«МАҚСАТҚА ЖЕТІП, МҰРАТТАН АЙЫРЫЛҒАН ҚОҒАМ»
Біз мынадай аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп жатырмыз: мақсат көп, нәтиже бар, есеп толы... бірақ бір нәрсе көзге көрінбей жоғалып барады. Ол – мұрат, яғни қоғамның мақсаты бар, мұраты жоқ
Бүгінгі қоғам не туралы сөйлейді? Рейтинг, жоспар, пайыз, орын, көрсеткіш. Мұның бәрі – мақсат. Мақсаттың өзі жаман емес. Жаман емес, егер оның үстінде мұрат тұрса.
Ал мұрат деген не еді? Мұрат деген – әділ болу, арды сатпау, адамды құралға айналдырмау, болашақ ұрпақтың алдында ұялмау. Қазір біз “Қанша бала жеңді?” деп сұраймыз, бірақ “Қанша бала адам болып қалыптасты?” деген сұрақ сирек қойылады.
Мақсатқа жеткен қоғам неге шаршайды? Парадокс мынада: мақсаттар орындалып жатыр, ал адамдар шаршап барады. Неге? Өйткені мақсат ақылмен орындалады, жүйемен іске асады. Ал мұрат жүрекпен ұсталады, армен қорғалады. Мұратсыз мақсат – механикалық жеңіс. Сондықтан нәтиже бар, бірақ мағына жоқ.
Мақсат бәрін ақтай бастағанда, қауіпті жер осы. “Нәтиже үшін” деген сөз: өтірікті ақтайды, қысымды ақтайды, ардан аттауды қалыпты қылады. Мысалы, “Бәрі солай істейді”, “Жоғары жақ соны талап етеді”, “Жүйе солай”. Осы сөйлемдер көбейген сайын, мұрат азая береді. Фридрих Ницше: «Мақсат үшін бәріне рұқсат берілген жерде, адам жоғалады» деп, мақсаттын түпкі мәнін ашады.
Мұратсыз жетістік кімге керек? Мұратсыз жетістік баланы жеңімпаз етеді, бірақ адам қылмайды; қоғамды тиімді етеді, бірақ әділ қылмайды. Сонда біз қандай ұрпақ өсіріп жатырмыз? Біз жеңе білетін, бірақ ұяла білмейтін, есептей алатын, бірақ жаны ашымайтын адам тәрбиелеп отырмыз. Бұл – қоғамдық дағдарыстың белгісі.
Ұлы ойшылдар не ескерткен? Абай «Пайда ойлама, ар ойла» деп, мұратсыз мақсаттың соңы – рухани жұтаңдық екенін ескертеді. Конфуций айтады «Елді заңмен емес, өнегемен басқар» деп, ал Альберт Камю «Адам мақсатына жетіп, өзін жоғалтуы мүмкін» дейді.
Мұраттан айырылған қоғамда кім артық? Мұндай қоғамда сұрақ қоятын адам – “ыңғайсыз”, адал адам – “бейкүнә”, принципі бар адам – “қауіпті”. Ал ең ыңғайлы адам бейімделгіш, үнсіз, қажет жерде бәріне көнетін. Бірақ дәл осындай қоғам өз болашағын жейді.
Үміт бар ма? Бар. Үміт әрқашан бар.
Мұрат ұранмен емес, бағдарламамен емес, қағазбен емес, тірі адамдармен сақталады. Бір ұстаздың әділдігі, бір әкенің адалдығы, бір баланың өтірікке “жоқ” деуі – мұраттың тірі қалған жері.
Қорытынды ой
Мақсатқа жету – жеңіс. Мұратты сақтау – адамдық. Ал қоғам үшін ең қауіптісі: мақсатқа жетіп, мұраттан айырылған жеңіс. Өйткені ол сырттай мықты, іштей бос болады.
- Қасым-Жомарт Тоқаев
- Қасым-Жомарт Тоқаев
- Қасым-Жомарт Тоқаев
- Эдмунд Бёрк
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі