Патриотизм: ұран ба, ұстаным ба?

Басты бет / Қызықты әрі пайдалы / Патриотизм: ұран ба, ұстаным ба?

Патриотизм - отансүйгіштік. Яғни, әр адамның бойында болуы тиіс рухани сезім мен өз еліне қызмет етуге деген ішкі талпыныс. Патриотизмнің негізгі белгілері:

1. Қиын сәттерде өз мемлекетін қорғауға дайын болу;

2. Өз ұлтының ділін, тілін, мәдениетін құрметтеу;

3. Шетелге шыққанда ұлтының айнасы болу - сол елдің халқында өзінің Отаны туралы жақсы пікір қалыптастыра білу.


Қазақтарда патриотизм тақырыбы ежелден бері өзекті болып келеді. Егер бұрын адамдар егемендік үшін күресу арқылы өздерінің отансүйгіштігін көрсеткен болса, қазір заманның өзгеруіне байланысты патриот болу «шарттары» да өзгерген сынды.

Жалған патриотизм - адамның ішкі түйсігіндегі Отанына деген «ыстық» сезімінің іс-әрекетімен үйлеспеуі, яғни көзбояушылық. Жалпы, қазіргі таңда бұл мәселе жиілеп кетті. Мысалы, жігіттердің әскерден қашуы, қазақтардың өз тілін білмеуі, халықтың өз жеріне құрметсіздік көрсетуі деген секілді кемшіліктер белең алып жатыр.

Басты мәселеге тоқталмас бұрын бұл тақырыптың өзектілігіне көз жүгіртіп өтейік. Қазіргі таңда патриотизм ұғымы іспен дәлденбей, сөзбен ғана шектелетін болды. Қазақ тілін меңгермеген, бірақ «Я люблю Казахстан, я патриот своей Родины» деп жар салатын адамдарды жиі көреміз. Сонда, адам қарапайым өз ана тілін үйрене алмаса, оның ел дамуына қосатын үлесі қандай? Қазақстан демографиясының статистикасында жай ғана «+1 адам» болып тұрғаннан басқа еліне қандай пайда тигізді деген сұрақтар туындайды. Бірақ, бес саусақ бірдей емес, сол үшін көпке топырақ шашпайық.

Осы тұстан біз елде пассивті және активті қозғаушы күш болатынын аңғара аламыз. Мәселен, біреулері жай ғана қарапайым оқу орнын бітіріп, ата-анасы секілді үйреншікті өмір салтын жүргізгісі келеді. Ондай адамдар өмірдің ағысымен қозғалғанды жөн көреді, бұрын-соңды істемеген әрекеттерді жүзеге асырудан қашады. Ал басқалары болса, ең биік шыңдарды бағындырып, дүниежүзілік деңгейде мойындалуды көздейді, масштабты түрде армандайды. Міне, осындай активті адамдар еліміздің дамушы күші болып табылады.

Ел халықсыз дамымайды. Халқы қаншалықты білімге, инновацияларға ұмтылған болса, мемлекеттің де біраз асуларды бағындыратыны сөзсіз. Ал елінің дамуына үлес қосқан адам - нағыз патриот. Бұдан шығатын кішігірім қорытынды: елге деген махаббат ұранмен емес, іспен бағаланады. Сол секілді елден жырақта жүріп, Қазақстанның атағын шығарып жүрген Димаш секілді қандастарымыз да, осы мәселені үлкен талқыға салып жатқан мен де осы елдің жанашырлары болып саналамыз. Арамыздағы басты айырмашылық жаста да емес, басып жүрген жеріміз бен жүргізіп жатқан кішігірім саясатымызда.

Осы орайда тақырыпты ауқымды түрде ашу мақсатында мен БҚО, Бәйтерек ауданындағы Абай мектеп-гимназия интернатының 11-сынып оқушыларына кішігірім сауалнама жүргізген болатынмын. Жауап бергендердің 90%-ы бір тарапты ұстанды: Шетел асу - елден қашумен тең емес. Керісінше, Отанымыздың дамуы жан-жақты білімді талап ететіндіктен, бұл іс-әрекет тәжірибе алмасып, елге сырттай болсын үлес қосуға керемет мүмкіндік. Бірақ онымен толыққанды келіспей, ортаға жаңа бір ой салғандар да болды. Сол бір қалған 10% оқушының көзқарасы бойынша: елдің нағыз жанашырлары ресурстың, мүмкіндіктердің аздығына қарамастан мемлекетте қалуы керек. Себебі, жаңа мүмкіндіктердің пайда болуына жастар ықпал етпесе, онда бұл мәселелерді кім қолға алмақ?

Әрине, жүйені басқарып жатқан үкімет бар. Дегенмен, әрбір ел жас ұрпақтың ерекше ойы мен идеяларына қашанда мұқтаж.

Расында да, білім мен асқақ армандарын қуып кеткен жастарды сөгуге біз құқылы емеспіз. Және сол бір әрекеттері үшін оларды сатқын деп атау - бассыздық. Себебі, шындығында сатқындар ол - әлеуметтік желіде тарихты сылтаурату арқылы өзге ұлттарды кемсітетіндер; білім алмай, дамымай, біздің елді артқа тартып жүргендер. Мұндай адамдар - қоғамның соры деп білемін.

Қазір ойы жүйрік жас ұрпаққа қарай отырып, ұлттық тамырдан ажырау біз үшін жат нәрсе болып көрінеді. Бірақ ересек адамдардың басым бөлігі бұл пікірмен келіспеуі мүмкін. Себебі олар үшін шетелге кету - елдегі білім сапасын, өмір сүру деңгейін мойындамау болып көрінеді.

Алайда, жаһандану заманында мемлекеттің шекарасы тек географиялық картамен ғана шектелмейді. Бүгінгі таңда интеллектуалды капиталдың еркін қозғалысы - әлемдік үрдіс. Шетелде ірі компанияларда тәжірибе жинақтап, әлемдік деңгейдегі ғылыми жобаларға қатысып жатқан отандастарымыз ертеңгі күні ел экономикасын жаңа деңгейге көтеретін басты күшке айналмақ. Сондықтан жастардың сыртқа ағылуын ұлттық трагедия емес, ұлттық әлеуеттің әлемдік аренада кеңеюі деп қабылдағанымыз жөн. Тек сол жастар қай елде жүрсе де, жүрегі «Қазақстан» деп соғып, өз тамырын ұмытпаса болғаны.

Пікірлердің сан түрлілігіне қарамастан, білімге ұмтылудың өзі - ата-бабамыздан қалған мирас деп санаймын. Алаш зиялыларына, данагөй халқымызға қарай отырып, дамуға деген ұмтылыс біздің ұлттың қанында бар деп айтудан қорықпаймын.

Патриотизм сөзде де емес, көзде де емес. Ол адамның тұрып жатқан аумағымен өлшенбейді. Ұлтымызға адал болайық!



WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)