Қызыл сәуле

Әусек қызметтен түскеннен кейін: «Әй, түлей көзіңе қарап айдасайшы!» - дейтін шопырдан да айырылды. Аяғы «Зеңгірге» түссе, ала қашатын қайран ала өкпе машина күнде күркілдеп есігінің алдына келіп тұрушы еді... Иә... Жылы төсектен жұлып алып, құйрыққа бір тепкендей әуселе болды. Өзіне де обал жоқ, кеңсесіне кірмей, су кешіп, балық сүзіп, чекке қол қоймай қаңғып кетуші еді, шегіне жетті. Бәрінен де жеңгейдің: «Балықта басың қалғыр бақа, балағыңды түріп алып судан шықпай қойып едің, сауап болды!» - деп табалауы өтіп барады.

Шынында да жаңа ғана зам болып жан болғанда азаннан сазан қуып мазасы кетіп еді, жазасын тартып жалпағынан түсті. Тырсылдаған тоқ көңіл тасқа тиген топша секіріп осы кезде өзен бойлап жүруші еді, бұл күнде үзілген түймедей орнында жоқ.

Қонаққа шақырып көңілін елеген «балықшы» достары: «Басың аман болсын, балық та болады, байлық та болады»,- деп шығарып салған.

Жарым түннен асқан кез болуы керек, көшенің арқасы босап, бояу сатып тұрған кісідей тек светофор ғана қалыпты. Көңілі көпсіп, шекесі жіпсіген Әусек «күркілдек машинасына мініп алып» тартып кетті. Табаны тасқа тимей тартып келе жатқан күркілдек кілт тоқтады, қызыл сәуле жанып тұр екен. Әусек әдетінше әкеден бір қайырып алды да:

– Әй, түлей неме, көзіңе қарасайшы, отқа түсіп кете жаздадық қой,- деп күңк ете қалды.

Шопыр үнденген жоқ, жүріп кетті.

– Ауыздарыңа бірдеңе тисе, қатын-балаларыңды ұмытып кетесіңдер. Светофорды басып кете жаздадың ғой, есалаң өгіз. Көше тәртібін білмейтін балық екеш балық та су астында өздерінің көзіне қарап жүреді,- деп Әусек әлі барқылдап келеді.

Осындай қаптаған қызыл сәулелерге бөгеліп сүрініп-қабынып келе жатқан күркілдек машина қып-қызыл болып «өртеніп» тұрған светофорға соғылып «күл-талқаны» шықты. Анадай жерге ұшып түскен Әусек: «Қап, иттің баласы-ай, өлтірдің-ау»,- деп басын көтерді. Шопыр да жоқ, машина да жоқ, көрінген светофорға «шоқынып» манадан жаяу келе жатқаны енді есіне түсті. Машинадан түспей әбден жаман үйреніп кеткен ғой қайран қасқа.

Айналайын қиял-ай десейші, күркілдегін бүркілдетіп өмір-бақи мініп жүремін деп ойлаған да.


WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)