Өлең, жыр, ақындар

Қазақ қызы – өткеннің парасаты, бүгіннің үміті

       Қазақ қызы - ұлттың айнасы, мәдениет пен тәрбиенің көрінісі. «Қыз - елдің көркі» деген дана халқымыз қыз балаға әрдайым ерекше құрметпен қараған. Дәстүрлі қоғамда қазақ қызы – ибалылықтың, адалдықтың, еңбекқорлықтың символы болды. Ал XXI ғасырда бұл бейне жаңаша сипат алып, уақыт талабына сай жаңа рөлдермен толықты. Бүгінгі қазақ қызы бір ғана кейіптің құлы емес. Ол - ұлттық құндылықты құрметтейтін ана, отбасын бағалайтын жар, білімді студент, табысты кәсіпкер, жаңашыл журналист, батыл көшбасшы. Қоғам өзгеріп жатқанда, әйел рөлдері де кеңейіп, сан қырлы сипат алып отыр. Бұл өзгеріс қоғамның дамуы мен әйелдердің жаңа мүмкіндіктерге ұмтылу нәтижесі.

       Қазақстанда жоғары білім алушылардың 63%-ын қыздар құрайды. Бұл қазақ қыздарының білімге деген талпынысының айқын дәлелі. Олардың арасында инженерия, IT, медицина, халықаралық қатынастар сияқты салаларды таңдаушылар саны жылдан жылға артып келеді. Мысалы, 2024 жылғы дерек бойынша, STEM (ғылым, технология, инженерия, математика) салаларында білім алып жатқан студент қыздардың үлесі 38%-ға жеткен.

      Алайда, дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысында қазақ қызының жүріп өтер жолы оңай емес. Бір жағынан, қоғам одан инабаттылық, қарапайымдылық, отбасылық құндылықтарға адал болуды талап етеді. Екінші жағынан, заманауи әлемде белсенді, табысты, дербес болу керек деген талаптар арта түсуде. Осы екі ұстанымның арасында тепе-теңдік табу - әр қазақ қызы үшін өзіндік күрес, өзіндік ізденіс.

Қазіргі таңда қазақ қыздарының бейнесі айтарлықтай өзгеріп, жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Олар тек дәстүрлі рөлдермен шектелмей, заманауи қоғамның түрлі салаларында өз орнын табуда. Бүгінгі қазақ қызы - білімді, өршіл, талпынысы мықты тұлға.

Олар халықаралық деңгейде де өздерін көрсетіп жүр: түрлі олимпиадалар мен шығармашылық байқауларда топ жарып, ел намысын абыроймен қорғауда. Ғылым мен технология, бизнес, медиа, тіпті саясат секілді күрделі салаларда белсенділік танытып, жаңашыл бастамаларға қолдау болуда. 2023 жылы Forbes Kazakhstan тізіміндегі 30 жасқа дейінгі табысты әйелдердің 60%-ын қазақ қыздары құраған. Бұл - тек статистика емес, бұл - бейнетпен келген беделдің көрінісі.

Көптеген қазақ қыздары бүгінде өздерінің жеке платформаларын ашып, қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеруде. Бұл олардың азаматтық позициясының, ішкі жауапкершілігінің, өзгеріс жасауға деген ұмтылысының айқын дәлелі. Сонымен қатар, олар қоғамдағы қалыптасқан гендерлік стереотиптерге қарсы тұрып, өз таңдауын қорғаудан қорықпайды. Білім алуға, мансап құруға, жеке өмірін өз қалауымен қалыптастыруға деген құқығын ашық түрде қорғап жүр.

UN Women Kazakhstan мәліметіне сәйкес, қыздардың 75%-ы кемінде бір рет гендерлік қысым мен қоғам тарапынан «қалай болу керек» деген күтулерге тап болған. Бірақ соған қарамастан, олар өз дауыстарын жеткізіп, көзқарасын қорғап келеді.

Бүгінгі қазақ қызы - тамырымен берік, болашағымен айқын, өз даусын еркін жеткізе алатын тұлға. Мұның барлығы - олардың білімге, дамуға, еркіндікке деген құштарлығының нәтижесі. Бұл өзгерістер қыз баланың ғана емес, бүкіл ұлттың өсуі мен дамуының көрінісі. Бірақ, заманауи табыстың көлеңкесінде кейде ішкі қысым, әлеуметтік тосқауыл, моралдық шаршау жатады. «Қызға қырық үйден тыйым» деген қағида әлі де көп ортада үстемдік құрып тұр. Көпшілікке ұнамды болуға тырысу, отбасылық және кәсіби рөлдерді қатар алып жүру - қыздар үшін үлкен сынақ. Осы кезде қоғам қолдау көрсетуі керек: оларды сынамай, түсініп, бағыт беріп, сенім артуымыз қажет.

Менің таныстарым мен қатарластарымның арасында түрлі салада жетістікке жетіп жүрген қазақ қыздары көп. Бірі медицинада, бірі шығармашылықта, бірі технологияда еңбек етіп, ел мерейін үстем етуде. Бұл қыз тәрбиесіне, отбасылық құндылықтарға, білімге мән берген тәрбиенің нәтижесі.

Қазақ қызы - тек әдемілік пен инабаттылықтың ғана емес, ойдың, жігердің, мақсаттың бейнесі. Ол өзгеріп жатқан әлемде де өзін жоғалтпай, тамырынан нәр алып, биікке ұмтылатын тұлға.

Қазақта «Қыз өссе - елдің көркі» дейді. Бүгінгі қазақ қызы елдің ғана емес, дәуірдің көркі.

Оның бейнесі өткеннің парасатымен, қазіргі заманның серпінімен, болашаққа деген үмітпен жасалып жатыр. Бұл - мақтанышқа лайық бейне....

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Сағындық Жанель


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз