2026 жылғы 16 сәуірде Есенов университетінде қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, педагогика ғылымдарының кандидаты Қаныгүл Жаманбаева есімі берілген оқу аудиториясының салтанатты ашылуы өтті. Тағылымы мол шараға өңір зиялылары, университет ұжымы, ғалымның туыстары мен замандастары, студент жастармен қатар, облыс бойынша мектеп мұғалімдері де қатысты.
Іс-шара университет фойесінде қатысушыларды тіркеуден өткізіп, қонақтарға дәм ұсынумен басталды. Одан кейін Қаныгүл Жаманбаева атындағы арнайы дәрісхананың ашылу рәсімі ұйымдастырылып, көпшілік жаңа аудиторияның мүмкіндіктерімен танысты.
Салтанатты бөлімнен кейін конференц-залда пленарлық отырыс өтті. Жиынды филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрдәулетова Бибайша Ілиясқызы жүргізді. Конференцияны университет президенті Берік Ахметов ашып, ғалымның ғылым мен білім саласына қосқан үлесіне жоғары баға берді.
Бағдарламаға сәйкес, ғылыми баяндамалар легі жалғасын тапты. Атап айтқанда, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының өкілдері мен еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары Қаныгүл Жаманбаеваның ғылыми мұрасын әр қырынан талдады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Манкеева Жамал Айтқалиқызы ғалымды «таным әлемінің тынысына үңілген тұлға» ретінде сипаттаса, профессор Есенова Қалбике Әмірбайқызы жазушы шығармаларындағы эмоция мен символдың метамәтіндік сипатын Қ.Жаманбаева концепциясы негізінде саралады.
Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Жұбай Орынтай Сағындықызы, Тіл білімі институтының өкілі Құдиярова Құралай Бимолдақызы, профессор Нұрдәулетова Бибайша Ілиясқызы, ғалымдар Дәуренбекова Лаура Ноғайбекқызы, Сағын Бекзада Ұбайдуллақызы және Бисенғали Ақмарал Зинол-Ғабденқызы баяндамалар жасап, Қаныгүл Жаманбаеваның когнитивті лингвистика, тіл мен таным, ғылыми терминология салаларындағы еңбектеріне жан-жақты тоқталды.
Шара аясында ғалымның «Үш қиян» баспасынан жарық көрген жаңа кітаптарының тұсаукесері де өтті. Бұл – ғалым мұрасын насихаттаудың және оны ғылыми айналымға кеңінен енгізудің маңызды қадамы болды.
Салтанатты сәттің шарықтау шегі – жаңа аудиторияның ашылуы болды. Лента қию рәсімін ғалымның ағасы Әлібек Жаманбаев орындап, жиналған қауым жаңа білім кеңістігінің табалдырығын аттады. Заманауи талаптарға сай жабдықталған аудитория енді студенттер мен жас зерттеушілерге қызмет ететін болады.
Жиында сөз алған ғалымның жақындары мен әріптестері – Қуанғали Тұрарбеков, Мәлік Бердалиев, Рахат Қосбармақ және Гүлайым Дауітбаева Қаныгүл Жаманбаеваның адами болмысы мен ғылыми мұрасы туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Конференция соңында қатысушылар қарар қабылдап, ғалымның ғылыми мұрасын зерттеу мен насихаттауды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Бұл тағылымды шара – ғалым есімін ұлықтау ғана емес, ұлттық ғылымға деген құрметтің, жас ұрпаққа бағыт-бағдар берудің жарқын көрінісі болды. Қаныгүл Жаманбаева қалдырған мұра әлі талай буынға рухани азық болары сөзсіз.
- Азамат Төре (авторлық өңдеу)
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі