Өлең, жыр, ақындар

Жасанды интеллект дәуірі :баспа ісі,медиа және дизайн»

 

  «Күш – білімде, білім – кітапта» деп ұлы Абай айтқандай, қай дәуір болмасын, адамзаттың өрісі – ойда, бағы – парасатта, іргесі – ілімде. Алайда қазіргі заман – кітап парағынан кодқа, сөз өрнегінен цифрлық өріске ұмтылған, рух пен технология бетпе-бет келіп, бәсекелес емес, серіктеске айналған кезең. Осы бір алмағайып әрі ғажайып шақта адамзат ақылы мен жасанды зерде қатар жүріп, жаңа болмысты қалыптастыруда.
   2025 жылдың көктемі Алматыны руханияттың ордасына, парасат пен пайымның мінберіне айналдырды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде «Жасанды интеллект дәуірі: Баспа ісі, медиа және дизайн» атты халықаралық көктемгі мектеп өз шымылдығын түрді. Бұл – жай ғана жиын емес, заманмен сырласқан, рухпен кеңескен, біліммен тыныстаған ауқымды алаң болды. Қазақ топырағы бұл жолы бір ғана елдің емес, тұтас түркі дүниесі мен Азияның сөз иелерін, қалам ұстаған қауымды, цифр мен қаріпке жан бітірген шығармашылық иелерін жинады. Бангладештен бастап, Ресейге дейінгі елдердің студенттері мен зерттеушілері бас қосқан бұл жиында – шекараны ой емес, технология ғана бөлетін заманның шындығы айтылды.Шараны жүргізген декан Қанат Әуесбай мен ҚР Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов қазақ сөзінің келешегі – цифрлық сауат пен рухани құндылықтың қос қанатында екеніне назар аударды. Ал «Атамұра» корпорациясының Президенті Рақымғали Құл-Мұхаммедтің тарту еткен Абай жинағы – ұлы мұраның ұрпаққа жол тартуы ғана емес, руханият эстафетасының келесі буынға табысталуы болды. Шара барысында сөз алған қаламы қарымды журналистер мен баспа мамандары – Қайнар Олжай, Қарлығаш Жаманқұлова, Бақытжан Бұқарбай, Шыңғыс Мұқан сынды тұлғалар жасанды интеллекттің баспа мен медиаға әкелген жаңалығын, соны серпінін кеңінен талдады.AmalBooks баспасының бастамасымен жасанды интеллект көмегімен бір апта ішінде 30 кейіпкері бар мотивациялық кітап жарық көрген. Бұл – бірлік пен білім үйлессе, уақыт пен технологияның бағынбайтын биігі болмайтынын дәлелдеген іс.Сауалнама арқылы ұсынылған 192 тақырыптың ішінен сұрыпталып шыққан 12 еңбек – қоғамның ішкі дертін дөп басқан, оқырманмен тіл табысқан нақты жауап іспетті. Жастарға бағытталған бұл еңбектер, шын мәнінде, «Сөз – шындықтан туады, шындық – жүректен» деген тәмсілдің бүгінгі көрінісі болды. Цифрлы дәуір тек дамумен емес, даумен де қатар келеді. Интернет кеңістігінің өсуі – шығармашылық еңбектің тағдырын заң аясында қорғауды күн тәртібіне шығарды. Серік Жанболаттың айтуынша, авторлар көбіне мүліктік және авторлық құқықтың аражігін ажырата алмай жатады. Бұл – тек заңгер емес, әрбір ой иесінің санасында сергек жүруі тиіс сала.«Жақсы редактор қарындашпен редакциялайды» деген Қаракөз Смәділдің пайымы – мәтінмен жұмыс істеудің нәзік өнер екенін, әр сөзге жан бітірудің жауапкершілігін көрсетеді. Қалам – қару емес, жауапкершілік. Ол – тек жазу құралы емес, көңілдің көрігі, санаңның сәулесі. QazLLM моделі – жасанды зерденің ұлттық рухпен ұштасқан үлгісі. Бұл үлгі – тек тілдік модель ғана емес, қазақ сөзінің құнарын заманауи технологиямен қауыштырған жаңа бағыт. Мәселен, ұмыт қалған «шөрнек» секілді көнерген сөздер жасанды зерденің сүзгісінен өтіп, қайта тірілді.Бұл – «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» дейтін аталы сөздің бүгінгі техникалық бейнесі. Тіл – тірі ағза. Оны сақтау үшін жүрек те, жүйе де, жасанды зерде де қажет.
   Бұл көктемгі мектеп – рух пен зерденің, сөз бен жүйенің, адам мен алгоритмнің тоғысқан тұсы. Мұнда көтерілген әрбір ой – болашақтың іргетасы. Әлихан Бөкейханның «Біз өркениеттің көшінен кеш қалып қоямыз» деген сөзі еске түсті. Алайда дәл осындай игі қадамдар – білім көшінен қалмаудың, тіпті оны бастауға ұмтылудың бір дәлелі.Қалам мен код – қайшылық емес, келісім. Сөз рухтың айнасы, ал жасанды зерде – сол рухты сақтауға арналған құрал. Ұлттың коды – оның сөзінде. Соны сақтап қалу – бүгінгі бізге артылған ең үлкен аманат.

Авторы:Мәді Мәдина


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер