Бүгінгі таңда қаржылық сауаттылық әр адамның өмірінде маңызды рөл атқарады. Қаржыны дұрыс басқару, инвестиция жасау, және бюджет жоспарлау сияқты дағдыларды дамыту қоғамда өзекті мәселе болып отыр. Бұл тақырыпты кеңінен талқылау мақсатында қаржылық сауаттылық бойынша сарапшы,инвестор Исламбек Әділбек өз тәжірибесімен бөліседі. Ол қаржылық сауаттылықты дамыту қажеттілігі мен оның қоғамдағы әсері жайлы пікірлерімен бөліседі.
-Сіздің пікіріңізше, қаржылық сауаттылық дегеніміз не? Неліктен ол бүгінгі таңда маңызды?
- Қаржылық сауаттылық дегеніміз ол әр адам өзінің табатын қаржысын жүйелі, сауатты ,орынды басқара білуі. Әрбір адам өмірінде ,болып жатқан тіршілігінде қаржы ағымы болады, яғни кез келген адам ақша табады, жаратады. Сол қаржыны дұрыс басқару ,дұрыс бөле алу , жүйелі түрде жоспарлай алуды біз қаржылық сауаттылық дейміз. Қаржылық сауаттылық болған адамда ол өзінің болашағы үшін қаржы жинай алады, сатып алатын ауқымды заттарын жоспарлай алады. Бүгінгі таңда қаржылық сауаттылықтың маңыздылығын қоғамнан көре аламыз. Қоғамда өзіңіз байқап қарасаңыз кредитке , кредит төлеуге кіріп кеткен адамдар өте көп,осы арқылы біз елімізде қаржылай сауаттылықтың жоқ екенін , тіпті дәнегі егілмегенін көреміз.
-Қаржылық сауаттылықтың төмен болуы қоғамға қандай әсер етеді?
- Қоғамымызда халықтың басым бөлігі қарызға кірген, өзінің күнделікті табысын бір айға толық жеткізе алмайды. Осы ситуация қаржылық сауаттылықтың төмендігінен пайда болып отыр. Төмен болуы біздің қоғамды толықтай қарызға кіргізе береді , соның салдарынан біздің қоғам ақша жинауды емес, керісінше адамдар тек қарызын жабу үшін ақша жинауына тура кеп қалады және әрбір адамды жұмысқа бару тек қарыз ғана шабыттандырады. Адам жұмысын шабыттана , өнімді істеу үшін алған қаржысын саяхатқа , білімге жұмсауы керек. Бізде машина алуға , кредит алуға , жаңа смарфтон алуға жұмсалып жатыр.Осыдан ақ біз неліктен біздің халыққа қаржылай сауатты болу керектігін түсіне аламыз. Сауатты қоғам құндылықтарды саяхатқа, білімге қоя бастайды.
- Сізге тоқталсақ, жеке қаржыңызды басқарудағы негізгі қағидалар қандай? Қазіргі таңда жастар мен жаңадан бастаушыларға қаржылық сауаттылықты дамыту үшін не істеу керек?
- Жеке қаржыны басқарудағы негізгі қағидаларым бар. Ең бірінші қағидам – табыс тапқан күні бірден табысымның бір бөлігін инвестиция жасауға арнаймын. Екінші қағида – сатып алатын затты алдын-ала жоспарлау. Мысалы, мен қандай да бір құнды дүние алатын болсам , оны 7-8 ай бұрын жоспарлап барамын, яғни қаржы жинап барамын.Үшіншісі – табысты әртараптандырып ұстауға тырысу.Табыс тек бір жерден келмеуі керек, әртүрлі табыс көздері болу қажет. Мысал ретінде менің табысым жеке кәсібімнен ,ютуб арнамнан, телеграм арнамнан келеді. Осындай үш бірдей қағидам бар.
Жастарға қаржылық сауаттылықты үйренуде ең алдымен кіріс пен шығыс жүргізуден бастау керек, өйткені мен өзім солай бастағанмын. Кіріс пен шығысты жүргізесіз және осы тұста қатты бақылайтын дүние – ол сіздің табатын табысыңыздан жұмсайтын ақшаңыз асып кетпеуі керек. Бұдан бөлек тағы айта кететін нәрсе – ол білім алу, яғни іргелі білімді беретін кітаптарды оқу. Мысалы , « Вавилондағы ең бай адам», « Мен және ақша», Данияр Жігітбектің «Қаржы қағидалары» біздің қазақ тілді кітаптар бар, соларды оқып , ілгері білім алса болады.
- Сіз телеграм арнаныңызда инвестиция тақырыбына көбірек тоқталасыз.Жалпы, инвестиция сөзін қарапайым халыққа қалай түсіндіре аламыз ? Инвестиция жасау қаншалықты маңызды?
-Бір сөзбен айтқанда, инвестиция жасау арқылы сіз болашағыңыз үшін қаржы жинайсыз. Мысалы, егер сіз 20 жаста болсаңыз және 40 жасқа дейін жұмыс істесеңіз, сол 20 жыл ішінде қаржы жинауыңыз қажет. Табысыңыздың 5-10 пайызын жинақтап, оны инвестицияға салсаңыз, 20 жыл ішінде жақсы табысқа қол жеткізе аласыз.
Инвестиция дегеніміз – біріншіден, болашағыңыз үшін қаржы жинау. Екіншіден, егер сіз инвестициямен айналысатын болсаңыз, әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар боласыз. Мысалы, АҚШ-та президент сайлауы болайын деп жатса, инвестициялар арқылы ол туралы біле аласыз. Тіпті инвестицияны білім алу құралы ретінде де қарастыруға болады. Үшіншіден, инвестиция арқылы болашағыңызды өз қолыңызбен құрастырасыз. Өміріңізді сапалы әрі жақсы өмір сүру үшін инвестиция маңызды. Күнделікті инвестиция жасап, болашағыңызды қаржымен қорғай білуіңіз және қаржы табудың жолдарын іздеуіңіз қажет.
-Ақша үнемдеу мәселесіне тоқталсақ ,сіздің ойыңызша ақшаны тиімді үнемдеудің ең қарапайым және нәтижелі жолдары қандай?
- Үнемдеу – әрқашан өсуге мүмкіндік беретін құрал. Кез келген компанияны қарасаңыз, бұл байқалады. Мысалы, адамдардың күшін үнемдеу мақсатында роботтарды пайдалану да үнемдеудің бір түрі. Қазіргі таңда көптеген беделді компаниялар адам күшін үнемдеп, роботтарды қолданып жатыр. Үнемдеу барлық салада қажет.
Үнемдеу адамды қандай жағдайларда қорғайды? Ол эмоционалды сатып алулардан сақтандырады. Мысалы, қолданыстағы телефоныңыз жұмыс істеп тұрса да, жаңадан шыққан әдемі дизайнды телефонды көріп, оны сатып алмау керек. Үнемдеудің мақсаты – осындай артық шығындарды болдырмау. Екіншіден, үнемдеген қаражатыңызды тиімді бағытта пайдалануға болады. Мысалы, айына 30 мың теңге үнемдесеңіз, оны білім алуға немесе басқа пайдалы нәрселерге жұмсауға мүмкіндік туады.
Үнемдеудің тағы бір қарапайым жолы – кіріс пен шығысты тұрақты түрде есептеп отыру. Егер мұны әдетке айналдырсаңыз, бір айда жұмсап жүрген қаражатыңыздың 20-30 пайызын үнемдеп, қалтаңызда ұстап қалуға болады. Дегенмен, үнемдеудің нақты мақсаты болуы шарт. Егер мақсат болмаса, барлық ақшаңыз жойылып кетуі мүмкін.
-Сұхбатымызды қорытындылай келе , сізге қояр соңғы сұрағым қаржылық сауаттылық адамның күнделікті өміріне қандай оң өзгерістер әкеледі?
- Менің жеке тәжірибемнен айтар болсам, егер сіз қаржылық сауаттылықты меңгерсеңіз, ең алдымен қалыптасатын маңызды әдеттердің бірі – кез келген табыс түскенде оның бір бөлігін үнемі жинақтап отыру. Бұл – өзіңізге және отбасыңызға үлкен пайда әкелетін әдет. Екіншіден, сіз нарықтағы жаңалықтармен үнемі таныс боласыз, қоғам мен экономикадағы өзгерістерді біліп жүресіз. Үшіншіден, инвестиция жасауды бастайсыз, бұл сіздің аналитикалық ойлау қабілетіңізді дамытады және компанияларды тереңірек талдауға мүмкіндік береді. Төртіншіден, үнемделген қаражаттың арқасында саяхатқа жиірек шыға аласыз.
Көп адамдар үнемдеуді өмір сүру сапасын төмендету деп қате ойлайды, бірақ шын мәнінде ол – қажетсіз шығындарды азайту өнері. Мысалы, аптасына төрт рет кока-кола ішетін болсаңыз, енді екі рет қана ішу арқылы ақша үнемдеп, оны пайдалырақ бағытқа жұмсай аласыз. Яғни, үнемдеу дегеніміз – ақшаны дұрыс пайдаланудың өнері. Жеке тәжірибемде осындай әдеттер қалыптасты, және мен әлі де үнемдеу мен инвестиция жасаудың жаңа тәсілдерін үйреніп, білімімді жетілдіріп келемін.
Исламбек Әділбек айтқандай, инвестиция мен үнемдеу – тек қаржыны көбейту тәсілі емес, болашаққа сенімді қадам. Қаржылық сауаттылықты меңгерген адам қарызға емес, дамуға ұмтылады. Білімге, тәжірибеге, өз болашағына қаржы салған әрбір қадам – ертеңгі тұрақты өмірдің кепілі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі