- Қызың ұйықтап қалды ма? - деді Ерекең әйеліне қарап. - Шығарма жұмысын жазып берші деп еді.
- Не шығарма? - деді әйелі.
- "XXI ғасыр отбасысының өзіне тән сипаты" деген тақырыпта шығарма жұмысын жазып келіңдер депті ғой. - Сен жазшы, - деді Ерекең, - мен айтып отырайын.
Әйелі қалам-қағазын дайындап отырды.
Ерекең қолын артына ұстап бөлме ішінде әрлі-берлі жүрді. Сосын:
- Не жазамыз? - деді әйеліне қарап.
- Қайдан білейін? - деді әйелі.
- Ал жаз онда, - деді Ерекең. - XXI ғасырда отбасы одан әрі күрделене түседі.
- Өзі де күрделеніп келе жатыр ғой, - деді әйелі.
- XXI ғасыр отбасысының өзіне тән ерекшеліктері бар. Бұл - бұрынғы заман отбасыларына мүлде ұқсамайтын жаңа сипаттағы отбасы.
Ерекең енді осыған не жазсақ екен деп иегін уқалап ойланып қалды.
- Жаңа жолдан бастап жаз, - деді сосын әйеліне. - XXI ғасыр отбасысының өзіне тән сипаттарының бірі - отбасының негізі екі адамнан құралады, - деді Ерекең.
- Олар ер және әйел деп аталады.
- Әкесі-ау, бұл не дегенің? - деді әйелі Ерекеңе наразы кейіппен қарап. - Қай заманда да отбасы әйел мен еркектің бас қосуынан тұрмай ма?
- Тұра берсін, - деді Ерекең. - Бұл жерде әңгіме XXI ғасырдың отбасысы жайында болып тұр ғой. Бұрынғы заманның отбасыларында не шаруамыз бар. Сондықтан жаза берсейші.
- XX ғасырдың аяғында, - деді Ерекең даусын соза түсіп, - әйел мен ер адамның құқығын теңестіру ісі толық аяқталып біткен еді. Ендігі жерде XXI ғасыр әйел азаматшаларға зор сеніммен қарап, оларға міндет жүктей алды. Сондай ұлы міндеттердің бірі - өмірге бала алып келу міндеті еді. Себебі жаңа технологиялық әдіс-тәсілдермен қаруланған ұстаздардың алдына бала беру ісі XXI ғасыр қоғамындағы маңызды мақсаттардың қатарынан саналды.
- Әкесі-ау, - деді тағы да Ерекеңнің әйелі шыр ете түсіп. - қай заманда да баланы өмірге алып келетін әйелдер емес пе? Бала болмаса, бәріміз қайдан шықтық?
- Жаза берсейші, неғыласың? - деді Ерекең. - Әрі қарай жаз.
- Осынау ұлы міндетті, - деді Ерекең, - әйелдеріміз аса зор жауапкершілікпен атқара бастады. Осының арқасында жаңа мектептер бой көтерді, олар заманға сай оқыту құралдарымен жабдықталды, ұстаздарымыздың жалақысы артты, ізденістері жоғарылады. Біз бұл жерде қоғамның жүгін көтеруде әйел-аналардың еңбегі ұшан-теңіз екендігін білеміз. Олар бұл міндетті қоғамдық қызметімен қатар ұштастыра алды.
Бұл XXI ғасыр отбасысында өмір сүретін әйел-аналарға тән қасиет болып отыр. Отбасы құндылығы кеміген жоқ.
- Жаңа жолдан бастап жаз, - деді Ерекең әйеліне. - XXI ғасыр отбасысы балаларының өзіне тән ерекшеліктерінің бірі - олар өмірге титімдей-титімдей болып келеді.
- Әкесі-ау, - деді әйелі тағы да наразы үнмен, - бала дегеннің өзі өмірге қашаннан-ақ кішкентай болып келмей ме?
- Жаза бер, - деді Ерекең. - Сонымен не дедік? "XXI ғасыр отбасысы балаларының өзіне тән ерекшеліктерінің бірі - олар өмірге титімдей-титімдей болып келеді" дедік пе? Ендеше, әрі қарай жаз. Балалар әр жыл сайын белгілі бір жасқа толып отырады. Осы кезде XXI ғасырдың ата-аналары өсу кезеңіндегі жас пен жастың арасында нендей жұмыстардың атқарылғандығы туралы елге есеп береді. Бұрышы бар үстелдер ұйымдастырылып, тағамдар тартылады, алдағы міндеттер сараланады. Жиын қонақтары тілек айтып тарқасады. Бұдан бұрын да "Бала - біздің болашағымыз" деген сөз айтылса, ендігі жерде XXI ғасыр адамдары бұл сөзді "Бала - біздің бақытты болашағымыз" деп нық сеніммен айта алды.
XXI ғасыр отбасысы өзара тату бірліктегі отбасы болып табылады және ол сонымен қатар өзі секілді өзге отбасылармен де татулықта өмір сүруге ұмтылады. Мұндай татулық пен тыныштықты сипаттайтын "қой үстіне бозторғай жұмыртқалау" деген тұрақты сөз тіркесін еске түсірелік. Біз, XXI ғасыр адамдары, ендігі жерде қой немесе қой үстіндегі жүн туралы әңгіме қозғап отыра алмаймыз. Сондықтан XXI ғасыр бозторғайларына қойылатын талап та жоғары болмақ.
XXI ғасыр отбасысы - өзінің ішкі саясатын бірден-бір дербес жүргізе алатын, қарттардың араласуын қажет етпейтін отбасы. Жаңа ғасыр отбасысында әйел мен ер адамның өзара сыйластық қарым-қатынасында, ата-ананың балаға деген қарым-қатынасында, оларды тәрбиелеп өсіруде, еркелету, ат қою, тағы да басқа жағдайларда негізінен өркенді деп танылған елдердің құндылықтары негізге алынып отырады.
XXI ғасыр отбасысы ажыраспайды, ал жұбайлар арасына салқындық жүгірген жағдайда тараптар өзара бітісуге ұмтылады. Бітістіру қызметін жаңа заман техникасы атқара алады. XXI ғасыр техникасы - дәстүрлі отбасына тән қариялар қызметін алмастыра алатын бірден-бір құрал.
- Қорыта келгенде, - деді Ерекең. - XXI ғасыр отбасысы жаңа заманға тән бейімделіп өмір сүре алатын, айрықша сипаттағы қоғамдық институт болып табылмақ.
- Осыны апарып қызыңның сөмкесінің жанына қоя ғой, - деді Ерекең. - Таңертең өзі салып алып кетер.
Ертеңіне қызы:
- Әке, "өте жақсы" деген баға қойылды деді жайраңдап.
Ерекең қызына күлімсірей қарады:
- Әй, қызым-ай, XXI ғасырдың қызы деген сен ғой...
Қызы жымиды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі