Қоғам – айнаның бейнесі. Ал сол айнаға көз салсақ, қазақ тілінің бүгінгі жай-күйі жүректі ауыртады. Ана тіліміз – ұлт рухының өзегі, елдігіміздің айғағы. Бірақ қазіргі қазақ қоғамында осы киелі тілдің жағдайы алаңдатпай қоймайды.
Қазақ тілі – ғасырлар бойы жаугершілікті де, аштықты да, саяси қысымды да бастан кешкен қасиетті тіл. Бірақ бүгінгі заманда сол тіліміздің тағдыры тағы да сынға түсіп тұр. Иә, бұл жолы жау сырттан емес. Ол – өзіміздің ішімізде: немқұрайлықта, жалған ұяңдықта, тілден безінуде.
Бүгінгі қоғамда «қазақша білмеймін» деген сөз ұят емес, керісінше сәнге айналғандай. Қазақша сөйлеуден қысылатындар, оны екінші сортты тіл санайтындар әлі де кездеседі. Ал ең сорақысы – өз тілін білмейтін ұрпақ қалыптаса бастауы.
Бала қазақша түсінбейді, ата-ана оған орысша сөйлейді. Мектепте қазақ тілі сабағы бар, бірақ оны жүрекпен сезінетіндер аз. Қала берді, қызметтік орындарда, ресми мекемелерде қазақ тілінде сөйлеу – тек қағаз жүзіндегі міндет қана.
Бұл қайдан шыққан салғырттық? Бұл — отбасынан басталған әлсіз тәрбиеден бе? Әлде қоғамдағы қазақ тіліне деген көзқарастың салдары ма?
Кейбір ата-аналар «балам ертең шетелде оқуы керек» дейді де, қазақ тіліне мән бермейді. Бірақ кім айтты қазақ тілі тек ауылдың тілі деп? Тілдің болашағы – оның қолданылуында. Егер қазақ тілі барлық салада – ғылымда, технологияда, медицинада, мәдениетте кеңінен қолданылса, оның беделі өздігінен өсер еді. Ал оны дамыту үшін әрқайсысымыз жеке жауаптымыз.
Қазақ жерінде отырып, өз тілінде сөйлеуге қорқу – бұл рухани отарлықтың белгісі. Ал ана тілінде сөйлей алу – бұл еркіндік, бұл сана дербестігі.
Навруз
Маган тест жауабы керек