Өлең, жыр, ақындар

ГОГОЛЬДІҢ «ӨЛІ ЖАНДАРЫ» ҚАЗІР ДЕ ТІРІ

Гогольдің «Өлі жандары» – ескі Ресей туралы роман сияқты көрінгенімен, шын мәнінде бүкіл адамзаттың дертін әшкерелейтін айна. Оны бүгін оқысаң, кей беттері газет жаңалығындай, кей кейіпкерлері көрші ауылдан шыққандай әсер береді. Гоголь бір ғана сұмдықты көрсетті: адам тірі болса да – өлі, ал өлі болса да – есепте тірі. Чичиков не істеді? Ол зираттағы адамдарды емес, қағаздағы адамдарды сатып алды. Адам емес – аты. Тұлға емес – тіркеу. Жан емес – статистика. Өйткені жүйе үшін адам емес, тізім маңызды еді. Ал қазір бізде қалай? Бізде де «өлі жандар» бар. Олар зиратта емес – мектепте, ауруханада, мекемеде, бюджетте, жобада, сайлауда жүреді. Қағазда бар. Шын өмірде жоқ. Біреу: – «Мен істедім» деп есеп береді, ал істеген – басқа. Біреу: – «Менде қызметкер бар» дейді, ал ол адам сол мекемеге өмірінде кірмеген. Біреу: – «Жоба іске асты» дейді, ал халық соның бір тиынын да көрмеген. Бұл – жаңа Чичиковтардың заманы. Олар да жалған құжатты шын қылады, шын еңбекті жоқ қылады, жоқ адамды бар қылады. Гогольдегі помещиктер өлі крепостнойды тізімнен шығартпаған, өйткені сол арқылы өз пайдасын жүргізді. Бүгін де солай, біреулер жалған есепті, жалған көрсеткішті, жалған адамды ұстап отыр, өйткені сол арқылы ақша, ықпал, билік ағып тұр. Ал ең қорқыныштысы – бұл нәрсе қалыпты болып кеткен. «Олай бәрі істейді ғой» деген сөз – қоғамның ең қауіпті сөйлемі. Гогольдің кейіпкерлері де өзін жаман санамаған. Олар тек «жүйеге бейімделдік» деді. Ноздрев – өтірікті бетке айтып тұрып, арланбайтын адам. Бізде де сондайлар бар. Бүгін бірді айтады, ертең басқасын. Бірақ өздері ұялу не екенін ұмытып кеткен. Чичиков – бәрімен тіл табысатын, бәріне жағатын, бірақ ішінен бәрін пайдаланатын адам. Бүгінгі қоғамда да күліп жүріп, қол қысып, артынан сатып кететіндер аз емес. Сондықтан «Өлі жандар» – роман емес, диагноз. Егер қоғамда жалған есеп жүрсе, қағаз шындықтан үстем болса, ардан пайда маңызды болса – онда ол елде «өлі жандар» көбейеді. Ал тірі ұлттың белгісі біреу ғана: адам қағаздан қымбат болғанда ғана қоғам тірі болады. Гоголь бізге бір ғасыр бұрын соны ескерткен. Ал біз әлі сол кітаптың ішінде жүрміз. ҮСЕН ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз