Баспана – әр адам үшін ең басты, ең қарапайым қажеттіліктердің бірі. Алайда соңғы жылдары Қазақстанда үй алу, тіпті жалдап тұрудың өзі көпшілік үшін қолжетпес арманға айналып бара жатқандай. Жыл сайын құрылыс көп салынып жатыр, түрлі бағдарламалар жарияланып жатыр, бірақ қарапайым халық «үйлі болудың» үмітін емес, тек есеп-қисабын түгендеумен жүр.
Қүрылыс саны көбейгенімен,әлі күнге дейін баспанасыз жүрген халық өте көп.Мәселен,2024 жылы Қазақстанда 18,96 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған екен – бұл тәуелсіздік алғалы болмаған рекорд. Алайда бұл жаңалықтан көпшілік қуана қойған жоқ. Себебі баға да сол қарқынмен бірге шарықтап барады. Мысалы, Астанада жаңа пәтердің 1 шаршы метрі орта есеппен 595 мың теңгеге дейін көтерілген. Алматы да қалыс қалған жоқ – мұндағы баға 582 мың теңгенің үстінде.
Бұл келтірілген деректен қарапайым халық үшін үй салу емес, сатып алу – үлкен мәселе екенін аңғарамыз. Жаңа үй салынып жатқанымен, олар көбіне инвестициялық бағыттағы жобаларға айналып барады. Құрылысы көп, бірақ қолжетімдісі аз.
Мәселе негізінде нарық заңдарына сілтей салу жеткіліксіз. Сарапшылардың айтуынша, басты себеп – халық табысы мен үй бағасы арасындағы алшақтық. Мәселен, сарапшы Алина Иманғалиева: «Қазақстанда үй ешқашан арзандамаған және арзандамайды. Оның үстіне, 2025 жылы ипотека пайызы тағы өседі деп күтілуде. Бұл дегеніміз – үй бағасы тағы шарықтауы мүмкін», – деп атап көрсетеді.
Ал экономист Айбар Олжаев басқаша пікірде: «Биыл тұрғын үй бағасында аса қатты өзгеріс болмайды. Құрылыс салушыларға салық жүктемесі өзгеріссіз қалды, доллар тұрақты, ал нарықты қозғайтын жаңа ипотекалық бағдарламалар әзірге байқалмай отыр. Яғни, биылғы нарық – салыстырмалы түрде тыныш болады», – дейді.
Дегенмен, тұрғындардың «тыныштық» емес, «қолжетімділік» күтіп отырғанын ескерсек, мұндай байлам көңіл жұбатпайды.
Бүгінде халықтың басым көпшілігі үй алуда ипотекаға жүгінеді. Мысалы 2024 жылы «Отбасы банкі» арқылы 71 мыңнан астам азамат несие рәсімдеген. Бұл жақсы нәтиже сияқты. Бірақ несие алу оңай шаруа емес – бастапқы жарна, құжат жинау, табысты дәлелдеу, ұзаққа созылатын төлемдер. Халықтың көп бөлігінің тұрақты табысы мен ресми жұмысы болмаса, мұндай бағдарламалар қағаз жүзінде ғана қолжетімді.
Одан бөлек, үй алған күннің өзінде 15–20 жыл бойы қарыз арқалап өмір сүру – психологиялық және әлеуметтік қысым. Яғни, ипотека – баспанаға қол жеткізудің жолы болғанымен, әркім үшін тиімді шешім емес.
Қорытындай келе Қазақстанда тұрғын үй мәселесі – тек құрылыс көлемімен өлшенетін мәселе емес. Бұл – халықтың әлеуметтік жағдайын, мемлекеттің тұрғындарға деген нақты қамқорлығын, әділ экономикалық тетіктерді қажет ететін сала. Қазірше жағдай біртүрлі парадокс сияқты: үй салынып жатыр – бірақ адамдар үйсіз. Бағдарламалар бар – бірақ халық оған жете алмай отыр.Мәселе – тек шаршы метрде емес. Мәселе – сол үйдің кімге және қалай қолжетімді екенінде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Тлеуғабыл Шырайлым
- Тлеуғабыл Шырайлым
- Тлеуғабыл Шырайлым
- Тлеуғабыл Шырайлым
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі