«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ ЖƏНЕ ƏЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ
Ұлттың болашағы үшін күрес білімнен, бірліктен және халыққа шынайы ақпарат жеткізуденбасталады. Қазақ тарихында осы құндылықтарды ту еткен тұлғалардың бірі – Әлихан Бөкейханов. Ол – Алаш қозғалысының жетекшісі, қоғам қайраткері және қазақ халқының ұлттықмүддесін қорғауға үлес қосқан тарихи тұлға. Оның есімі ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Қазақ» газетімен тығыз байланысты.
1913 жылы 2 ақпанда Орынбор қаласында «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылымды ұйымдастыруға Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлықатысты. Газеттің алғашқы бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы болды. 1913–1918 жылдарыжарық көрген басылым қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік және мәдени өміріндегі маңызды мәселелерді көтерді.
Әлихан үшін баспасөз жай ғана жаңалық тарататын құрал болған жоқ. Ол газетті халықтың көзінашатын, қоғамдық пікір қалыптастыратын және елді маңызды мәселелерді талқылауға шақыратынкүш деп түсінді. Оның мақалаларында жер мәселесі, білім беру, шаруашылық, ұлттық мүдде және қазақ қоғамының болашағы туралы ойлар көрініс тапты.
Ол кезде халыққа білім мен ақпараттың қолжетімді болуы, жер мәселесінің шешілуі және ұлттықтілдің сақталуы ерекше маңызды еді. «Қазақ» газеті осы мәселелерді жұртшылыққа жеткізіп, оқырмандардың қоғамдық санасын қалыптастыруға ықпал етті. Оның беттерінде оқу-ағарту, жерді пайдалану, тіл мен әдебиет, әйелдердің қоғамдағы орны және саяси өзгерістер туралымақалалар жарияланды. Әсіресе жер мәселесі қазақ халқы үшін үлкен маңызға ие болды. Ә.Бөкейхановтың «Қыр баласы» бүркеншік атымен жазылған «Үшінші Дума һәм қазақ» мақаласында қазақ жерлерінің қоныстанушыларға берілуі заңдық тұрғыдан талданған. 1906–1912 жылдары алты миллион десятинадан астам жердің тартып алынғаны нақты деректермен көрсетілген. «Астрахан қазағының жері» мақаласында Астрахан қазақтарының жүз жылдан астамуақыт бойы сол жерде тұрғаны, үйлері мен бейіттері бар екені айтылып, жерді тартып алудың әділетсіздігі дәлелденген. Екі мақалада да жердің халықтың тіршілігі мен болашағына тікелей байланысты екені баса көрсетілген.
Жер – халықтың тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығының негізі ғана емес, болашақ ұрпақтың өмірімен де байланысты құндылық. Әлихан Бөкейханов осы мәселенің маңызын түсініп, қазақ халқының жерге қатысты құқықтарын қорғауға назар аударды.
Сонымен бірге ол білімді ұлт болудың басты шарты деп санады. Халықтың алға жылжуы үшін сауатты, білімді және өз ойын еркін жеткізе алатын ұрпақ қажет еді. Сондықтан «Қазақ» газетінде мектеп ашу, білім алу, ғылым үйрену және жастардың болашағы туралы мәселелер жиі көтерілді. Ә. Бөкейхановтың «Қазақ» газетіндегі «Қазақтың тарихы» мақаласында халықтың өзін-өзі сақтауы үшін білім мен тарихи сананың қажеттігі айтылған. «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ» деген ой арқылы білімді ұрпақ тәрбиелеудің маңызы көрсетілген.
Ал «Ұры тию» мақаласында қоғамдық мәселелерді шешу үшін халықтың сауаттылығы мен білімінің рөлі атап өтілген. Автор газетті жұрт болып қолдау арқылы білім таратуды ұсынып, мектеп ашу мен ғылым үйренудің ел болашағы үшін өзекті екенін баяндаған.
«Қазақ» газетінің тарихы Алаш қозғалысымен де тығыз байланысты. 1917 жылғы саяси өзгерістер кезеңінде басылымда ұлттық автономия, ел басқару және қазақ халқының болашағытуралы мәселелер талқыланды. Әлихан Бөкейханов пен оның серіктері халықтың ұлттық мүддесін қорғауға ұмтылды. Газет арқылы қоғамдағы маңызды мәселелер талқыланып, оқырмандардың ел тағдырына деген қызығушылығы артты. Бұл басылымның тарихи маңызы тек сол кезеңдегі оқиғаларды баяндаумен шектелмейді. Ол қазақ халқының ұлттық санасының өсуінежәне ұлттық журналистиканың дамуына ықпал еткен маңызды ақпарат көзі болды.
2026 жылы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 160 жыл толып отыр. Бұл – оның өмір жолын ескеалып қана қоймай, қазақ журналистикасының қалыптасуына қосқан үлесін тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін маңызды кезең.
Жалғамыс Алтынай
ҚазҰУ-дың 1 курс студенті
Ғылыми жетекшісі:фил.ғ.к,профессор Р.С.Жақсылықбаева

- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Омархан Айнұр
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі