Өлең, жыр, ақындар

Іскерлік журналистика - өркендеудің өзегі

«Іскерлік журналистика – бұл халықтың экономикалық сауаттылығын арттыруға, инвесторларға елдің ашықтығын көрсетуге, кәсіпкерлерді қолдауға және қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға ықпал ететін маңызды сала». Экономика мен қаржы тақырыптары бүгінгі күні қоғам назарында. Іскерлік журналистика осы бағытта халықтың сауатын арттырып, күрделі ақпаратты қарапайым тілмен жеткізуде маңызды рөл атқарады. Іскерлік журналистиканың басты мәселелерін «Атамекен Бизнес» арнасының журналисі, «Геосаясат» бағдарламасының жүргізушісі Алмагүл Алмазқызы баяндайды.

  – Іскерлік журналистиканың негізгі көтеретін тақырыбы қандай?     

   – Іскерлік журналистиканың өзегі – экономика. Өйткені экономика – мемлекеттің дамуын айқындайтын басты сала. Бұл салада қаржы, валюта, салық жүйесі, кәсіпкерлік, инвестиция, халықаралық нарықтағы өзгерістер, инфляция мен жұмысбастылық деңгейі сынды мәселелер көтеріледі. Экономиканы терең түсіндіру арқылы халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне әсер ететін өзгерістерді қарапайым тілде жеткізу – іскерлік журналистиканың басты міндеті.

– Осы саланың даму кезеңдеріне тоқталсаңыз?                                   

    – Төрт негізгі кезеңді атауға болады. 17–18 ғасырларда Англияда «Сити Меркурий» басылымы алғаш рет саудагерлерге қажетті ақпараттарды жинап, іскерлік журналистиканың алғашқы үлгісін көрсетті. 19 ғасыр – өнеркәсіптік революция дәуірі. АҚШ-та «The Wall Street Journal» жарық көріп, қаржы нарығы туралы сараптамаларымен танылды. 20 ғасырда іскерлік журналистика жаңа деңгейге көтерілді. Экономика мен қаржы тақырыптары тек газет-журнал бетінде ғана емес, радио мен теледидарда да тұрақты түрде қозғалды. Financial Times, Forbes, Fortune, Bloomberg сынды басылымдар әлемдік аудиторияны қамтыды.  21 ғасыр – цифрлық дәуір. Мұнда жылдамдық пен визуалды жеткізу тәсілі алға шықты. Ақпарат көпплатформалы болып, әлеуметтік желілер іскерлік жаңалықтардың басты алаңына айналды.

  – Қазақстанда таза іскерлік бағыттағы алғашқы арна қайсы?           

    – 2016 жылы «Атамекен Бизнес» арнасы құрылды. Бұл – Қазақстандағы тұңғыш таза іскерлік арна. Біз көрермендерге қаржы нарығындағы өзгерістерді, валюта бағамын, салық кодексіндегі жаңалықтарды, кәсіпкерлердің мәселелерін тұрақты түрде ұсынамыз. Әрбір бағдарлама экономикамен байланыста болады, сондықтан «іскерлік тақырыптарды толық қамтитын арна» деуге әбден болады.

   – Арнаның бағдарламалары қандай ерекшеліктерімен көзге түседі? 

   – Біздің арнадағы әр бағдарламада экономикаға қатысты өзекті тақырыптар көтеріледі. Мәселен, «Түскі форматта» салық кодексіне қатысты өзгерістерді талқылап, мемлекеттік органдар мен сарапшылардың пікірін ұсынамыз. «Бриф», «Түйін», «Эксклюзив», «Әлем тынысы» секілді бағдарламаларда кәсіпкерлікке қатысты мәселелер, валюта бағамы, қаржы саясаты кеңінен талданады. Жаңалықтарда тек оқиғаның фактісін ғана емес, оның салдары мен қоғамға әсерін де түсіндіруге тырысамыз.

 – Ақпаратты қай дереккөздерден аласыздар?                                         

 – Ақпараттың нақтылығы мен объективтілігі үшін біз сенімді дереккөздерге сүйенеміз. Қазақстан ішінде министрліктердің ресми мәлімдемелерін, Ұлттық статистика бюросының деректерін пайдаланамыз. Ал халықаралық тақырыптар бойынша Bloomberg, Reuters, Financial Times, Forbes, The Economist, Statistica секілді шетелдік ақпарат құралдарына сүйенеміз. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк пен халықаралық ұйымдардың деректері де біз үшін маңызды. Яғни, ақпарат әрқашан ресми әрі тексерілген болуы шарт.

 – Іскерлік журналистиканың қоғамдағы рөлі неде?                            

    – Ең әуелі бұл сала халықтың экономикалық сауаттылығын арттыруға көмектеседі. Экономикалық реформалар мен қаржылық өзгерістерді түсіндіру арқылы біз азаматтардың дұрыс шешім қабылдауына ықпал етеміз. Екіншіден, кәсіпкерлердің мәселесін көтеру – олардың жұмысын жеңілдетуге және билікке нақты ұсыныстар жеткізуге жол ашады. Үшіншіден, іскерлік журналистика – қоғамдық бақылау құралы. Жемқорлық фактілері, бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуы сияқты жағдайлар БАҚ арқылы ашық жарияланады. Төртіншіден, шетелдік инвесторларға елдің ашықтығын көрсетіп, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға үлес қосады.

    – Объективтілікті сақтау қиындық тудырмайды ма?                        

    – Шын мәнінде қиындық тудырмайды. Өйткені біз ресми дереккөздерге сүйенеміз. Іскерлік журналист ойдан ақпарат қоса алмайды. Журналистикадағы объективтілік – сенімді дерек пен нақты фактіні жеткізу. Біз үшін фактчекинг – басты талап. Бұл біздің қоғам алдындағы жауапкершілігімізді де айқындайды.

   – Іскерлік журналистикадағы соңғы технологиялық жаңалықтарға тоқталсаңыз?
  – Соңғы жылдары біз ақпаратты халыққа заманауи форматта жеткізуге ден қойып келеміз. Жасанды интеллект негізінде визуалды жүргізушілерді қолдану – Қазақстандық телеарналардың ішінде біздің арнада алғаш енгізілді. Сонымен қатар, смарт-очки сияқты жаңа технологияларды пайдаланып, көрерменге ақпаратты барынша ыңғайлы, қызықты әрі түсінікті жеткізуді көздейміз. Бұл – іскерлік журналистиканың дамуының жаңа белесі.

 

 

 

 

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер