Ермек Серкебаев – қазақ опера өнерінің көрнекті өкілі

Басты бет / Әңгіме мен мақала / Ермек Серкебаев – қазақ опера өнерінің көрнекті өкілі

 

Биыл қазақтың көрнекті опера әншісі, КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевнің туғанына 100 жыл толып отыр. Бұл – қазақ мәдениеті үшін ерекше мерейтойлардың бірі. Себебі Ермек Серкебаев өз талантымен ұлттық опера өнерінің дамуына үлкен үлес қосып, қазақ әншілік мектебінің әлемге танылуына еңбек еткен тұлға.

Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев 1926 жылдың 4 шілдесінде Петропавл қаласында дүниеге келген. Музыкаға деген қызығушылығы бала кезінен байқалған. Кейін Алматыдағы музыка училищесінде, одан кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алып, кәсіби әнші ретінде қалыптасты. 1951 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында солист болып еңбек етті. 

Әншінің табиғи баритон дауысы мен сахнадағы шеберлігі көрерменнің жоғары бағасына ие болды. Ол қазақ және әлемдік опералардың көптеген басты партияларын орындады. Сонымен қатар халық әндері мен камералық шығармаларды да шебер орындап, қазақ музыка өнерінің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның өнері тек Қазақстанда ғана емес, шетел сахналарында да жоғары бағаланды. 

Ермек Серкебаев тек орындаушы ғана емес, педагог ретінде де танылды. Ол ұзақ жылдар бойы жас әншілерге тәжірибесін үйретіп, қазақ вокал өнерінің дамуына үлес қосты. Еңбегі еленіп, 1959 жылы КСРО халық әртісі атағы берілді. Сондай-ақ Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты атанып, 1986 жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. 

Ермек Серкебаевтың шығармашылық жолы – өнерге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның орындауындағы шығармалар бүгінгі күнге дейін өзінің көркемдік құндылығын жоғалтқан жоқ. Сондықтан оның 100 жылдық мерейтойы – тек бір өнер иесін еске алу ғана емес, ұлттық мәдениетіміздің бай мұрасын дәріптеудің маңызды кезеңі. Осындай тұлғалардың өмір жолын білу жас ұрпақтың туған елдің өнеріне деген құрметін арттыра түседі.



WhatsApp Telegram

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.