Өлең, жыр, ақындар

Мұқағали атамнан шабыт алдым…

МҰҚАҒАЛИ АТАМНАН ШАБЫТ АЛДЫМ...

Биыл қазақтың маңдайына біткен ақиық ақын, Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық торқалы тойы. Аталған мерекеге орай, Алматы облысы, Райымбек ауданы, А.Сәрсенбайұлы атындағы орта мектептің 11-сынып білім алушысы, облыстық Мағжан, Мұқағали, Ілияс оқуларының жүлдегері, Республикалық “Ілияс оқулары” байқауының “Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап” аталымы бойынша жас ақындар байқауының 2-орын жүлдегері Абай Мерей Нұржанқызымен сұхбаттастық

-Мерей,әуелі әдебиет саласына оның ішінде Мұқағали әлеміне қалай келдің? 

-Ең алғашында, мектеп табалдырығын аттаған кезде, маған даярлық сыныбында Назигул апай сабақ берген болатын. Ол кісі сыныптағы барлық оқушыларға Мұқағали Мақатаевтың бір-бір өлеңін өзінің қағазына, өз қаламымен жазып берген болатын.Сол кезде маған «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының алғашқы бес жолын жазып берді. Енді алты жасар қыз оның не поэма, не поэзия екенін қайдан білсін?! Сондай-ақ, өлең, тақпақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел жаттауда анамның көп көмегі тиді. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жаттаған кезде, Жетімкөлдің табиғатын сипаттайды ғой. Маған ол өте қызық болды,білгім келді.Содан соң әкеме осыны оқығым келеді, көргім келеді деп қызығушылық таныттым. Арада 1 ай өткен соң, әкем маған Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағы мен күнделігін алып берді.Мұқағалидің күнделігін оқып, мен де шабыттанып, шағын күнделік жаза бастадым. Әкем алып келген кітаптың ішінен «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын тауып алдым. Кейін, анам поэманың не екенін, «пролог», «эпилог» деген ұғымдарды түсіндірді. Алғаш оқып отырған мен үшін поэманың сюжеті өте қызық болды. Сонымен қатар, Мұқағалиға алғаш жол ашып берген менің ұстаздарым, қолдаған анам және өте себепкер болған әкем, әкемнің ағасы болды. Себебі әкелеріміз тек Мұқағалидің өлеңдеріне сусындатып өсірді. Бізге бір айда төрт өлең жаттасаңдар, он екі айда қырық сегіз өлең жаттайсыңдар және солай екі жыл жаттасаңдар, жүз өлеңге жетесіңдер деп, оңай жолмен түсіндіріп, оңай қабылдататын.Біз бауырлар болып, жарыса жаттап, үйге келген қонақтарға өлең оқып беретінбіз. Бүгінгі таңда Мұқағалидің 150 өлең, 2 поэмасын жатқа білемін.

-Қызығушылық қалай пайда болды?

-Мен өлең оқыған кезде, өлеңнің ішіне түсіп кететінмін, ішінде болатынмын. Мұқағали табиғатты сипаттаса, мен сол табиғатта өмір сүретінмін, Мұқағали өзінің жақынына арнау жазса, ол адам менің жақынымдай болатын. Солай, өте қызық болды және жерлес болғаны да әсер еттідеп ойлаймын.

-Ақындық қасиетің бір төбе. Бұл қасиет бойыңа кімнен дарыды? 

-Атамның төсқалтасынан кішкентай қойыңдәптері түспейді, әрдайым өлең шығарып жүреді. Төрт жасымда маған атам «Немереме» деп аталатын өлең шығарып берді. Сол өлеңен шабыттанып, бес жасымда атама жауап ретінде өлең шығарғаным есімде. Ақындық атамнан дарыды деп ойлаймын. Ақын болу маңдайыңа біткен бақ іспеттес. Себебі, айта алмаған сөзіңді, сезіміңді ақ қағаз, қара қаламмен шығарамын.

Мұқағали атамнан да шабыт алғанмын деп нақты айта аламын. Менің де өлеңдерім Мұқағали секілді қара өлең ұйқасымен, Мұқағали стилінде жазылады.

-Поэзия жолына жаңа қадам басқан оқушыларға өзіңнің лайфхактарың болса

-Адам ешқашан поэзияға тартылмайды, поэзия адамды тартады. Себебі, екеуінің үні бір, жыры бір, күйі бір. Поэзия деген адамның санасындағы ең мінсіз өмір мен шынайы өмірдің тоғысқан жері. Сол себептен, жеңіл қабылдамау керек. Өздерің сүйген тақырыпта, жандарың, жүректерің қалаған тақырыпта поэзия жаттаңдар дегім келеді.

-Әр шәкірт үшін өмірінен ойып тұрып орын алатын ұстазы болады. Өзіңнің мектеп жолыңда, рухани әлеміңде ұстаздарың, үлгі тұтатын адамдар бар ма?

-Менің алғашқы шығармаларымды оң жолға салып берген ұстазым-Айгүл апайым.Менің қамқоршым,тірегім.Ол кісінің маған деген орасан зор еңбегін сөзбен айтып жеткізе алмаймын.Себебі ол кісіге деген кішкентай жүрегімдегі махаббат,кең әлемге симайды.Ұстазымның өзі бұл фәниде жоқ болсада көзі тірі деп мен мақтана айта аламын!Сол үшін менің  өмірімнен ойып тұрып орын алатын менің тұлғам-Ұстазым.

-Сұхбатыңа рақмет!

Сұхбаттасқан

Береке Бақытжан

Алматы облысы, Райымбек ауданы,

А.Сәрсенбайұлы атындағы орта мектептің

10-сынып оқушысы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар