Өлең, жыр, ақындар

Мұғалімнің қулығы

Бір әңгімеде мұғалімнің қулығы жайында айтылады. Онда сыныпқа кіріп сабаққа қатысқан директор сыныптан таңданып шығады. Себебі сынып тым белсенді болып кеткен еді. Анығында бұл сынып мектептегі ең енжар сынып болатын. Ал бүгінгі сабақ үстінде олар жүз пайыз қол көтеруден бір танған жоқ. "Ағай, мен айтайын! Мен айтайын!" Және мұғалім "ал, қане, айтып жібере ғой" деген оқушы орнынан тұрып сұрақтың жауабын айтып жіберіп жатыр. Директорды таңдандырған осы жағдай. Бәрін қойшы, ең алдымен, сынып неғып белсенді болып кеткен? Олар неғып қандай сұрақ қойылса да, бәрі түгел қол көтергіш болып алды? Оларға мұндай білімдарлық қайдан келе қалды? Директор осы сұрақтардың жауабын таба алмай басы қатады. Сөйтсе, гәп мұғалімде екен. Мектеп директорының өзінің сабағына кіргелі тұрғанын 5 минут бұрын ғана білген мұғалім дереу сыныпқа жүгіріп келеді де, былай дейді:

"Балалар, қазір сабаққа директор кіреді. Сендер мен қандай сұрақ қойсам да, білсеңдер де, білмесеңдер де, қол көтере беріңдер. Тек мен кімнің біліп, кімнің білмей отырғанын аңғаруым үшін, білетіндерің оң қолдарыңды, білмейтіндерің сол қолдарыңды көтеріңдер".

Анығында қулықтың бәрі үнемі осылай өтіп кете бермейді ғой. Мысалы, мына сабақта...

Мұғалім сабақ өтіп жатыр. Сыныпта мұғалім мен оқушылардан басқа да сабаққа қатысып отырған адамдар бар. Ұстаз үй тапсырмасын тақырыпшаларға бөліп сұрай бастайды. Алдыңғы екі тақырыпша бойынша, тиянақты жауап алынады. Осыған көңілденген мұғалім: "Балалар, келесі тақырыпша қандай еді?" - дей бергені сол еді, алдыңғы партада отырған ұл бала ұшып түрегеледі де тақтаға шығады.

Сыныптағылар аң-таң. Сөйтсе, мұғалім қулық жасап, осы баланы үшінші тақырыпшаны айтуға дайындап қойған екен. Мұғалім "Балалар, келесі тақырыпша қандай еді?" дегеннен кейін, балалар тақырыпшаның атын айту керек еді де, мұғалім сонан соң барып қана: "Қане, осы тақырыпша жөнінде кім сөйлейді?" - деген сияқты бірдеңе айту керек болатын. Оқушы содан кейін барып қана "мен айтайын" деп қолын көтеруі керек еді. Бірақ өзіне жүктелген тапсырмадан қатты қобалжып отырған шәкірт мұғалімнің: "Балалар, келесі тақырыпша қандай еді?" - деген сөзінен кейін-ақ, тапсырмамды ертерек айтып құтыла берейін деп, тақтаға қарай ұмтыла берсе керек.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз