Өлең, жыр, ақындар

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесінде: қазіргі жағдайы мен болашағы

Қазақ тілі – ұлттың рухани өзегі, тарихи жады мен мәдениетінің айнасы. Егемендік алғаннан кейін мемлекеттік мәртебеге ие болғанымен, қазақ тілі әлі де қоғамның барлық саласына толықтай енбей келеді. Бұл мәселе тілдік ортадағы әлеуметтік, саяси, демографиялық, экономикалық және мәдени факторлармен тығыз байланысты. Бүгінгі тіл тағдыры – ұлт тағдырымен тең. Сондықтан қазақ тілінің қазіргі ахуалын жан-жақты саралап, оның болашағына қатысты ғылыми, сараптамалық тұрғыда байыпты көзқарас қалыптастыру – уақыт талабы.

    2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан халқының 92%-ы қазақ тілін меңгерген. Алайда, бұл көрсеткіштердің ішкі мазмұнына үңілсек, ресми ісқағаздар, жоғары технология, ғылым, медицина салаларында қазақ тілінің қолданылу деңгейі айтарлықтай төмен. Мемлекеттік мекемелердің өзінде қазақ тілі көбінесе формалды түрде ғана қолданылады.Бұл жағдайда тіл саясаты саласындағы сарапшы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Сәдуақасова былай дейді:

«Қазақ тілі тек отбасы мен тұрмыстық қатынаста қолданылатын тіл деңгейінде қалып отыр. Мәселен, жекеменшік компаниялардың 70%-дан астамы құжат айналымын орыс тілінде жүргізеді. Бұл — қазақ тіліне деген институционалды сенімнің төмендігін көрсетеді. Ал сенімсіздік тілдің дамуына үлкен кедергі келтіреді.»

    Сәдуақасова пікірінен кейін логикалық жалғастықпен айтуға болады: тілдің толыққанды дамуы үшін ол барлық салаларда — экономикада, бизнесте, ғылымда, технологияда бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Ол үшін тілді тек қолданысқа емес, өнім мен қызмет тіліне айналдыру қажет.

     Статистикалық дерек тілдік мәселенің жоғары білім беру жүйесінде де өзекті екенін көрсетеді. 2023–2024 оқу жылының басында Қазақстанда 112 жоғары оқу орны жұмыс істегенімен, олардың ішкі мазмұны – яғни оқыту сапасы мен тілдік орта – әлі де толыққанды қазақ тілінің үстемдігімен ерекшеленбейді. Оқулықтардың 60%-ының аударма күйінде болуы – түпнұсқалық ғылыми ойдың жетіспеуімен қатар, студенттің тілді терең түсініп, еркін қолдануына да кедергі. Бұл – тіл саясатының тек орта білімде емес, жоғары оқу орнында да кешенді түрде қолға алынуы керектігін көрсетеді.Зерттеулерге сүйенсек, еліміздегі ғылыми мақалалардың 70%-дан астамы орыс және ағылшын тілінде жарияланады. Мұның себебі – халықаралық ғылыми ортада мойындалу қажеттілігі ғана емес, қазақ тіліндегі академиялық терминологияның, ғылыми стиль мен үлгінің толық қалыптаспауы. Бұл туралы тілтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Назгүл Жанғазы:

«Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуеті зор, алайда оны жүзеге асыратын тетік – жоғары оқу орындарындағы қазақша білім мен ғылыми ойлауды дамытатын орта жетіспейді» – деп атап өткен.

        Ғалымның бұл пікірі қоғамдағы түбегейлі өзгеріс тек саяси шешімдермен емес, мәдени, тілдік кеңістікті жүйелі түрде жаңғыртумен келетінін көрсетеді. Тіл – тек қатынас құралы ғана емес, ұлттың ғылыми ойлау жүйесінің негізі. Сондықтан жоғары оқу орындарында қазақ тілінде ғылыми зерттеулер жасауға ынталандыру, оны бағалау мен жариялау механизмдерін жетілдіру – тіл болашағына жасалған маңызды инвестиция болмақ.Осылайша, жоғары білім саласында тіл мәселесін жүйелі шешпей, қазақ тілін толыққанды мемлекеттік тіл ету туралы бастамалар жарты жолда қалып қоюы мүмкін. Бұл орайда мемлекеттік бағдарлама мен ЖОО-лар арасындағы байланыс пен міндеттер нақты айқындалып, стратегиялық тұрғыда іске асуы тиіс.

      Цифрлы дәуірде тілдің болашағы оның интернеттегі белсенділігіне байланысты. 2024 жылы жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, қазақстандық жастардың 74%-ы әлеуметтік желіде негізінен орыс немесе ағылшын тілінде контент тұтынады. Қазақ тіліндегі сапалы ақпараттық өнімдердің үлесі небәрі 12%-ды құрайды. Медиакоммуникация саласының сарапшысы Ләззат Айтжанова былай дейді:

«Қазақ тіліндегі YouTube, TikTok, Instagram парақшаларының саны өсіп келе жатқанымен, олардың сапасы мен қамтитын аудиториясы әлі де шектеулі. Жасөспірімдер арасында қазақ тілін "заманауи емес", "трендке сай емес" деп қабылдайтын үрдіс бар. Бұл өте қауіпті тенденция.»

Айтжанова ойынан туындайтыны: қазақ тілі қазіргі заманғы ақпарат құралдары мен платформаларда бәсекеге қабілетті болуы керек. Ол үшін сапалы блогерлер, журналистер мен медиаөнім өндірушілердің қатары артуы тиіс. Тіл — мәдени өніммен бірге дамиды.

Мемлекеттік тіл мәртебесі Қазақстан Конституциясында нақты көрсетілгенімен, нақты іске келгенде бұл бап жиі ескерусіз қалады. Расында да, Тілдер туралы заң декларативті сипатта қалып отыр: ол қазақ тілінің мәртебесін мойындағанымен, оның нақты қолданылу аясын, міндеттелетін салаларын, орындалмау жауапкершілігін айқындамайды. Мәселен, мемлекеттік органдарда, сот ісінде, білім беру мен медицина саласында қазақ тілі негізгі тіл болуға тиіс екені заңда жазылғанымен, іс жүзінде көптеген құжаттар орыс тілінде дайындалып, қазақша нұсқасы тек аударма ретінде беріледі. Бұл — тілдің заңдық мәртебесінің нақты әлеуметтік мәртебеге айналмауының айғағы. Тіл саясатын сараптайтын зерттеуші, саясаттану ғылымдарының кандидаты Саяжан Мұқан да бұл мәселеге назар аудартады:

«Қазақ тіліне қатысты заңнамаларда бақылау және жауапкершілік жүйесі жоқ. Бұл тілдік нормаларды орындауға мәжбүрлеу емес, реттеуші құралдардың жетіспеуінен туындап отыр. Сондықтан да мемлекеттік мекемелерде тіл нормалары сақталмаса да, оған заң жүзінде шара қолдану мүмкін емес», — дейді ол.

Саяжан Мұқанның бұл пікірі мемлекеттік тілдің дамуында тек ниет пен ұран емес, нақты құқықтық тетіктердің шешуші рөл атқаратынын көрсетеді. Егер заң талаптары орындалмаса, тіл саясаты формалды сипатта ғана қалып, қоғамда оның беделі төмендейді. Тиісінше, тілдің мәртебесі жайлы айтқанда, тек мәдениет немесе білім саласына ғана емес, құқықтық реформаға да назар аудару қажет. Сондай-ақ, тіл саясатының тиімділігі саяси ерікке де байланысты. Мемлекеттік тілді нақты қолдану нормаларын, мониторинг жүйесін, бұзушылықтарға қатысты санкцияларды енгізбей, қазақ тілінің қоғамдағы толық үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл — ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздіктің бір тірегі ретінде қаралуы тиіс мәселе. Сондықтан жаңа Тіл туралы заң — заман талабына сай, нақты қолданысқа негізделген, құқықтық жауапкершілік жүйесімен қамтылған кешенді құжат болуы тиіс.

        Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ тілі – ұлттың рухани тірегі ғана емес, мемлекеттің біртұтастығы мен тәуелсіздігінің нышаны. Оның тағдырына алаңдаушылық – мемлекеттің келешегіне алаңдаушылық. Қазіргі қоғамда қазақ тілінің толыққанды дамуы үшін үш негізгі бағытта жүйелі жұмыс қажет: сапалы білім, заманауи медиа және нақты құқықтық база. Тілді сақтау – оны тірілту емес, тірі күйінде ұрпаққа табыстау.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз