Өлең, жыр, ақындар

Бүгінгінің Алаш зиялысы – Санжар Керімбай

  Алаш зиялылары халықты оқу мен ағартуға шақырған. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт жанашырлары жастардың жарқын болашағына барын салды. Қазіргі заманға да осындай жол көрсетер жан керек. Олардың бірі қазақ каламгері, журналист – Санжар Керімбай.

  Ол кісінің болмысы ерекше. Қазақ халқына сіңген еңбегі ерең. 1974 жылы сәуірдің 5 жұлдызында, киелі Түркістан Арыс қаласында дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қытай тарихы бөлімін тәмамдады. Шығармаларының негізгі идеясы – қазақтың салт дәстүрлері, болмысы мен отбасылық құндылықтар. 

 Болмысы Шәкәрім Құдайбердіұлының философиялық ойы мен Қожа Ахмет Ясауидың хикметтерімен тығыз байланысты. Олардың ілімдерін экзистенциялық тұрғыда түсіндіреді. Сондай ақ, қазақ қоғамына «логотерапияны» алғаш әкелді. Логотерапия – Виктор Франклдың ойлап тапқан психологиялық терапияның түрі. Адамның өмірде өз болмысын тауып, өмірдің мәнін рухани тұрғыда түсіндіреді. Санжар Керімбай «Қуыскеуде» туындысында осыны толық ашады. Заманымыздың үлкен мәселесіне айналған экзистенциялық фрустрацияның қазақ қоғамында пайда болуы мен таралу себептерін зерттейді. Бұл да автордың бір ерекшелігі.

  2012 жылы «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының негізін қалаушылардың бірі болды. Осыдан бастап, үлкен еңбектеріне жол ашылды. Атап өтетін, 2013 жылы жарық көрген «Әлдиден эпосқа дейін» кітабы әлі күнге дейін оқырман арасында өте танымал. Халқымыздың ұлттық құндылықтарын жастар арасында кеңінен дәріптейді. Мұнда бесік жырынан бастап, батырлық дастандарға дейінгі аралықты қамтитын рухани мұралар жинақталған делінген. 

  2021 жылдан бастап тұлғалық болмысқа экзистенциялық талдауға көшті. Алғашқы болып, Бейсен Құранбектің өмірлік ұстанымы мен қызметіне зерттеу жасады. Оның мақсаты адамның өмірбаянын көшіру емес, соны насихаттау әрі экзистенция мақамында талдау арқылы оқырманның кеудесіне ұлттық құндылық пен патриоттық сезімді ұялатады. Сонымен қатар, Өзбекәлі Жәнібектің мәдениет саласындағы жанқиярлық күресі, Қаныш Сәтбаевтың ғылыми жолы мен Жұмабек Тәшеневтің жер үшін атқарған қызметін де сараптаған. 

  Санжар Керімбайдың еңбегі – тек әдебиет немесе журналистика емес, бұл – ұлтқа қызмет етудің үлгісі. Ол әрбір жасқа өз болмысын табуға, рухани кемелденуге жол көрсетіп келеді. Осындай тұлғалар барда қазақ руханиятының болашағы жарқын болмақ.

  “Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Жеңіс Құрбыжан


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз