Бүгінгі жастар — бұрынғы ұрпақтың көшірмесі емес. Олар мүлде басқа кеңістікте, басқа ақпарат тасқынында, басқа жылдамдықта өсіп келеді. Олардың ойлау жүйесін бір сөзбен сипаттау қиын. Бірақ бір нәрсе анық: қазіргі жастар — өзгеше. Бірінші ерекшелік — сауал қоятын сана. Бұрын “мұғалім айтты — болды” деген жүйе болатын. Қазір жастар: “Неге?”, “Кім айтты?”, “Дәлелі қайда?” деп сұрайды. Бұл — қарсы шығу емес, сыни ойлау. Яғни олар айтылғанға сене салмай, оны ой елегінен өткізгісі келеді. Бұл – дамыған сананың белгісі. Екінші ерекшелік — жылдамдық пен қысқалық. Олар үшін үш сағаттық лекцияны тыңдағаннан гөрі, 30 секундтық видеодан мән-мағына табу оңайырақ. Ақпаратты жылдам қабылдап, тез қорыта алады. Бұл олардың жады әлсіз дегенді білдірмейді. Керісінше, артықты ысырып, маңыздысын “сүзгіден” өткізуге бейім. Үшінші ерекшелік — шектеусіз армандау. Бұрын «Жақсы жұмыс – кабинет, костюм, тұрақты жалақы» деген ұғым үстемдік етсе, қазіргі жастарға «Жаныңа жақын іс – нағыз табыс» деген ұстаным тән. Олар үшін жұмыс – міндет емес, мағына. Бақытты болу – бай болудан бұрын келеді. Бұл – құндылықтың терең өзгерісі.
Тағы бір маңызды ерекшелік – қабылдаудың ашықтығы. Қазіргі жастар бір ұлтпен ғана шектеліп ойламайды. Олар үшін шекара – тек картада. Кез келген тілде сөйлеп, әлемнің кез келген түкпірінен дос таба алады. Алайда бұл жаһандану — ұлттық болмысты ұмыттыру қаупін де қатар алып келеді. Міне, дәл осы жерде тепе-теңдік қажет.
Дегенмен, бұл буынның әлсіз тұстары да бар. Олар — шынайы байланысқа зәру. Көп досы бар секілді көрінгенімен, жалғыздықтан күйзеліп жүргендер аз емес. Виртуалды әлемде батыл болғанымен, шынайы өмірде сезімін ашық айтуға қиналады. Бұл – цифрлы дәуірдің “жан жарасы.”
Қазіргі жастар — бір сәтте күлкі мен күйікті, үміт пен үрейді қатар сезіне алатын ерекше буын. Олар — өткен мен келешек арасындағы көпір. Сондықтан оларды “түсінбеймін” деп шеттету емес, “тыңдаймын” деп жақындау қажет. Себебі олар — болашақ емес, бүгіннің тамыры.
Ал бүгінді түсінбей, ертеңге жол жоқ.
Жұмабек Айжан Бауыржанқызы
- Мәулітбек Ұлас
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі