Адал азамат
(Жолдорба асынған әке мен бала сахнаға шығады. Орындыққа келіп отырып, әкесі баласына ақша береді.)
Әкесі:
- Балам, анау су сатып отырған ападан салқын су алып келші.. Мә, мынадан басқа майда ақша жоқ екен.
Баласы:
- Мақұл, әке! (Ақшаны алып, жүгіріп шығып кетіп, су алып келеді. Әкесіне ақшаның қайтарымын беріп, өзі бір қолына тиындарды жасырып тұрады.)
Әкесі:
- А, әкелдің бе?! Жарайсың! Тоқта, аш алақаныңды! Не жасырып тұрсың?
(Баласы ыңғайсызданып, кібіртіктеп алақанын ашады. Қолында тиын болады.)
Әкесі:
- Су қанша теңге тұрады екен?
Бала:
- Бес жүз..
Әкесі:
- Сен маған 1500 теңге әкеліп бердің. Қолыңдағы қандай ақша?
(Бала үндемей, төмен қарап тұрады. Әкесі ашуланып көзіне қарайды.)
Әкесі:
- Сатушы шатасып, ақшаны артығымен беріп жіберді ме?
Бала:
- Ия..
Әкесі:
- Неге қайтарып бермедің?
(Бала үндемей жерге қарайды)
Әкесі:
- Балам, ақша адал жолмен келсе - абырой, арам жолмен келсе - ұрлық! Қазір қызығып қолыңа ұстап тұрған 200 теңге, алдыңа қазылған ор! Үнемі осылай оңай келген арам ақшаға бойың үйренсе, өміріңнен қиындық кетпейтін болады! Ауру-сырқау, бәле-жала үйір болады. Қазақ ондай адамды "Құдай ұрған адам!" - дейді. Адал адамның ұйқысы тыныш, өзі бақытты болады.
Бала:
- Әке, кешіріңізші..!
Әкесі:
- Кешірімді менен емес, сатушыдан сұра! Жәй сұрама, кешіргенше сұра!
(Бала қуанып сахнадан шығып кетеді. Сатушымен қайта шығады.)
Сатушы:
- Амансыз ба! Мына бала сіздің ұлыңыз ба?
Әкесі:
- Шүкір! Өзіңіз де сау-сәлемет жүрсіз бе? Ия, менің ұлым.
Сатушы:
- Жаңа байқамай артық беріп жіберген ақшамды қайыра алып келіп, кешірсем де кетпей жатыр.. Не деген адал бала өзі?!
Әкесі:
- Негізі, артық бергеніңізді біліп, әдейі алып кетіпті. Кейін қателігін түсініп, ар-ожданы мазалап жатыр біздің баланы... Расымен кешіресіз бе?
Сатушы:
- Не деген жақсы тәрбие беріп отырсыз?! Сіз секілді әкелер көп болсын! Ұлыңыз екі өмірде абыройыңызды асқақтататын бала болсын! Шын жүрегіммен кешірдім!
Әкесі:
- Сізге де мың рақмет! Саудаңыз берекелі болсын! Мұңсыз болыңыз!
(Сатушы қуанып кетіп қалады. Әкесі баласына күлімдеп қарайды.)
Әкесі:
- Көрдің бе, балам! Жаңағы 200 теңге екі минуттық ләззат сыйлап, өмір бойы санаңнан кетпейтін өкінішке айналар еді.. Ал мына алғыс - көңілге қуаныш, жүрекке қаншама тыныштық сыйлап жатыр?!
Бала:
- Әке, кешіріңізші..?! Сәл болмағанда сізді жаманатты қылар едім.. Мен үшін ұялатын едіңіз..
Әкесі:
- Балам, қателіктен қорықпа! Қателік - жақсылықтың, дамудың басы. Бір қателікті қайталай беруден қорық! Әр қателіктен сабақ ал! Тек жақсылыққа бет бұр!
Баласы:
- Мақұл, әкешім! Бұдан былай нәпсіме ермеуге сөз берем! Сіз секілді әкем болғанына қуанамын, әрі сізді мақтан тұтамын!
Әкесі:
- Жә, балам! Адамды мақтасаң - тәкаппарлығы өседі, амалын мақтасаң - жақсы амалы көбейеді. Бей-берекет мақтай берме! Жүрейік?!
(Екеуі сахнадан кетеді. Кейін үшеуі бірге шығып, көрерменге сәл ғана бастарын иіп, тағзым етеді.)
Соңы.
Гүлмекен Қасенбайқызы
11.11.2026

- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Али Акбар Деһхода
- Али Акбар Деһхода
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі