Өлең, жыр, ақындар

Мамандық-өміріңнің айнасы

Мамандық - өміріңнің айнасы

Өмір – ұшы қиыры жоқ терең мұхит, ал мамандық – сол мұхитта жүзіп өтетін кеме. Егер дұрыс бағытты таңдасаң, жағалауға аман-есен жетесің, ал егер жолыңды қате таңдасаң, толқындар сені адастырып, өкінішке жетелейді. Жас түлек үшін мамандық таңдау – теңізге алғаш рет желкен жайған кеменің бағытын анықтаумен тең. 

«Жаңына жақын іс - жүрегіңнің әні» дейді дана халық және мен осы айтқан пікірмен толықтай келісемін. Себебі, әрбір адам өзіне берілген дарынның кілтін дұрыс ашса, шын мәнінде бақытты болады. Сүйікті ісімен айналысқан жан-таңмен бірге қуанып оянып, әр күнін шабытпен өткізеді. Ал көңілі қаламаған мамандықты таңдаған жан - тас қапаста қамалған құс тәрізді, қанша ұмтылса да, еркін самғай алмайды.

Ең біріншіден, менің мамандық таңдау барысында басымнан өткен оқиғамен сіздерді таныстыра кетейін. Барлығы сонау мен 7 сынып оқушысы болғанда басталды. Ата-анам маған «дәрігер бол, ең асыл, ең ардақты мамандықтардың бірі» деп айтқан болатын. Мен ата-анамның сөзіне мән бермей келіскен болатынмын. Әрине, әр ата-ана өзінің баласына тек жақсылықты тілейді және мамандық таңдауға көмектесіп, бағыт-бағдар береді. Солай әне-міне деп, көзді ашып жұмғанша мен 10 сыныпты аяқтадым. Уақыт зымырап өтіп кетті. Сол кезде мен өзімнің болашақ мамандығымның өте жауапты және медицина университетіне грантқа түсу өте қиын істердің бірі екенін түсініп, ҰБТ- ға дайындықты маусым айында бастадым. Күні-түні кітаптан басымда алмай, ата-анамның үмітін ақтаймын деп білімге деген қызығушылығымды арттырған болатынмын. Бірақ жүрегімнің түкпірінде, бұл мамандық менікі емес екенің түсініп жүрдім. Солай желтоқсан айында, мен мектебімнің атынан «Сарыарқа телеарнасына» интервьюге шақырту алдым. Бұл менің телеарнаға бірінші рет шығуым болды. Әрине іштей қорқыныш, алай-дүлей күй кештім. Бірақ өз қорқынышымды жеңіп, мектебімнің атынан Алаш партиясы туралы сұхбат бердім. Сол телеарна студиясының атмосферасы жадымда мәңгілікке жатталып қалды. Осы оқиға менің өміріме зор ықпалын тигізді. Себебі, мен 1 ай бойы ойланып, толғанып, ата-анаммен ақылдасып мамандығымды ауыстырамын деген шешімге келген болатынмын және осы шешімге келгеніме, қаншама еңбектеніп, тер төгіп дайындығымды тоқтатқаныма еш өкінбеймін. Мен өзімді жан-жақтан таныдым, көп оқыдым, іздендім. Бұл мен үшін тағылымды іс болды. 

Ал енді мамандық таңдау барысында қателеспеу үшін нестеу керек? Деген сұраққа өзімнің кеңестерім мен жауабымды айтайын. 

1.Жүрегіңнің үнін тыңда.

Мамандық – адамның ішкі жан дүниесінің айнасы. Қай іске деген құштарлығың басым? Қай салада өзіңді еркін сезінесің? Егер бала күніңнен сурет салуға ғашық болсаң, инженерлік мамандық сенің жаныңа жат болуы мүмкін. Сондықтан жүрегің нені қалайтынын анықта.

2.Қабілетіңді бағала.

“Әркімнің өзіне лайықты орны бар” дейді дана халқымыз. Біреу сөзге шешен, біреу сандар әлемінде еркін жүзеді, енді бірі қолөнерге епті. Өзіңе тән қабілеттерді бағалап, қай салада мықты екеніңді саралап көр.

3.Еңбек нарығын зертте.

Арманың мен нарық сұранысы тоғысып жатса – сенің бағың жанды деген сөз. Болашақта сұранысқа ие, тұрақты табыс әкелетін мамандықты таңдау – өміріңді сенімді етуге көмектеседі.

4.Тәжірибеден өт.

“Көзбен көрген – ақиқат” демекші, таңдаған салаңды өмірде байқап көр. Егер дәрігер болғың келсе, медицина орталықтарына барып, сол мамандық иелерінің жұмысын бақыла. Егер кәсіпкерлікті ойласаң, табысты кәсіпкерлермен сұхбаттас.

Сөз соңында айтарым, мамандық таңдау – өз болашағыңды таңдау. Бұл шешімге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Егер қателессең, уақытты қайтара алмайсың. Сондықтан жүрегіңді тыңда, болашағыңды ойла, өзіңе сен! Өмір жолында өзіңе ең жақын, ең ыстық мамандықты таңда, сонда ғана шынайы бақыттың дәмін татасың.

“Өз ісін сүйген адам – бақытты адам!”


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз