Ес білгелі Әлихан Бөкейхановтың біз үшін, қазақ үшін күрескен қайраткер екенін білеміз. Алаш аманатын арқалаған Бөкейханов – ұлттың азаттығын аңсаған, елдің ертеңі үшін күрескен, халқының болашағын өз тағдырынан биік қойған тарихи тұлға. Оның есімі қазақтың тәуелсіздікке ұмтылған тарихымен, ұлттық сананың оянуымен және қазақ баспасөзінің қалыптасуымен тығыз байланысты. Биыл Алаш көсемінің туғанына 160 жыл толып отыр. Осы айтулы күні Әлиханның ұлт алдындағы еңбегін еске алып қана қоймай, оның идеяларының бүгінгі қоғам үшін де маңызын түсінуіміз керек.
Әлихан Бөкейхановтың күрес жолын «Қазақ» газетінен бөліп қарастыру мүмкін емес. Өйткені бұл басылым жай ғана жаңалық тарататын газет емес, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, елді білімге, бірлікке және саяси сергектікке шақырған ұлттық мінбер болды. 1913 жылғы 2 ақпанда Орынбор қаласында алғашқы саны жарық көрген «Қазақ» газеті Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы бастаған ұлт зиялыларының қажырлы еңбегімен қалыптасты. Газет 1918 жылға дейін жарық көріп, сол кезеңдегі қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік, мәдени және экономикалық мәселелерін көтерді.
Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ» газетіндегі қызметі оның тек саяси қайраткер емес, терең ойлы публицист, сарапшы әрі халық тағдырына бейжай қарамаған журналист болғанын дәлелдейді. Тарихи зерттеулерде оның газет бетінде жарияланған мақалаларының саны жөнінде әртүрлі мәлімет кездескенімен, оның басылымның ең белсенді авторларының бірі болғаны анық. Ол көптеген мақаласын «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен жариялап, елдің саяси жағдайы, жер мәселесі, шаруашылық, білім мен ұлттық мүдде туралы өзекті ойларын ортаға салды.
Бұл мақалалардың тарихи маңызы – сол дәуірдің мәселелерін бүгінгі ұрпаққа жеткізуінде. Олардан біз қазақ зиялыларының ел тағдырына қатысты ойларын, отарлық саясатқа деген көзқарасын және халықтың құқығын қорғау жолындағы Бөкейхановтың «Қазақ» газетінде жарияланған «Үшінші Дума һәм қазақ», «Кабинет жеріндегі қазақтар», «Қазақтан солдат ала ма?» секілді мақалаларының өзі оның қай мәселелерге ерекше назар аударғанын аңғартады. Бұл еңбектерінде ол қазақ халқының патша үкіметі тұсындағы саяси жағдайын, жерге қатысты құқықтарын және ел болашағына әсер ететін шешімдерді талқылады. Мәселен, «Үшінші Дума һәм қазақ» тақырыбының өзі сол кезеңдегі мемлекеттік басқару жүйесінде қазақ халқының мүддесі қалай қорғалғаны туралы мәселенің маңызды болғанын көрсетеді. Ал жер мәселесіне арналған жазбалары арқылы Әлихан туған өлкенің байлығы мен аумағы халықтың болашағы үшін шешуші мәнге ие екенін ұғындыруға ұмтылысын көреміз. Демек, «Қазақ» газеті Әлихан үшін өз пікірін білдіретін басылым ғана емес, ұлттық мүддені қорғаудың, халықтың саяси сауатын арттырудың және жұртты ортақ мақсатқа жұмылдырудың құралы болды
Ол – ұлттың санасы үшін, жерінің тұтастығы үшін, болашақ ұрпақтың еркін өмірі үшін күрескен тұлға. Ал «Қазақ» газеті сол күрестің сөзбен өрілген тарихына айналды. Газет бетінде жарияланған әрбір мақаладағы көтерілген мәселе – халықты оятуға бағытталған еңбектің бір бөлігі.
АБДИРАМАНОВА Балым,
ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ Қанағат
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс студенттері.
Ғылыми жетекші:
фил. ғ. к., профессор-зерттеуші Р.С. Жақсылықбаева.

- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Омархан Айнұр
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі