдері көбінесе қатаң құқықтық ережелерге емес, моральдық құндылықтарға сүйеніп қабылданатындықтан, бұл жүйе халықтың әділдікке деген сенімін нығайтты. Осы тұрғыдан алғанда, би институты қазіргі заманғы құқықтық жүйелердегі сот төрелігімен салыстырғанда ерекше әрі тиімді деп айтуға болады. Бірақ ол қазіргі құқықтық талаптармен салыстырғанда кейбір жерлерде жетілдіруді қажет ететін тұстары да бар.

Қазақ зиялыларының еңбектері бұл тақырыпты түсінуге үлкен үлес қосты. Мысалы, Әлихан Бөкейханов билердің шешім қабылдау әдісін «халық соты» деп атаған. Ахмет Байтұрсынов та билерді «әділдіктің қорғаушылары» деп атап, олардың халықтың мұң-мұқтажын терең түсінгенін жоғары бағалаған. Бұл тұлғалардың еңбектері әдет-ғұрып құқығының халықтың рухани және құқықтық мәдениетінің ажырамас бөлігі екенін көрсетеді. Моральдық құндылықтарға негізделген құқықтық жүйенің қоғамдағы рөлі, әсіресе отаршылдық кезеңде, зор маңызға ие болды. Бұл қазақ халқының құқықтық мәдениетінің бірегейлігін айқындайтын фактор.

Ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлы да билер соты туралы терең ойларын жазып қалдырған. Ол «билердің үкімі ешқандай күмән тудырмайтын және оның әділдігіне ешкімнің қолы тимейтін» деп атап өткен. Билер тек білімді, әділ әрі білікті адамдар болған. Сол кездің билері қоғамның моральдық құндылықтары мен әділдік қағидаттарын сақтап, халыққа үлгі болған. Абайдың пікірінше, билер халық үшін ең жоғары беделге ие болып, елдің игілігі үшін еңбек еткен.

Тарихшылардың зерттеулері көрсеткендей, билер соты қазақ қоғамында тек құқықтық институт қана емес, сонымен қатар халықтың рухани және моральдық құндылықтарын сақтаушы институт болған. Белгілі ғалымдар «би» сөзінің этимологиясын зерттеп, оның «шешен», «жұрт алдында сөйлейтін адам» деген мағынаны білдіретінін анықтаған. Бұл билердің қоғамдағы беделін және олардың халық алдындағы жауапкершілігін көрсетті.

Қорыта айтқанда, «Алтын ғасыр» кезеңіндегі билер соты қазақ қоғамының әділеттілік пен құқықтық мәдениетінің символы болды. Бұл сот жүйесі халықтың ар-намысы мен заңын қорғап, құқықтық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Билер сотының жойылуы қазақ қоғамына орны толмас рухани және мәдени шығын әкелді. Оның нәтижесі қоғамның құқықтық санасы мен рухани мәдениетіне терең әсер етті.


11

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз