Өлең, жыр, ақындар

Тілдерді меңгеру және оның пайдасы

Замануи қоғамда балалық шақта шет тілін үйренуге қатысты ойға қонымды, біржақты пікір жоқ. Әдетте шет тілін бала кезден үйрену керек деген қағида баланың миын артық ақпаратпен «жүктеудің» қажеті жоқ деген пікірмен тұспа-тұс келіп жатады. Екі жақтың пікірі қандай болса да, бұл процесстің қарапайым және нақты медициналық аспектілері бар.

Осы саладағы заманауи ғылыми зерттеулердің статистикалық мәліметтері кішкентай кезден бірнеше тілді меңгерудің пайдалы жағы бар екенін дәлелдейді. Және, ең алдымен, медициналық көрсеткіштер жағынан пайдалы екені дәлелденген. Билингв балалар қартайған шағында миларын әлдеқайда тиімді пайдаланады және когнитивтік ауытқушылықтарға ұрыну қауіптілігі төмен болатыны анықталған.

Тілдерді меңгеру миға пайдалы

Жас ұлғайған сайын миымыздың жоспарлау, графиктер тұрғызу және есептеу сияқты қиын тапсырмаларды орындау, сонымен қатар таныс емес ортаға және жағдайларға ыңғайлану қабілеті біртіндеп төмендей бастайтыны жасырын емес. Жақында, ми мен жүйке жүйесін зерттейтін бүкіләлемдегі қырық мыңға жуық дәрігерлер мен ғалымдарды қамтитын «Нейроғылыми Қауымдастықтың» (SfN) ресми басылымында ауқымды зерттеу нәтижелері жарияланды. Магниттік-резонанстық томография (МРТ) арқылы 60 пен 68 жас аралығындағы қарт адамдарды тест жұмыстарын орындау барысында миларын сканерлеу жүргізілді. Тест үш қарапайым тапсырмадан тұрды. Бірінші тапсырмада қатысушылар берілген пішін домалақ немесе шаршы екенін анықтаулары керек болды, екіншісі бірнеше заттың түсін анықтаудан тұрды, ал үшіншісі екі тапсырманың қосындысы болған. Қатысушылар кезекпен екі түрлі бағыттағы шешімдерді қабылдаулары керек болған соң (түсі және пішіні бойынша), ғалымдар мұндай тест түрлерін «ауыспалы тапсырмалар» деп атайды.

Зерттеуге қатысқандардың дерлігі екі тапсырманы тез орындап, ауыспалы тапсырмаларға келгенде кідіріп қалған. Бірақ бала кезінен екі тілде сөйлеп келе жатқан қатысушылар, бір тілді меңгергендерге қарағанда ауыспалы тапсырмаларды тезірек орындаған. Демек олар миын барынша тиімді пайдаланып жүр деген сөз.

Тілдерді меңгеру мидың әрқилылығын дамытады

Ғалымдар мидың бір тілден екінші тілге ауысумен байланысқан аймағы, мидың бір тапсырмадан екінші тапсырмаға ауысатын аймағымен байланысты екенін айтады. Осылайша, кішкентай кезден бір тілден екінші тілге ауысу жиі болатын болса, бұл әрқилы тапсырмаларға тез ауысумен байланысты мидың аймағын жаттықтырады.

Торонтодағы Йорк университетінің психологтары жүргізген тағы бір зерттеуде Альцгеймер ауруымен ауыратын бес жүзге жуық егде жастағы адамдарды тексерді. Зерттеуге қатысушылардың тең жартысы билингвтер болған. Екі тілді пациенттерде, бір тілді меңгерген пациенттерге қарағанда ауру белгілері бес жылға кейіндеу біліне бастаған.

Таңғаларлығы, Альцгеймер ауруымен ауыратын адамдардың компьютерлік томографиясы, екі тілді пациенттерде аурудың клиникалық жағдайы әлдеқайда жақсы екені анықталған.

Бұл феноменді түсіндіру үшін зерттеушілерге әлі де біраз тәжірибелер мен эксперименттер жасау керегі рас. Бірақ миды жаттықтыру, зейінді тез ауыстыруды талап ететін қиын тапсырмаларды орындау қартайғанда жақсы қызмет ете алатыны, мидың өнімділігін және әрқилылығын арттыратыны қазірдің өзінде белгілі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз