Өлең, жыр, ақындар

Өнердің күші

Бұрынғы өткен заманда Хасен  деген патшаның жалғыз ұлы болыпты. Баласы Ыдырыс ел аралап жүріп, Сәтбай деген бір диқанның сұлу қызына ғашық болған екен. Қыздың аты Дүрия екен. Бір күні Ыдырыс қыздың әкесіне сөз салып, кісі жіберіпті. Сәтбай:

         — Қызым барса да, бармаса да өзі біледі депті.

Сонан соң Ыдырыс Сәтбай қарттың үйіне өзі келіп, Дүрия қызға өзінің ойын айтыпты. Сонда Дүрия:

          — Сен болсаң патшаның ұлысың, мен болсам диқанның қызымын, оны ойладың ба? – депті.

         — Неге ойланбайын, Дүрия, ойландым. Он ойланып, жүз толғанып келіп отырмын алдыңа,– дейді Ыдырыс.

         Дүрия   ойланып:

         — Қандай өнерің бар еді? – деп сұрайды.

         — Ешқандай өнерім жоқ, – дейді Ыдырыс.

         — Өнерсізге үміт арту қиын, үмітіңді үз де, жолыңды тап, жігітім, – депті. Сонда Ыдырыс тұрып:

         — Дүрияжан, неге олай дейсің, мен жақында патша боламын ғой, патша болған адамға өнердің қанша керегі бар?! – дейді.

         — Жоқ, жігітім, олай деме, бүгін патшасың, ертең кім боларыңа көзің жете ме? Өнерсіздің өкініші - көп, өнерлі өрмелеп өрге шығады,  өнерсіздік ойға опық, бойға қорлық емес пе?

Қыз сөзіне намыстанған Ыдырыс патша сарайына келіп, әкесіне болған жайды айтады. Хасен патша қол астындағы барлық шеберлерді шақыртып алып, осы балама бір өнер үйретіп бергендеріңе қанша уақыт керек? – деп сұрапты. Өнершілердің әрқайсысы әр түрлі жауап беріпті. Біреулері бір жыл керек, енді біреулері алты ай керек, үш ай керек деп шуласып тұрғанда, басына жүннен қалпақ киген Тоқтыбай деген бір өнерші шал:

         — Балаға он бес күнде өнер үйретіп шығаруға болады, – дейді. Патша баласын Тоқтыбайға тапсырады. Он бес күннің ішінде Ыдырыс Тоқтыбайдан қалпақ басуды үйреніп шығады. Хасен патша баласына:

         — Қасыңа бірнеше кісі ертіп, Сәтбай қарттың үйіне барып, құда түсіп, қызға өнеріңді көрсетіп қайт, көңілі хош болсын, – дейді. Ыдырыс диқан Сәтбай қартқа барып, келісіп, қызы Дүрияны алып, үлкен той жасайды. Дүрия сұлу да, зейінді еді. Патшаның үйіне келін болып түскен соң, Ыдырысқа:      

         — Енді өнеріңді көрсет? – дейді. Ыдырыс сайман-әбзелдерін тауып алып, жүннен бір жақсы қалпақ басып, Дүрияға әкеп көрсетеді.

         — Мұның да жақсы өнер екен, енді екеуіміз ешкім білмейтін бір қосымша жасайық, – депті.

         Сонда Ыдырыс:

         — Ол не қосымша? – деп сұрайды.

         — Қалпақты басқанда жиегіне басқа жүннен әріпке ұксас өрнектер шегеміз, бір әріп бір сөздің балауы болсын, оны екеумізден басқа ешбір жан білмейтін болсын, «Сақтықта қорлық жоқ» деген, түбі – бұл бізге керек оқу, – дейді Дүрия. Сөйтіп, олар екеуіне ортақ өнер тапты.

         Үш ай ауырғаннан кейін Хасен патша дүние салды. Ыдырыс әкесінің орнына таққа отырды. Ата-енесін бала-шағасымен қасына көшіріп алды. Ол халыққа тыныш, жағымды патша болыпты. Күндерде бір күн халықтың хал-жағдайын білмек болып, патша үстіне жаман киім киіп, ел аралапты.

         Бір қаланы аралап келе жатса, түтін шыққан шеткі үйден бір қоңырсыған иіс мұрнына келе беріпті. Тәуір тамақ пісіріп жатса керек, неде болса кірейін деп, сол үйге қарай бұрылған екен. Үйге кіріп келсе белдемше киінген төрт адам отыр. Ыдырыс сәлем бергеннен кейін төртеуі бір-біріне қарап, оның көзінше қырын тұрған бір адамды зынданға салып, сыртынан тарс бекітіпті. Байқаса, адамды сойып, етінен түрлі тамақ жасап, базарға сатады екен. Жаңағы төртеуі қайта келіп, өзара сөйлеседі де зынданға қарай Ыдырысты сүйреп ала жөнеледі. Зынданға кірсе өзінен басқа екі адам бар екен, оларда зәре жоқ.

         — Бұл не пәле? – деп сұрап еді, Ыдырыс отырған адамның бірі жылайды, бірі күледі. Бұларға таң қалған Ыдырыс:

         — Сен неге жылайсың, сен неге күлесің? – дейді.

         Жылаған адам айтады:

         — Мені бүгін түнде соймақшы еді, ажал сағатым тақаған сайын жүрек дір-дір етеді, соған қорыққанымнан жылаймын, – депті.

         Күлген адам:

         — Менің аз да болса бір күндік өмірім бар, соған қуанғанымнан күлемін. Бізден гөрі семіздеу екенсің, мүмкін, бізді тағы бір күн қоя тұрып, сені сояр, – дейді. Мұны естіген Ыдырыста зәре-құт қалмайды. Үрейленген Ыдырыс бұл пәледен қалай құтылудың амалын таба алмай, көп ойланып, дал болады. Сол мезетте оның ойына Дүрияның үйреткен өнері түседі.

         Сөйтіп тұрғанда, төрт аспаз келіп, Ыдырысты зынданнан шығарып алып:

         — Сені бүгін соямыз, – дейді. Жүрегі ұшып, дірілдеген Ыдырыс:

         — Сендер мені соймаңдар, мен сендерге көп пайда келтіремін.

         — Не пайда келтіресің, айт!

         — Менің айтқанымды істеп, керекті әбзелдерімді кешіктірмей тауып бересіңдер, сонан соң менің шебер қолымнан өрнектеліп тігілген әдемі бөрікті патшаның әйеліне ұсынасыңдар, ол сөзге келмей екі мың ділда береді. Аспазшылар Ыдырыстың айтқанын қылып, жүні мен әбзелдерін түгел тауып әкеп береді. Үш-төрт күн өткеннен кейін бөрік те дайын болады. Бөріктің жиегіне Ыдырыс Дүрия үйреткен әріптерден өрнек салған еді. Қалыпқа басқан әдемі бөрікті қуана-қуана алған екі аспазшы атқа мініп, патшаның сарайына барады. Сарайға аттарын байлап, уәзірлерден рұқсат алып, патшаның әйеліне бөрікті ұсынады. Дүрия бөрікті қолына алып, айналдыра қарап өрнектелген әріптерін ішінен оқып шықты да:

         — Бұл бөріктің бағасына не сұрайсыңдар? – дейді.

         — Екі мың ділда, – дейді аспаздың біреуі.

         — Жарайды мен ділда алып келгенше кідіре тұрыңыздар, – дейді де Дүрия далаға шығып:

         — 40 нөкер қару-жарағымен дайын тұрсын! – деп жарлық етеді уәзірлеріне. Дүрия екі мың ділданы алып, үйге кіріп, екі адамның қолына береді. Олар ділданы алып, бек қуанып, аттарына мініп үйлеріне қайтады. Дүрия да атқа мініп, нөкерлерімен кеткен екі адамның соңынан қарасын үзбей жүріп отырады. Екі адам қораға келіп кірісімен, нөкерлер қораны айнала қоршап алады. Дүрия бірнеше адамдарымен ішке кіріп: «Бұл үйде тірі жан болса, түгел шықсын!» – деп айғай салады. Ішіндегілердің бәрі де тысқа шығады. Қора маңына жиналған қала адамдары да тамашалап қарап тұрады. Аспаздың екеуі сол арада өзіне-өзі пышақ салып өледі, қалған екеуін нөкерлер тірідей қолға түсіреді. Ыдырыс шықпаған соң, Дүрия зынданның кілтің тауып алып, бір-екі нөкерін ертіп, зынданда жатқан Ыдырысты аман-есен шығарып алады. Есін жиған Ыдырыс патша Дүрияны көріп қуанып, аяғына бас иеді. Сонда Дүрия күліп, Ыдырысқа: «Өнердің күші деген міне осы, бұл өнерді үйренбесең, осы үйде өлімге тап болатын едің», – дейді.

         Үйдің ішін түгел аралап, тінтіп шыққан нөкерлер сойылған адамдардың киімдері мен аспаздар тыққан ақшаларын тауып алады. Жиналған жұрттың тілегі бойынша Ыдырыс патша тірі қалған екі аспазды көп алдында дарға асқызып өлтіртіпті. Табылған нәрселерді жұртқа үлестіріп, Ыдырыс патша, Дүрия, нөкерлерімен аман-есен үйіне қайтады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Байеубкеова Гульстан

Керемет рахмет

Байкубекова Гульстан

Рахмет оқыдым керемет

Амина

Бұл Bilim all парақшасы өте күшті

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз