Журналист – киелі мамандық екені рас. Сөз өнерінің түбін бойлап, өз қолтаңбасымен көзге түсетін, жеке ұстанымын қалыптастырып, қоғамда болып жатқан маңызды тақырып пен өзекті мәселеге терең зерттеу жүргізу арқылы ел үшін қызмет ететін кәсіби маман иесінің «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» деп жазушы Шерхан Мұртаза дөп тауып айтқан. Жұмыс барысында нақты сенуге боларлық деректер жиналып, кейіпкерлерден немесе оқиға куәгерлері, сарапшылардан сұхбат алынады, қарасы қалың қарашаға да, лауазымды қызметкерлерге де бірдей түсінікті, жылдам әрі шынайы ақпар жеткізіледі. Қоғамда пікір тудыра алатын, ел мәселесін шешіп, баршаны құлағдар ететін де осы шығармашыл және жауапкершілігі мол тау тұлғалар.
Журналистің жаңалығы мен бағдарламасы санына емес, сапасына қарай бағаланады. Оны беретін қабілет пен шеберлік міндетті түрде ескеріледі. Әрине, ғасыр ағымына сай әр журналист күн сайын даму үстінде. Біліктілікті арттыру мақсатында адам үнемі ізденісте болатыны сөзсіз. Кітап оқып, шеберлік сағаттарына үзбей қатысып, өзгелердің жұмысына талдау жасап, тәжірибеден өту арқылы белестерді бағындыру қолдан келетін іс. Осы жолда журналист этикалық талаптарға сай еңбек ете келе өз мамандығының атына кір келтірмейді.
Қазіргі медиа кеңістік көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп, телевидение, радио, газет пен сайт атаулы да ақпарат тасқыны толастамайтын бәсекеге толы алқапқа айналды. Бүгінгі заманда эфир мәдениеті журналистиканың маңызды өлшемдерінің бірі болып қала бермек. Эфирге шыққанда орфоэпиялық қателіктерге жол бермей, әр сөзді нық басып айтып, дұрыс тыныстап, арнайы тіл жаттықтыратын тапсырмаларды орындап, күтпеген жағдайларға барынша дайын болу маңызды. Эфир мәдениеті тек тіл тазалығы немесе сөйлеу мәнерімен шектелмейді, бұл журналистің аудитория алдындағы жауапкершілігі, ақпарат берудегі әдебі және кәсібилігі. Журналист сырт келбетіне де мән беріп, эфирге сай киім үлгісін дұрыс таңдауы керек.
Журналистің басты міндеті шынайы әрі тексерілген ақпарат тарату. Дегенмен ақпаратты дұрыс жеткізу жеткіліксіз, оны қалай хабарлау тәсілі де маңызды. Сөз саптауы, дауыс ырғағы, эмоцияның берілуі эфир мәдениетінің ажырамас бөлігі саналады. Кейде рейтинг қуып, сенсация жасауға ұмтылған журналистер эмоцияға беріліп, ақпаратты субъективті түрде жеткізетіні көңіл көншітеді. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі N 451 Заңына сәйкес, журналистер жаңалықтарды тексеріп, басқа тұлғалардың ар-намысына тимейтін белгілі бір заңдылықтарды ұстануы қажет. Мысалы, 21-бапта журналистiң мiндеттерi айшықталған.
«Журналист: 1) Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа ала отырып, өзi шарттық қатынастарда тұрған бұқаралық ақпарат құралының қызмет бағдарламасын жүзеге асыруға; 1-2) таратылатын ақпараттың анықтығын тиісті жеке және (немесе) заңды тұлғаларға сұрау салулар жіберу арқылы не Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де тәсілдермен тексеру жөніндегі шараларды қабылдауға;
2) шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратпауға;
3) ақпарат ұсынған адамдардың авторлығын көрсету туралы олар жасаған өтiнiштердi қанағаттандыруға; 3-1) егер мәліметтер ресми хабарларда көрсетілген және (немесе) оларды жеке және (немесе) заңды тұлғаның өзі не олардың өкілдері қолжетімділігі шектелмеген дереккөздерде таратқан жағдайларды қоспағанда, жеке және (немесе) заңды тұлғадан не олардың өкілдерінен бұқаралық ақпарат құралында жеке басының, отбасылық, дәрігерлік, банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды таратуға келісімін алуға;
4) жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн құрметтеуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзiне жүктелген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi» деп нақты жазылған.
Журналист осы сияқты этикалық кодекстегі нормаларды сақтап, эфирдегі мәдениетті жетілдіре алады. Сондықтан Қазақстаннан бөлек өзге елдердегі этикалық кодекстерге талдау жасайық. Мәселен, Германия мемлекетінің баспасөз қызметкерлерінің бастамасымен жазылған этикалық кодекске көз тастайтын болсақ, 1-ші бөлімде ақиқат және адам қадір-қасиетін сақтау ережесі бекітілген.
«Шындықты құрметтеу, адам қадір-қасиетін сақтау және қоғамды нақты ақпаратпен қамтамасыз ету – бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі қағидалары. Осылайша, баспасөз саласында жұмыс істейтін әрбір адам бұқаралық ақпарат құралдарының беделін және сенімділігін сақтайды».
Нұсқаулық 1.1-де эксклюзивті келісімдер туралы «Қоғамдық пікір мен ой қалыптастыру үшін жалпыға ортақ маңызды оқиғалар туралы ақпарат беру эксклюзивті келісімдер арқылы шектелмеуі немесе ақпарат көздерін жасыру арқылы бұғатталмауы тиіс. Ақпарат монополиясына ұмтылғандар басқа бұқаралық ақпарат құралдарын маңызды жаңалықтардан шеттетіп, ақпарат еркіндігіне нұқсан келтіреді» деп жазылған.
11-бөлімде сенсациялық репортаждар, жасөспірімдерді қорғау жайында былай делінген: «БАҚ зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен азапты орынсыз сенсациялық түрде бейнелеуден бас тартуы керек. БАҚ жасөспірімдерді қорғау қағидатын сақтауы тиіс.
11.1-қағида – Жансыз бейнелеу. Егер баяндамада сипатталған адам тек зат ретінде, жансыз объект ретінде көрсетілсе, ол орынсыз сенсациялық сипатқа ие болады. Әсіресе, өлім аузында жатқан немесе физикалық не психикалық азап шегіп жатқан адамдар туралы ақпарат қоғам мүддесінен тыс болса және оқырмандардың ақпарат алуға деген қажеттілігінен асып кетсе, мұндай баяндама орынсыз болып саналады. Зорлық-зомбылық әрекеттері мен апаттардың бейнелерін алғашқы беттерге орналастырғанда, БАҚ бұл материалдардың балалар мен жасөспірімдерге әсерін ескеруі тиіс.
11.2-қағида – Зорлық-зомбылық әрекеттерін жариялау. Нақты немесе қауіп төндіретін зорлық-зомбылық әрекеттері туралы хабарлау кезінде БАҚ қоғамның ақпарат алуға деген мүддесі мен құрбандар мен басқа да қатысушылардың мүдделерін мұқият өлшеп, теңестіруі керек. Мұндай оқиғалар туралы дербес және шынайы түрде хабарлау қажет, бірақ БАҚ қылмыскерлердің құралына айналмауы тиіс. Сондай-ақ БАҚ өз бетінше қылмыскерлер мен полиция арасында делдалдық жасауға тырыспауы қажет. Қылмыс жасаған адамдармен тергеу кезінде сұхбат жүргізуге болмайды. Бұл көрерменнің оқиғаны бұрмаланған күйде қабылдауына әкелуі мүмкін. Сондықтан журналистің өзіндік кәсіби бақылауы, бейтараптық ұстанымы бірінші орында болуы тиіс».
Румынияның журналистерге арналған этикалық кодекс 2009 жылы жарияланған. Түртіп аларлық ережелер келесідей көрсетілген:
«6-бөлім – Ақпаратты тексеру.
6.1 Журналист ақпаратты жарияламас бұрын оның дұрыстығын тексеру үшін ақылға қонымды әрекеттер жасауы керек. Жалған ақпарат немесе журналист дұрыс пайымдау негізінде жалған деп есептеген ақпарат жарияланбайды.
8-бөлім – Пікірлерден фактілерді айыру.
8.1 Журналист фактілер мен пікірлерді хабарлау кезінде адал әрекет етуі керек.
8.2 Журналист өз пікірін факт ретінде беруге құқығы жоқ. Журналист фактілерді пікірден ажыратуға тырысады.
8.3 Журналист фактілерге негізделген пікірін білдіруі тиіс.
15-бөлім – Ақпарат көздерін қорғау.
15.1 Журналист сұралған кезде өз ақпарат көздерінің құпиялығын сақтауға міндетті; сонымен қатар адамның өміріне, физикалық және психологиялық тұтастығына немесе жұмыс орнына қауіп төнуі мүмкін жағдайда адамның жеке басына қатысты деректерді жариялауға болмайды.
15.2 Кәсіби құпияны және ақпарат көздерінің құпиялығын қорғау журналистің құқығы мен міндеті болып табылады». Міне, этикалық кодекстегі талаптар журналистің беделін арттыра түсірмек әрі қоғамға барынша дұрыс ақпарат таратылмақ.
Эфир мәдениетінің тағы бір маңызды қырына сөз еркіндігі мен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдік жатады. Ақпарат беру еркіндігі бар, бірақ ол қоғамға зиян келтірмеуі керек. Жала жабу, жалған ақпарат тарату немесе көрерменді адастыратын тақырыптарды қозғау кәсіби журналистиканың қағидаларына қайшы келсе, кәсібиліктің көрсеткішіне «өзіндік цензура», яғни журналистің материалды эфирге шығар алдында оның әлеуметтік салдарын бағамдай білуін айтсақ болады. Бұл цензура емес, керісінше, ақпарат таратудағы жауапкершіліктің нақты белгісі. Хабар таратуда Швеция елінің этикалық кодексіне мән берейік:
« I Жариялық туралы ережелер. Нақты жаңалықтарды жеткізіңіз.
1. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі және қалың бұқараның осы БАҚ-қа деген сенімі жаңалықтарды шынайы және объективті хабарлауға шақырады.
2. Жаңалық көздеріне сын көзбен қарау. Фактілер бұрын жарияланған болса да, мән-жайларды ескере отырып, мүмкіндігінше мұқият тексеріңіз. Оқырманға/тыңдаушыға/көрерменге фактілердің мәлімдемелері мен пікірлерді ажырату мүмкіндігін беріңіз.
3. Хабарламалар, айдарлар және кіріспе бөлімдер мәтінмен бекітілуі керек.
4. Суреттердің шынайылығына көз жеткізіңіз. Суреттер мен графикалық иллюстрациялардың дұрыс болуын және жаңылыстыратын жолмен пайдаланылмауын қадағалаңыз».
Бүгінде эфир ұғымы тек телерадио аясымен шектелмейді. Әлеуметтік желілер, онлайн-трансляциялар, подкаст – ақпараттық кеңістікті кеңейтті. Бұл жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, ақпараттық шу мен жалған жаңалықтардың көбеюіне де себеп болды. Кез келген адам ақпарат тарата алатын заманда әрбір журналист, блогер немесе контент жасаушы эфир әдебін сақтауға ұмтылуы керек.
Эфир мәдениеті – бұл тек сөйлеу мәдениеті емес, бұл журналистің өзін-өзі ұстау этикасы, аудиторияға деген құрметі, ақпаратқа деген жауапкершілігі. Журналистиканың басты қағидасы – шындық. Ал шындық эфир мәдениеті сақталған жерде ғана өз мәнін жоғалтпайды.
Журналист этикасы – маманның мінез-құлқы мен қызметін реттейтін принциптер мен ережелер жиынтығы. Ол журналистер өздерін қалай ұстауы керек, жұмысында қандай нормалар мен құндылықтарды ұстануы керек екенін анықтайды. Кәсіби журналистердің қоғамның этика кодексіне сәйкес ақиқатты іздеп, оны хабарлау, залалды азайту, дербес әрекет ету, жауапты әрі ашық болу секілді төрт негізгі міндеті бар. Қағида бойынша журналист ешқашан жалған ақпарат таратпауы керек және сенсация қуалау арқылы адамның жеке өміріне қол сұғуына этикалық кодекс ережелеріне сай тыйым салынады. Қазіргі күні журналистер арасында көбіне орындалмай жүрген міндет бар, ол – жауапты әрі ашық болу. Журналистің жұмысы мазмұнды жариялаған кезде аяқталмайды, аудиторияның мәліметті қабылдауы мен кері-байланысымен жалғасуы керек. Масс-медиа өкілі этика бойынша плагиат және жалған деректен аулақ болуға міндетті. Жұмысыңыз қызықты болуы үшін деректерді бұрмалаудың қажеті жоқ. Ақпарат өкілі сурет жариялау этикасында сақтауы керек. Жасанды фотосуреттер арқылы жасалатын манипуляцияға ерік бермеңіз. Әр материалды жариялау үшін келісім алу маңызды.
Forbes журналының 2019 жылғы зерттеуі бойынша БАҚ-тың 62%-ы ақпарат таратқанда толық фактчекинг жасалмайтыны анықталған екен.Бұл ақпарат саласы үшін өте қауіпті. Тағы бір факт StopFake.kz мәліметінше, 2022-2023 жылы Қазақстанда 500-ден астам жалған ақпарат теріске шығарылған.
2012 жылы Қазақстан журналистер одағы мен Бас редакторлар клубы басқармаларының бірлескен отырысында қабылданған ҚР журналисінің этика кодексінде маман кәсіби қызметінде құпия ақпаратты жеке мүддесі үшін не басқа адамдардың мүддесі үшін пайдаланбайтынын анық көрсеткен. Яғни, кодекс бойынша жеке өмірді, қадір-қасиетті және іскерлік беделді құрметтеу керек. Қазақстандағы практикалық кейстен 2024 жылы «Хабар» телеарнасында шыға бастаған «Бірақ» ток шоуы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінен кейін жабылды. Себебі қорлық көрген әйелдің келісімінсіз күйеуінің шығуы себеп болды. Кейіпкер әуел бастан бағдарламаға қатысуға түрі мен жеке мәліметтері құпия болғандықтан, сондай-ақ эфирге күйеуі келмейтіндіктен ғана келісім берген. Бұл кейіпкерге қысым тигізіп, сезімін құнсыздандырды. Осы тәжірбиеде бағдарлама жүргізушісінің жәбірленушіні агрессормен татуласуға көндіру әрекеті этика стандарттарын өрескел бұзу болып есептеледі. Журналистік этика негізінен киім киюден, сөйлеуден, эфир алдындағы мәдениеттіліктен бастау алады. Кәсіби маман этика аспектісі бойынша ең алдымен ғадауат тілді қолданбауы шарт. Нағыз маман болу үшін тек жазу не сөйлеу ғана жеткілікті деген қате пікір. Журналистиканың қазанына түскен кезде этика әр басқан қадамға қажет болады. Этика өзіңнің де, өзгенің де құқығын таптауға жол бермейтін аспекті.
Журналист этикасы мен эфир мәдениеті – бір-бірін толықтыратын ұғымдар. Этика – ақпараттың адалдығы мен әділдігін қамтамасыз етсе, эфир мәдениеті – сол ақпараттың дұрыс әрі сыпайы жеткізілуін реттейді. Кәсіби журналистиканың басты құндылығы – қоғамға сенімді ақпарат тарату. Бұл сенім тек фактілердің дәлдігімен емес, оны қалай ұсынғанымызбен де өлшенеді. Әдептілік, бейтараптық және жауапкершілік сақталған жерде ғана журналистика өз миссиясын толық орындай алады. Ақпарат ғасырында жылдамдық маңызды болғанымен, сапа одан да жоғары тұруы тиіс. Сондықтан әрбір журналист сөзінің күшін сезініп, эфир мәдениеті мен кәсіби этиканы сақтауды өз борышы деп білуі қажет.
Альмира Бауржанқызы, Айнұр Батнияз, Журналистика факультетінің 3 курс студенттері
“Медиаэтика” пәні
Жетекшісі: ф.ғ.к., доцент Жақсылықбаева Римма
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі