Өлең, жыр, ақындар

Кино – ең қолжетімді саяхат

   Қазіргі қарбалас заманда әлемнің түкпір-түкпірін аралап, түрлі халықтардың тұрмыс-тіршілігімен танысуға бәрінің бірдей мүмкіндігі бола бермейді. Уақыт та, қаражат та шектеулі. Бірақ адамзаттың қолында ерекше мүмкіндік бар — ол кино.

Кино көру арқылы үйден шықпай-ақ мыңдаған шақырым қашықтыққа «сапар шегуге» болады. Бір фильм бізді басқа құрлыққа апарып, өзге мәдениеттің тынысын сездіреді, бейтаныс дәстүрмен таныстырады. Жақсы туынды көрерменнің ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын байытады. Киноны хоббиге айналдырған адам уақыт өте келе әлемді экран арқылы танып, салыстырып, саралай алатын зерделі көрерменге айналады. Бұл – рухани демалыстың да, танымның да тиімді жолы. Осындай фильмдердің бірі – Уолтер Миттидің ғажайып өмірі. Картина қиял әлемінде өмір сүретін қарапайым қызметкердің күтпеген сапарға аттануы туралы баяндайды. Маңызды фотосуретті іздеу жолында кейіпкер Гренландия мен Исландияға барады. Табиғаттың әсерлі көріністері оның ішкі өзгерісімен астасып жатады. Ұяң, сенімсіз адам біртіндеп батыл шешім қабылдайтын тұлғаға айналады.

Жол тақырыбындағы фильмдер көрерменге тек әсем пейзаждарды ғана емес, адамның ішкі өсуін де көрсетеді. Сапар – тек географиялық қозғалыс емес, рухани өзгеріс. Мұндай картиналар сәттің қадірін түсінуге, тәуекел етуге, жаңа мүмкіндіктерге ашық болуға үйретеді. Әлемнің алыс мекендері мен сан түрлі тағдырларды танудың бір жолы – сапалы кино көру. Әр кадр жаңа кеңістікке жетелейді, әр диалог өзге мәдениетпен таныстырады. Экран арқылы жасалған саяхат кейде шынайы жолға шығуға да шабыт береді. Кейде әлемді көру үшін чемодан жинаудың қажеті жоқ. Кейде бір ғана жақсы фильм жеткілікті.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Есенбай Жадыра 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз