24 жылдан соң Әлем чемпионатына жолдама - Нартаева Алина

24 жылдан соң Әлем чемпионатына жолдама

Араға 24 жыл салып, футболдан Түркия ұлттық құрамасы қайтадан әлем чемпионатына жолдама алды. Түркия соңғы рет әлем чемпионатына 2002 жылы қатысып, сол жылы қола жүлдегер атанып, тарихта қалған еді.

Түркияның 2026 жылғы әлем чемпионатына дейінгі жолы қиын әрі тартысты өтті. УЕФА іріктеу кезеңінде Е тобында Испания, Грузия және Болгария құрамаларымен бірге ойнаған Винченцо Монтелла шәкірттері әртүрлі нәтижелер көрсетті. Грузия мен Болгарияға қарсы кездесулерде Түркия бірнеше рет жеңіске жетіп, топта тұрақты ойын өрнегін көрсетті.

Алайда басты қиындық Испанияға қарсы матчтарда байқалды. Еуропаның мықты құрамасына қарсы ойындардың бірінде Түркия ірі есеппен жеңіліс тапты. Соған қарамастан команда топта екінші орын алып, плей-офф кезеңіне өтті.

Плей-оффта Түркия өз ойынын күшейтіп, маңызды жеңістерге қол жеткізді. Стамбұлдағы жартылай финалда Румынияға қарсы матчта шешуші голды Арда Гүлер соғып, командасына жеңіс әкелді.

Финалда Косовоға қарсы өткен ойында жалғыз гол шешуші болды. Оркун Көкчүдің пасынан кейін Керем Актюркоғлу гол соғып, Түркияға 1:0 есебімен жеңіс сыйлады.

Осылайша, Түркия жанкүйерлерін қуантқан тарихи нәтижеге қол жеткізіп, әлем чемпионатына жолдама алды.


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз