Өлең, жыр, ақындар

Қазақстандағы жұмыссыздық мәселесі – қоғам дамуына кедергі

     Қазіргі таңда Қазақстан қоғамында ең өзекті әлеуметтік проблемалардың бірі – жұмыссыздық. 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жұмыссыздық деңгейі ресми мәліметте 4,6 % шамасында, яғни шамамен 450 000 адам тұрақты жұмыспен қамтылмаған. Бұл көрсеткіш сырт көзге төмендей көрінгенімен, нақты жағдай бұдан әлдеқайда күрделі. Еңбекке қабілетті 11,5 миллион адамның 5,2 миллионы ресми тіркелмеген жұмыспен айналысады немесе мүлде жұмыс істемейді. Бұл – көлеңкелі еңбек нарығының кең тарағанын, көптеген азаматтың тұрақты әлеуметтік қорғанысы жоқ екенін білдіреді. Жұмыссыздық, әсіресе, жастар арасында қатты сезіледі. 2025 жылғы статистикаға қарағанда жастар арасындағы жұмыссыздық шамамен 3 % болса да, 25–28 жас аралығындағы азаматтар арасында ол 40 %-ға дейін өскені байқалған. Бұл жоғары білім алған жас мамандар өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмауының салдары. Мәселенің тағы бір қыры – өңірлік теңсіздік. Кейбір аймақтарда жұмыс табу қиындығынан халық басқа облыстарға жаппай қоныс аударуда. Бұл көші-қонның басты себептерінің бірі – тұрақты табыстың болмауы.

Жұмыссыздықтың негізгі себептері:

  • Экономикада жаңа және сапалы жұмыс орындарының аздығы;

  • Жастардың мамандықтары еңбек нарығы талаптарына сәйкес келмеуі;

  • Ауыл мен қала арасындағы инфрақұрылымдық және экономикалық айырмашылықтар;

  • Тәжірибесі жоқ мамандарды жұмысқа қабылдаудағы кедергілер.

Шешу жолдары:

Жұмыссыздықты төмендету үшін ең алдымен экономиканы әртараптандыру қажет. Тек мұнай мен шикізатқа тәуелді болмай, өндіріс, IT, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес салаларын дамыту маңызды.

Сондай-ақ:

  • Жастарға тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін бағдарламаларды көбейту;

  • Кәсіптік білім беруді күшейту;

  • Өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндеттер.

Жұмыссыздық – тек бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Тұрақты жұмысы бар халық – ел экономикасының тірегі. Сондықтан бұл проблеманы шешу Қазақстанның болашақ дамуы үшін стратегиялық маңызға ие.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Мейрман Нұрдария 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз