Қазақ-жоңғар соғысы кезіндегі мемлекеттіліктің әлсіреуі

Басты бет / Тарих / Қазақ-жоңғар соғысы кезіндегі мемлекеттіліктің әлсіреуі

      Серік Дінмұхаммед Аманкелдіұлы

магистр

        Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы Есім ханнан соң тұракты болмады. Есім ханнан кейін оның үлкен ұлы Жәнібек хан тақты иеленсе, келесі ұлы Жәңгір сұлтан әскерге бс қолбасшы болды. 1631 жылы қалмақтар қазақтар мен ноғайларға әжептеуір соққы беріп, екі халықты бір-бірінен ажыратып жіберді. Әлсіреген Ноғай ордасы шапқыншылыққа төтеп бере алмай, ноғайлар Еділ-Жайықты тастап, батысқа кетуге мәжбүр болды[1]. 

         Қазақтар шапқыншылыққа қарсы тұрды. 1634 жылы қарымта жорық кезінде қалмақтарға  тойтарыс беріп отырды. 1635 жылы Батыс Сібір, Оңтүстік Сібір және Шығыс Түркістандағы ойраттар одағы ыдырап, оның орнына Жоңғар хандығы құрылды. Сол жылы олар қазақтарға қарсы соғысты бастады. Жоңғар хандығының құрылуы қазақтарға аса тиімсіз болды. Біріншіден, мемлекет бірте-бірте қазақтардан жаулап алған жерді (Жоғарғы Ертіс, Тарбағатай мен Іле алқабы) өз иелігіне біріктірді. Екіншіден, Жоңғар хандығы орталықты мемлекет қана емес, әскери мемлекет болып қалыптасты. Оның басты мақсатының бірі - қазақтан, қырғыздан, ұйғырдан, Алтай мен Сібір халықтарынан жаулап алған жер иеліктерін әскер күшімен ұстап тұру және мемлекет жерін әрі қарай кеңейту болған. Орталық Азиядағы шаруашылық орталықтары мен сауда жолдарын алумен қатар Жоңғар хандығы Тибеттің көмегімен лама дінін таратуды көздеді[2].

          Ал ендігі кезекте қазақ-жоңғар соғыстарға келер болсақ, 1635 жылғы соғыстан кейін бейбіт өмір ұзаққа созыла қоймады. 1640 жылы Тарбағатайда ойрат-жоңғар көсемдері өздеріне бауырлас халық, қалмақ-моңғол билеушілерімен  одақтасып, ортақ заң қабылдап, қарсыластарына соғысқа бірге аттануға, бірін-бірі қолдауға уәделеседі[2]. 

      Мұндай жағдайда қазақтарға да ішкі ынтымағын нығайта отырып, бауырлас түркі-мұсылман халықтармен жақындасу аса қажет еді. Заман үрдісін үғып, белсенді саясат жүргізген қайраткер, ел ынтымағын ойлап сан толғанған көсем Салқам Жәңгір хан даналық пен парасаттылық танытты.

       XVII ғасырдың 40 жылдарынан бастап қазақ-өзбек арасында берік достық одақ орнай бастады. Екі бауыр халық ортақ жауға күш біріктіреді. Сол уақыттан бастап қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек, түрікмен халықтарының саяси ынтымағы артып, бұрынғы кикілжің, ескі өштесу дегендердің бәрі ұмытылып, ортақ мүдде, татулық үстемдік етеді. Бұл саясатты орнықтыруда Екінші (Кіші) Жәнібек, Жәңгір хан үкіметтері, Алшын Жалаңтөс батырмен қатар Бұқар ханы Әбд әл-Әзиз бастаған бауырлас өзбек халқының көсемдері көп еңбек сіңірді[3].

          1643-1644 жылдардың қыс айларында жоңғарлар қазақ еліне тағы бір соғыс ашты. Біріккен ойрат күштерін тоқтатуға таңдаулы жасақпен Жәңгір сұлтан жау қолына қарсы аттанады. Жоңғар Алатауындағы шайқаста небәрі 600 адамнан тұратын Жәңгір сұлтан сарбаздары 50 мыңдык жоңғар әскерін тоқтатады. Бұл шайқас бүгінгі күнде тарихта «Орбұлақ шайқасы» атты атаумен белгілі. Жаудың жолын тосқан сарбаздар шатқалда жер қазып бекініп алдынала дайындалады. Жау әскері шатқалмен өте бергенде «жер астынан» пайда болған жауынгерлер оқ-дәрімен шайқасты бастайды. Шатқалдағы шайқаста жау қолы үлкен шығынға ұшырайды, Жәңгір сұлтан бастаған екінші жасақ шатқал аузына келіп, жауды қоршауға алады. Қоршау қаупінен сескенген жау шатқалдан шегініп қашып шығады. Бұл шайқаста Жәңгір сұлтан үлкен қолбасшы, батыл жауынгер ретінде танылып, даңқы одан ары асқақтай түсті[1].

       Жаудың бетін қайтару мақсатында қазақтардың Кіші немесе II Жәнібек ханы мен Жәңгір султан қырғыздармен және Бұхар хандығымен одақтасқан. 1643-1644 жж. соғыста Самаркан билеушісі Алшын Жалаңтөс батыр даңқы шықты. Қиыншылықты 1581 жылы 7 жасында бауырлас халық өзбек жұртына кетіп, сол жақта тәрбиеленіп, өскен шағында қуатты елбасшыға айналған Жалаңтөс батыр қазак пен өзбек және тағы да басқа Орта Азия халықтарының достығын нығайтуға күш салды. Туған елі жоңғар шапқыншылығына тап болған жағдайда 1643 жылы Жалаңтөс батыр 20 мың қол әскерімен Самарқаннан шығып, Жоңғар Алатауындағы Жәңгір сұлтанның әскерімен бірігіп, жаудың бетін қайтаруға көмектесті. Жалаңтөс батыр әскерлерінің соғыс аймағына жетуі жоңғарлар шегініп кетуге мәжбүр етеді. Бұл соғыс 1644 жылдың ортасында аяқталады. Осы шайқастан кейін көп ұзамай Жәнібек хан қайтыс болып, тақты Салқам Жәңгір хан иеленеді. Ол жоңғар хандығы тарапынан болатын жорықтарға тойтарыс беру үшін ол Шығыс Түркістандағы шағатай әулетінің, Мауреннахрдағы аштраханилер әулетінің билеушілерімен одақтар құру мақсатында бірнеше елшіліктер аттандырып, өзіне одақтастар табуға ұмтылады.

       Осыдан кейінгі 1652 жылғы шайқастың егжей-тегжейлі оқиғалары белгісіз. Бірақта осы жылғы шайқаста Салқам Жәңгір ханның қалмақтың жас батырының қолынан қаза тапқаны жайлы күмәнді қалмақ дерегі бар[3]. Бұл зерттеуді талап етеді. Салқам Жәңгір хан сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жанына жерленген. Салқам Жәңгір атанған Жәңгір ханның билік еткен жылдары ат үстінде, жоңғарлармен арпалысумен өткен[1].

         XVII ғ. 60-70 жж. қазақ пен калмақ арасында ірі соғыстар болмасада,  қазақтар Жетісу мен Шығыс Қазақстан иеліктерін жоңғарлардан, ал Сырдария алқабын бұкарлықтардан қорғауда қатты қиыншылықтар көреді. Қазақ иеліктерінің әсіресе жоңғарлар қысымынан тарыла түсуі мемлекет, қоғам жағдайымен байланысты болатын[4].

    Бұл кезде қазақтардың әскери күштері шашыраңкы жатса, жоңғар хандығында қонтайшы бұйрығымен ірі жорықтарға аз уақыт ішінде 60-100 мыңға жуық әскер жия алатын күш болған.   

        1680 жылы қазақ хандығының тағына Жәңгір ханның қалмақ әйелінен туған Тәуке билікке келеді. Тәуке хан билікке келісімен ішкі саясатта қазақ

қоғамындағы қатынастарды реттеу және дамыту мақсатында жаңа заңдар жинағын атақты билердің қатысуымен шығарды. Ол заңдар қазақ халқының ауыз әдебиетінде Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» деп аталады. Тәуке ханның реформаларына сай билер институтының рөлі артып, билер сот міндеттерімен қатар әкімшілік міндеттерді де атқарады. Сыртқы саясатта көрші елдермен сауда-саттық, елшілік қатынастарды күшейтті. Тәуке ханның билігі тұсында шығыстағы көрші Жоңғариямен қатынас күрделі болса да, олардың жорықтарына тойтарыс беріліп, қазақтар тарапынан жоңғарларға қарсы жорықтар жасалынып отырды. Тәуке хан тұсында билер мен батырлардың рөлі өседі. Тәуке ханға дейінгі қазақ қоғамындағы ішкі түрлі дағдарыстар мен Тәуке ханнан кейінгі қалыптасқан саяси бытыраңқылық жағдайды Тәуке хан билік құрған жылдармен салыстыра келе, тарихшылар ол кезеңді шартты түрде «алтын ғасыр» деп атайды.

      1715 жылы Тәуке ханның дүниеден өтуімен «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» классикалык мемлекет дәурені аяқталды.  Осы кезден бастап қазақ қоғамында саяси дағдарыстар белең алып, біртұтас Қазақ хандығы саяси бытыраңқылыққа ұшырайды да, үш жүзде жеке хандықтар пайда болады. Сөйтіп, Қазақ хандығының тарихында бір ғасырға созылған бытыраңқылық дәуір басталады[1].

      XVIII ғасыр қазақтардың «Елім-айлаған» ғасыры. Бұл кезде Қазак хаңдығының әскери-саяси қуаты төмендеп кетті.  Шоқан Уәлиханов ол ғасырды «қанды қырғын» , «жан түршігерлік» , «жаугершілік»  ғасыры деп атаған[3].

     1723 жылдың көктемінде қазақ еліне жоңғарлардың қалың қолы шабуыл жасады. Шапқыншылар еліміздің оңтүстік өңірлерінде бейбіт елді қырғынға ұшыратып, Түркістан, Сайрам, Ташкент қалаларын жаулап алды. Осы жылдары қазақтар шайқас даласында 100 мыңға жуык жауынгерлерінен айырылды, ал қорғансыз халықтың шығыны одан әлдеқайда көп болды. Қорғануға мұршасы келмеген ел, әсіресе, Талас, Боралдай, Арыс, Шыршык, Сырдария өзендері бойында көп қырылды. Тірі қалғандар ата мекенін тастап кетті. Тарихта бұрын соңды болып көрмеген алапат құбылыс - қазақ халқының үдере қашқан босқыншылығы туды. Ұлы жүз, Орта жүздін шағын бөлігі Сырға, Шыршық құятын тұстан сәл жоғары өткелден өтіп Ходжент, Самаркан иеліктеріне көшті. Кіші жүз Сауран каласынан айналып, Бұқара жақа қарай ауып кетті. Халықтың басым көпшілігі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Осы тұста халықтың жүрегінде мәңгі сақталған мұңға толы «Елім-ай» әні дүниеге келді. Жоңғар шапқыншылығынан күйзелген қазак жеріне Еділ бойы қалмақтары, Жайықтың казак-орысы, Орал башқұрттары, Қоқан бектері, Бұқар мен Хиуа хандары жан-жақтан шабуыл жасады[5]. Қазақ халқы қасіретті зардабы өте зор зұлматқа тап болып, жер бетінен ұлт ретінде жоқ болып кету қаупіне ұшырады. Қазақтар бұл апаттың сырын түсініп, ұрпағын қырғыннан аман алып калудың амалын іздеп қарманды.         

       Қазақ ұлтының перзенттері бардың басын қосып, халық бірікпей тірлік болмайтынын түсініп, Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Абылай, Әбілқайыр бастаған калың ел 1726 жылдың соңы мен 1727 жылдың басында жауға қарсы майдан ашты. Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында жоңғарларға мықты тойтарыс беріп, осы жылы Қаратауды жаудан қайтарып алды. Жоңғар басқыншылығына қарсы ірі шайкас, 1728 жылы алғаш Шұбартеңіз көлінің жағасында жоңғар әскеріне қарсы соққы берсе, 1729/30 жылғы атақты Аңырақай шайқасында жоңғарлар тағы да жеңіліп, қазақ әскерлері ойраттарды Жетісу жерінен куып шыкты. Сондықтан жоңғар басқыншылығына қарсы қазак халқы отан соғысының (1723-1750 жылдары) жеңіспен аяқталуына Аңырақай шайқасы қатты әсер етті[6].

       Ел тағдыры шешілген ауыр заманда ерте есейген қазақ батырлары «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретіне қарсы тұрып, айрықша болмысымен, ерен ерлігімен көзге түсті. Аңырақай шайқасына Әбілқайыр хан басшылық етті. Нақ осы шайқас оның саяси қызметінің шарықтау шыңы болды. Шайқасқа барлық үш жүздің жасақтары қатысты. Шайқас жекпе-жектен басталды. Жоңғарлар жағынан ортаға әскербасы, қоянқолтық ұрыстың асқан шебер жауынгері Шарыш шықты. Қазақтар жағынан жекпе-жекке 20 жасар Сабалак (Абылайдың бүркеншік аты) сұранып шықты. Абылай нақ осы жекпе-жекте Шарышты өлтіріп аты шықты[7].

     Осыдан кейінгі жылдары жоңғарлардың ынтымағы мен жалпы басшылықтың әлсірегенін жіті бақылап отырған қытай әскері 1755 жылы Жоңғарияға басып кіреді. Бұл кезде қазақ жері толық азат етілген болатын. 1756 және 1757 жылдары жоңғарларға қарсы жойқын жорықтар жасап, ойраттарды  бір жолата қырып салып, Жоңғар мемлекетін жойып жіберді. Сөйтіп, қазақ халқының 120 жылдан астам уакыт соғысуына тура келген шапқыншы көршісі жер бетінен біржолата жоқ болып кетті[8].

          Тұтас қазақ мемлекетінің үш жүзге бөлінуі, 1723-1726 жж. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», Кіші жүздің 1731 жылдан Ресейдің бодандығын қабылдауы дәстүрлі билік жүйесінің әлсіреуін тездетті, ұлттық идеяға жаңа мазмұн әкелді. Жоңғарияны жер бетінен жойып жіберген көршілес жатқан Қытайда Қазақстанға қысымын күшейте түсті, шығыстағы біраз жерді өзіне қаратып алды. Оны қытай әкімшілігінің 1757 жылы Абылай ханға жазған хатынан көре аламыз. Сол хатта кімнің кім екенін ашық жариялайды. «Егер сендерге моңғолға жасағандай ішкі жасақ тәртібін қолдансақ. - делінген хатта, - қысым көрсетіп тұр. Демек, бұрынғы қоғамдык салт-жүйелеріңде бола беріңдер... Ал сенің елшің бізге жеткізген: «Тарбағатай тегінде біздің байырғы жайлауымыз еді, сол жерді патша бізге берсе», - деген сөзге келсек, бұл жерлер жаңа ғана тыныштандырылған. Әлі йен жатқан өңір. Патша, әсілі ол жерді  сендерге қиып бере салушы еді, бірақ сендер бізге еңбек сіңірген жоқсыңдар» дейді.

          Қорытындылай келе қазақ тарихындағы жантүршігерлік әрі қанкешу XVIII ғасырдағы хандық биліктің ең осал тетігі мемлекеттік орталық баскару мен жергілікті өзін-өзі басқару арасындағы байланыс әрі бағыныштылықтың бұзылғанында жатыр.  

   Жоңғарлардың қазақтарға қарсы XVIII ғасырдың алғашкы жартысындағы - 1711, 1712, 1714, 1718, 1723-25, 1742 жылдардағы сұрапыл жорықтары қазақ халқының жаппай қырғынға ұшырап, босып кеткен жылдары «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен тарихта қалды. Қанша қырғынға ұшырап, есепсіз қайғы-қасіретті бастан кешіріп, милиондаған адамдарын құрбан еткен қазақ халқы өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігін сақтап қалды.

       Сабақтастық пен жаңа құбылыстар табиғи-ырғақты негізде және уақыт пен кеңістіктегі қажеттілікке сай заңдылықтар аясында өрілгенде тарихтағы, этнос болмысындағы, әсіресе рухани әлеміндегі тұтастықты бір дәуірден екінші дәуірге жалғайды. Әр дәуірдің өзіне лайық іштей жетілуі, жаңа құбылыстардың тереңдей түсуі, құрылымдық, өңірлік ерекшеліктерінің бедерленуі болатыны түсінікті жайт. Ендеше, XVII-XVIII ғасырлар межесінде хандықтың ішкі, сыртқы өмірі мейлінше күрделіленгендіктен бұдан бұрын да ел басқару жүйесін шектен тыс орталықтандырудан бас тартқан дала демократиясы қоғамның өзін-өзі басқаруын жаңа биікке көтерді. Егер үш жүзге бөліну қазақ қоғамының шын мағынасындағы әлсіздігін, іштей ыдырауын білдірсе, ол 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» төтеп бере алмас еді, қатерлі дұшпанға бірлесе тойтарыс беру идеясы төңірегіне топтала қоймас еді. XVIII ғасырда тәуелсіздігімізден, елдігімізден айрыла бастауымыздың құпиясы менің ойымша сұлтандардың жеке мүддесін басты орынға шығару және дер кезінде бірігіп, күш жинап үлгермеу, сонымен қатар әкімшілік саяси биліктің әлсірегені, көрші елдердің хандықтың ішкі саясатына араласуы, жаудың осыны пайдалануы және де ең басты себебі жаудың еуропалықтардың отты қаруын иеленгендігінде жатыр. 

 

 

                             

 

 

                                    Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

 

1. Кәрібаев Б. Қазақ хандары туралы зерттеулер (XV ғ. ортасы -  XVIII ғ. басы). -Алматы: Қазақ университеті, 2019.

2. Моисеев В.А. Казахи и Джунгарское ханство. XVII-XVIII вв. Алма-Ата, 1991.

3. Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Исин А.И. Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы. Алматы: «Сөздік-Словарь», 2011.

4. Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII веков: извлечения из персидских и тюркских сочинений //Сост.: С.К.Ибрагимов, Н.Н.Мингулов. К.А.Пищулина, В.П.Юдин. - Алма-Ата, 1969; Мухаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. - Алматы, 2003.

5. Султанов Т. И. Потомки Чингиз-хана. Поднятые на белой кошме. - Алматы. 2001. 

6. Едилханова С. Казахско-джунгарские взаимоотношения в XVII-XVIII вв. -Алматы, 2005.

7. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия / Бас редакторы Б.Аяған. Алматы, 2004; Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы, 2010.

8. Кәрімхан З.Т. / Ата жаумен арпалыс[Электронды ресурс] - URL: https://e-history.kz/kz/news/show/33763/?fbclid=IwAR1JPerwlvv7HhaGzV27AAVCgUCRDhoVZqFgju0gN9L8Ihqj3Wwp6Q-mGsU (қаралған күні: 22.11.2023).


Ұқсас тақырыптар

Хан батыр хонтайшы жорық соғыс

WhatsApp Telegram

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.